Туризм • 26 Шілде, 2021

Пандемия: Әлемдік туризмнің жаңа сипаты

3910 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Демалыс маусымының екінші айы да аяқталып келеді. Әдетте туристерге лық толы болатын жағажайлар мен қонақүйлер бұрынғы қарбалас тіршілікке әлі де қайтып оралған жоқ. Десе де пандемия кезінде экономикасы күрделі қиындыққа тап болған елдер әлемдегі ахуалға қарамастан, саяхатшылардың келуіне тыйым сала алмай отыр. Себебі туризм саласының жоғалтқаны көп.

Пандемия: Әлемдік туризмнің жаңа сипаты

Жақында БҰҰ жариялаған баяндамада пандемияның туризм саласына және әлем экономикасына келтірген зияны тағы бір рет өлшенген екен. Мамандар туризм секторына байланған экономикалар үшін бұл өте ауыр соққы болғанын айтады. Індетке дейінгі уақытпен салыстырғанда 2020 жылы халықаралық туристердің саны 74 пайызға азайған (Дүниежүзілік туризм ұйымы). Ал дамушы елдерге келетін саяхатшылар саны 80-90 пайызға дейін түскен.

Үміт күткен 2021 жылдың басында жағдай өзгере қойған жоқ. Әлем бойынша туристердің саны пандемияға дейінгі кезеңге қарағанда 88 пайызға төмендеген. Жаз бен күз айларында жағдай сәл жақсарған. Әсіресе жергілікті туризм сұранысқа көбірек ие бола бастаған. Дегенмен сарапшылар туризм секторының құлдырауы өзге де салаларға тікелей әсер ететінін айтып отыр. Мәселен, жұмыс күші мен капитал толық пайдаланылмай қалды, ал кейбір тауарлар мен қызметтерге сұраныстың болмауы көптеген саланың дамуына теріс әсер етті.

Дүниежүзілік туризм ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемдегі барлық ел дерлік саяхатқа шектеу енгізген. Соның салдарынан халықаралық туризм 2020 жылдың сәуір-мамыр айларында толығымен тоқтап қалған. Ең көп зардап шеккен аймақтар қатарында Солтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Океания, Солтүстік Африка мен Оңтүстік Азия бар. Ал ең аз зардап шеккен аймақтар – Солтүстік Америка, Батыс Еуропа мен Кариб теңізі. Бұл туризм саласындағы қиындықтар ең алдымен дамушы елдердің қалтасын қағып, соларға көбірек кесірін тигізгенін көрсетеді. Ал сарапшылар пандемияға дейінгі көрсеткішке кемінде 2023 жылға дейін қайта келмейтінімізді алға тартады. Сауалдамаға қатысқан мамандардың жартысы туризм саласы тек 2024 жылы немесе одан кейін оңалады деп болжаған.

2020 жылдың шілде айында БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы пандемияның туризм секторына және онымен байланысты салаларға экономикалық әсерін үш түрлі сценарий бойынша есептеп көрген. Ол бойынша 12 айға созылатын қатаң шаралар 3,3 трлн доллар шығын әкелуі мүмкін делінген. Әйткенмен, мамандардың ең қорқынышты болжамы келген: бірнеше бақылаушы халықаралық саяхат 12 айдан кейін де төмен болады дегенді айтқан. Жалпы, туризмнен келетін табыстан бөлек, бос қалған жұмыс күші мен капиталды не істейміз деген тағы бір мәселе туындады.  Бос ұшақтар, круиздік кемелер мен қонақүйлерді басқа мақсатқа қолдана алмайсың, ал саладағы қызметкерлерге басқа жұмыс табу тіпті қиын. 

Дүниежүзілік туризм ұйымы 2021 жылы туризмнің дамуына тағы үш түрлі болжам ұсынып отыр. Біріншісі – былтырғы жағдайдың қайталануы, яғни туристер саны әлі де аз болмақ.  Орта есеппен саяхатшылар саны 74 пайызға қысқарады, әр елде түрлі деңгейде. Екінші сценарий бойынша келушілер саны 2019 жылмен салыстырғанда орта есеппен 63 пайызға төмендейді, мұны ұйым жағымды нәтиже деп есептейді. Ал үшінші жағдайда елдердегі вакциналау деңгейі басты рөл атқармақ. Болжам бойынша, вакциналау деңгейі төмен елдерде туристер саны 75 пайызға төмендейді, ал халқының көбі екпе салдырған мемлекеттерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары – 37 пайыз болады. Мамыр айының соңында тұрғындардың 50 пайызы егілген 55 ел тіркелген.  Оған АҚШ, Италия, Франция және Испания секілді басты туристік бағыттар мен өзге де елдер кіреді. 

БҰҰ-ның есебі бойынша 2020-2021 жылдары бүкіл әлемде халықаралық туризмнің құлдырауы 4 триллион доллардан астам экономикалық шығын әкелген екен. Бұл күрделі жағдайдың бар ауыртпалығы дамушы елдерге түскенін айта кеткен жөн.

Вакциналау деңгейі жоғары елдерде туризм оңала бастайды деген болжамның әзірге қалай орындалатынын айту қиын. Қазір індеттің беті қайтты деген мемлекеттер қайта қатаң шаралар енгізе бастады. Жақында Испанияның туризм секторы қайта тығырыққа тірелгені белгілі болды. Елде індет жұқтырғандар саны артқанын ескерген билік қайта қатаң шаралар енгізе бастады, ал алдын ала демалысын жоспарлап қойған шетелдік туристер үшін бұл кедергі келтіріп тұр. Сол себепті Испанияның демалыс орындарының жағдайы тағы да қиындады. Франция мен Нидерланд үкіметі тұрғындарға Испанияға сапар шегуден бас тартуды ұсынған. Ал Ұлыбритания бұл аймақты қауіпті деп санап, келген жолаушыларды карантинде ұстайтындарын жеткізді. Осылайша, Испанияға саяхаттағысы келген азаматтар біраз кедергіге тап болайын деп тұр. Ел билігі індеттің 20-29-дағы жастардың арасында кең таралып жатқанын айтады. Дегенмен былтырғымен салыстырғанда өлім саны әлдеқайда аз.

Жақында ғана індеттен қатты зардап шеккен Үндістанның таулы аймақтары да қайта турист қабылдауға дайын екенін жеткізген. Аптап ыстықтан қашқан тұрғындар таудағы демалыс орындарына ағыла бастады. Ал үкімет үшінші толқынмен қорқытуда. Сарапшылар бұлай жалғаса берсе, эпидемиялық ахуал тағы күрт өршуі мүмкін деген пікірде. Онсыз да Үндістанның жоғалтқаны көп. Туризм секторындағы бизнес өкілдері мемлекеттің қолдауымен күн көріп отыр.

Индонезия үкіметі туристер үшін ең тартымды жерлердің бірі – Бали аралын шетелдіктер үшін кейінірек ашатынын мәлімдеді. Билік өкілдері елдегі жағдайдың тұрақталғанын күтетіндігін алға тартты.

Вирус жұқтырғандардың көбейгеніне қарамастан, туризмді тоқтатпаған елдер де көп. Мәселен, Тай аралдарының бірі – Пхукет шетелдік туристерге ашық. Әлбетте вакцина алғандар үшін саяхаттау жеңіл өтпек, алайда бір елдің вакцина паспортын басқа ел қабылдай бермейді. Мұндай жағдайда шетелді аңсаған туристер бірнеше рет тест тапсыруға дайын болулары керек. Бұл постпандемия кезеңіндегі саяхаттың ажырамас бөлігіне айналды.

Туристерді құшақ жая қарсы алған елдердің қатарында Түркия бар. Экономикасы туризм саласына қарап отырған аймақтың басқа амалы жоқ. Жергілікті БАҚ Құрбан айт мейрамынан кейін індет жұқтырғандар саны арта бастағанын айтып, дабыл қаға бастады. Денсаулық сақтау саласының өкілдерін коронавирустың Үндістанда шыққан өте шапшаң жұғатын түрі – «Дельта» штамы алаңдатып отыр. Түркияда Дельта үлгісін жұқтырғандар саны бір аптада екі есе көбейген. Түрік медициналық қауымдастығы үкіметке індеттің қаупі туралы бірнеше ескерту жасағанын айтқан. Жергілікті телеарналардың бірінде екі аптада 300 мың ресейлік туристі қабылдаған Анталияға қатысты сыни пікірлер де айтылған. Дегенмен Түркияға ағылғандар қатарында ТМД елдерімен қатар, арабтар да бар екен.

Қалай болғанда да, туризм секторының жақын арада қайта өркендеп кетуі екіталай екенін мамандар да айтып отыр. Бастысы, адам денсаулығы мен қауіпсіздік шаралары пайда мен экономикадан жоғары тұрса дейсің.