Қаржы • 26 Шілде, 2021

Биткоин өндірісі: Қолдаймыз ба, қайтеміз?

703 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан биткоин өндірісі бойынша әлемдегі үздік үш елдің қатарына кірді. Кембридж университетінің зерттеуінше біздің елдің үлесі алты есе өскен. Криптовалютаның бұл түрін өндіру үшін электр энергиясын тұтыну бойынша қазақстандық майнерлердің үлесі 2021 жылдың сәуірінде 8,2 пайызға (2019 жылғы 1,4 пайыздан) дейін ұлғайыпты.

Биткоин өндірісі:  Қолдаймыз ба, қайтеміз?

Биткоин – экологияның жауы ма?

Майнерлерге қарсы шектеу шараларын енгізген Қытай өз үлесін 75,5-тен 46 пайызға дейін төмендеткен. Дегенмен әлі бірінші орында. Биткоин майнингінде АҚШ үлесі 4,1-ден 16,8 пайызға өсіпті. Төртінші орында – Ресей орналасса, бестікті Иран түйіндеген.

Биткоиннің не екенін аздап түсінеміз: Криптовалютаның бір түрі. Ал майнгинг дегеніміз не? Ашық дерек көздердегі ақпа­рат­қа сүйенсек, криптовалюта нары­ғын­дағы арлы-берлі ағылып жатқан биткоиндар транзакциясын (биткоинмен жасалған төлемдер) бақылаушыларды майнерлер деп атайды. Ал бақылау үшін майнер қуатты серверге, аса көлемді видеокартаға ие болуы керек. Транзакцияны алғаш болып растап үлгерген майнер биткоинды көбірек жинай түседі.

CNBC-тің хабарлауынша, маусым айында Қытай билігі криптомайнерлерге қатаң шектеулер жасап, оларды елден кетуге мәж­­бүрлеген. Қытай биткоин өндірісінің елде тым қатты белең алуы шектен тыс қаржы тәуекелін тудырады деп есептейді. Май­нерлерді елден қуғызған екінші себеп – экологияға деген алаңдаушылық. Бит­коин мен экологияның арасында не байланыс бар дерсіз? Себеп сол – криптовалюта өндірісімен айналысатын майнерлер бүкіл әлемдегі транзакцияларды тексеріп отырады. Ал қытайлық майнерлерге мұндай жұмысты істеу үшін жыл сайын жеті тераватт электр энергиясын тұтынатын аса ірі компьютерлік қуаттылық, жүздеген құрылғыдан тұратын «электронды фабрика» қажет. Бұл дегеніңіз орташа 7 АЭС өндірісімен немесе 21,8 млн күн панелінің қуатымен тең.

 

1 КВт/сағат – 1 теңге

Майнерлерге қарсы қатаң шаралар қолданғаннан кейін олар киловатт-сағатына 13 теңгеден төлейтін, сөйтіп электр энергиясына оңай қол жеткізетін Қазақстанға ауыса бастаған. Бізде барлық өндірілетін энергияның 87 пайызы органикалық отынның жануынан алынады, оның ішінде 70 пайыз – көмірден. Бұл, әрине, табиғатқа орасан зиян тигізеді.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, дәл қазір Қазақстанда 17 майнинг фермасы тіркелген. Олар 540 МВт электр энергиясын тұтынып отыр екен. Біраз уақыт бұрын парламентте майнинг фермалары 1 КВт/сағат электр қуатына 1 теңге салық төлеуі керек деген ұсыныс айтқан еді. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы ұсынысты қуат­та­ған – криптовалюта өндірумен айналысатын фермаларды қосымша салық төлеуге міндеттейтін заң жобасына қол қойды.

Мұнымен қоймай, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі майнерлерді әр тоқсан сайын есеп тапсырып отыруға міндеттеді. Есеп әр айдың бесіне дейін тапсырылуы тиіс. Бұйрық 2021 жылдың 26 шілдесінен бастап күшіне енбек. Билік өкілдері мұндай шектеулер көлеңкелі майнерлерді анықтауға мүмкіндік береді десе, блокчейнді және дата-орталықтар индустриясын дамыту ұлттық қауымдастығының өкілдері Қазақстан шетелден келген майнерлерден пайда көріп қалудың қамын жасап жатыр дейді.

 

Майнерлер Қазақстаннан да кете ме?

Биткоин жаңалықтарына арналған Forklog журналының жазуынша, BIT Mining Limited майнинг компаниясы криптовалюта өндірісіне арналған құрылғылардың алғашқы партиясын Қазақстанға жеткізген. Елге әкелінген 320 құрылғы 18,2 PH/s (Петахеш/сек) хешрейтті қамтамасыз етпек. (Хешрейт – майнинг құрылғыларының жалпы есептеу қуаттылығы). Майнинг процесі сәт сайын күрделеніп жатқандықтан бір секундта хеш бірліктерін санаудың өзі жет­кі­лік­сіз. Сондықтан майнерлерге секундына ондаған мегахешті еркін санайтын қуатты құрылғылар керек. Мысалы, қуаттылығы 10 MH/s (мегахеш/сек) болатын процессор бір секундта желі көрсеткен барлық параметр­­­­­лерге сәйкес келетін бір хэшті табу үшін 10 миллион әр алуан сандар комбинациясын туын­дата алады.

Тағы бір қытайлық Canaan компаниясы да 23 маусымда Қазақстанда өздерінің алғашқы майнингтік фермасы – Avalon дата-орталығының іске қосылғанын мәлімдеді. Енді жаңа заңға сәйкес шетелдік фермалар жоспарларын өзгерте ме, ол жағы әлі бей­мәлім. Жоғарыда айтқан бір жылдық 4,38 млрд киловатт/сағат 57 млрд теңге табыс әкеледі екен. Оның 10-15 миллиарды жалақыға, құрылыс пен кабель, бақылау шкафтары, трансформатор сияқты жергілікті өнімді сатып алуға жұмсалады. Қауымдастық президенті Алан Дорджиевтің айтуынша, Қазақстан аумағында жұмыс істейтін 17 майнинг дата-орталыққа 30 шетелдік инвестор қаржы аударған. Егер электр энергиясына арнап жаңа салық салынса, онда жыл сайын май­нер­лердің бюджетке 4,4 млрд теңге төлеп отыруына тура келмек.

«Майнинг құрылғылары екі жарым, үш жыл көлемінде тоза бастайды. Осыны ескере отырып жабдықтарды жаңарта бермес үшін 20-25 млрд теңгеге қайта инвестиция құю керек. Жалпы алғанда, Қазақстандағы майнингке 80 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылды. Біздің бағалауымыз бойынша осы салық енгізілген соң инвесторлардың бір бөлігі ақша салудан бас тартып, ел аумағынан кетіп қалуы мүмкін, соның салдарынан Қазақстан жылына 10 млрд теңгеге жуық инвестиция жоғалтады», дейді Дорджиев.

1 КВт/сағатқа – 1 теңге төлеу туралы заңды көп инвестор көтере алмай, нәти­же­сін­де майнерлер енді Өзбекстанға қарай үдере көшуі бек мүмкін екен. Тағы біразы жүзін заңнан жасырып, қашып-пысып әрекет етуге көшуі ықтимал. Инвестицияның азаюы, бұл саладағы табысты, сәйкесінше бюджет түсімін де азайтады. Қауымдастық президентінің есептеуінше, шамамен 2 жылдан соң бюджет 4,4 млрд теңгенің орнына 2 млрд теңге ғана алуы мүмкін. Біртіндеп бұл цифр азая береді дейді.

«Бұл – даму банктеріндегі мемлекеттік қаржыландыруға қол жаймаған бірегей индустрия. Майнинг шетелдік тікелей инвестиция есебінен дамыды. Қазақстанда 500 МВт тұтынатын майнерлер онсыз да заңды түрде жұмыс істеуде. Олар шетелде өз қызметін ұсынып жатыр. Олар қалай ғана заңсыз жұмыс істей алмақ? Мұндай ірі көлемде электр энергиясын тұтына отырып заңсыз жұмыс істеу мүмкін де емес қой. Салық салып, майнерлерді көлеңкеден шығарамыз деу ақылға қонымсыз. Керісінше, қосымша қадағалау басталса ойыншылар көлеңкеге кете бастайды», дейді Алан Дорджиев.

 

Президент қолдайды, бірақ...

Майнерлердің Қазақстанда орнығуы нарыққа біраз жаңашылдық үдерісін сыйлауы һәм бірқатар проблеманы қоздата түсуі мүмкін. Жаңашылдық үдерісі деп отырғанымыз – қымбатшылық. Майнерге аса керек құнды зат – видеокарта. Бұл тауар (оның ішінде NVIDIA және AMD карталары) күрт қымбаттайды деген болжам бар. Әлбетте, жалғыз карта ғана емес, түрлі құрылғылар да қосымша құн қосады. Тиімділігін көрсете бастаған қандай да бір салаға қажетті өнімдердің қымбаттауы – нарықта ежелден бар құбылыс. Қоздауы мүмкін проблема – электр энергиясы. Иә, бізде қазір электр энергиясы тұрғысынан тапшылық жоқ. Керісінше, профицит. Қайда сыйдырарымызды білмей жатырмыз демесек те, соған ұқсас ахуал. Дегенмен елдегі жылу электр стансаларының тозып тұрғаны, ондағы жұмысшылардың орта жасының отыздан әлдеқашан асып, елу-алпысты маңайлап қалғаны, салада жалақы тым төмен болғандықтан жас әрі кәсіби мамандардың бармай жүргені – сектордың аса ауыр құлдырау алдында тұрғанын аң­ғар­та­ды. Сондықтан майнерлер үшін Қа­зақстан жайлы мекен бола қояды деу екіталай. Де­ген­мен... Дегенмен дегізіп тұрған бір жайт бар. Ол – Президент сөзі. Қ.Тоқаев был­тыр­ғы Жолдауында цифр­лан­ды­руға бөлек сөз арнап, Үкімет өнер­кәсіп пен ақпараттық тех­нологиялар ара­сында алтын көпір болуы тиіс деді.

«Біз Қазақстанның «мәліметтерді» өңдеу және сақтау жөніндегі халықаралық хабқа айналуына жағдай жасайтын заңдар қа­был­дадық. Былтырдың өзінде цифрлы майнинг ісіне 80 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Елімізге әлемдік алпауыт цифрлы компанияларды тартуымыз керек. Әйтпесе өзге мемлекеттер алды­мыз­ды орап кетеді. Бес жыл ішінде осы салаға салынатын инвестиция көлемін 500 мил­лиард теңгеге дейін жеткізуі қажет», деген еді.

Міне, Мемлекет басшысының өзі май­нер­лерді қолдайық, бес жылда 500 млрд қаржы тартайық дегенді ешқандай емеу­рін­сіз, тіке айтып отыр. Бұл енді 2020 жылдың қыркүйегінде айтылған сөз. Ал майнерлердің электр қуатын тұтынғаны үшін 1 теңге салық салу туралы заң – биыл (2021) маусымда қабылданды. Майнерлер жаңа заңды қолдамайды. Олар салық салуды – электр энергиясының бағасын қымбаттатумен тең деп санайды. Түрлі ақпарат көздерінде жарияланған, бірақ аты-жөндерін жария етпеген компания өкіл­­дерінің айтуынша, майнинг бизнесінің жұ­мысы – қызметтің өзіндік құнының 95 па­йызын құрайтын электр энергиясының бағасына тікелей тәуелді.

Егер блокчейн және дата-орталықтар индустриясын дамыту қауымдастығының басшысы айтқандай майнерлер осы 1 теңгеге бола (жаңа заң) елден үдере көшер болса, онда Президенттің «цифрлы майнингті дамытайық» дегені жүзеге аспай қалуы да кәдік.

 

Биткоиннің құны қанша?

21 шілдедегі дерек бойынша Binance криптобиржасындағы биткоин курсы 32,4 мың долларға жеткен. Биылдыққа қатты шарықтауы сәуір айында тіркеліп, 1 биткоин 65 мың долларға бағаланған болатын.

Әзірге ешбір мемлекет биткоинді бақы­лай алатын емес. Қолжетімді деректерде «мұндай криптовалютаны шығарудағы мақ­сат та сол, ешбір басқару органының ыр­қына көнбейтін, әлем елдері ортақ тұтына алатындай валюта түрін шығару» деп айтылады. Биткоиннің негізгі технологиясы – майнинг. Майнерлер транзакцияларды верификация­­­лап отырады. Майнердің көмегінсіз басқа адамға ақша жіберілмейді. Биткоиндарды ешбір үкіметтің бақылауда ұстай алмауы – валютаның танымалдылығын арттырып жіберді.