Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына 16 716 адам жүгінген. Әрине, мұның бәрі – «екі қолға – бір күрек» іздеген жұмыссыз жандар. Аталған басқарма мамандары жұмыссыздардың бәрін болмағанмен, 88 пайызын жұмыспен қамтудың жолын тапты.
– Нəтижелі жұмыспен қамтуды жəне жаппай кəсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында арнайы орталыққа хабарласқандар жұмысқа орналасуға, қосымша мамандық алуға, кəсіп ашуға мүмкіндік алады. Биыл аталған бағдарламаны іске асыру үшін 3 млрд 927 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін бағдарламада көзделген нысаналы шараларға 22 695 адамды тарту жоспарланды. Алғашқы жартыжылдықта бағдарламаға 16 783 адам тартылып, 1 902,2 млн теңге игерілді. Мәселен, 9 092 адам тұрақты жұмыс тапты. 362 адам əлеуметтік жұмыс орындарына, 313 жас түлек «Жастар практикасына» орналасты. Ал 4 823 адам қоғамдық жұмыстарға, 950 адам қысқа мерзімді оқу курстарына жіберілді. Оның ішінде 267 адам осындай курстарда «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржыландыруымен оқыды, – дейді Азамат Мәмбетов.
Әрине, қысқа мерзімді курстарда оқығандар белгілі бір мамандықтың қыр-сырын меңгеруге машықтанатыны даусыз. Сондай жандардың арасында әсіресе, аспаз, шаштараз, дəнекерлеуші, газ операторы, тұрба құрастырушы, ағаш саты құрастырушы, маникюр шебері, электромонтер секілді мамандықтарды игеруге бейімделгені көп. Бұған қоса, құрылыс саласындағы, тамақтандыруды ұйымдастыру және басқа да сұранысқа ие мамандықтарды кәсібіне айналдыруды көздегендер бар.
Тегінде қазір қол қусырып отыратын заман емес. Оның үстіне мемлекет тарапынан жұмыссыздарды қолдауға бағытталған бағдарлама көп. Соның бірі – «Бастау-бизнес» жобасы. Дәл осы бағдарламадағы басты басымдықтың біріне жұмыссыз жандарды кəсіпкерлік негізіне тегін оқытып, 6 пайыздық несиеге ие болуына ықпал ету жатады. Сондай-ақ ынталы жандарға 200 айлық есептік көрсеткіш – 583 400 теңге қайтарымсыз грант беріледі. Мұндай мүмкіндік қолынан іс келетіндердің бәрін ынталандыратыны анық. Соның дәлеліндей, 1 мыңға жуық адам қайтарымсыз грантқа ие болған. Сөйтіп, олар шаштараз, наубайхана, кондитерлік өнімдер мен тігін, қызмет көрсету шеберханаларын ашқан. Тіпті мал, құс шаруашылықтарын дамыту үшін технологиялық жабдықтар мен еңбек құралдарын сатып алғандар бар. Осылайша, ерінбеген жанға табысын еселеуіне мүмкіндік жасалды.
Қоғамдағы заманауи үрдістер «Еңбек» бағдарламасына да өзгерістер мен толықтырулар енгізуге мәжбүр етіп отыр. Бірақ бұдан әсіресе жастардың ұтары даусыз. Өйткені жұмыссыздардың еңбекке орналасуына ықпал ететін бағдарламада әсіресе, жас буынның бəсекеге қабілеттілігін арттырып, қажетті еңбек дағдыларын беретін, бастапқы жұмыс орнына бейімдейтін жаңашылдық басымдыққа ие болды. Мәселен, биыл «Алғашқы жұмыс орны» жобасы енгізілді. Мұндағы талапқа сәйкес жұмыссыз жастардың жасы 29-дан аспаған, жұмыс тəжірибесі қалыптаспаған болса ғана NEET санатына кіреді. Осындай жас түлекті жұмыс беруші кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылдайды. Ал халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушіге бірінші жылдың еңбекақысы үшін субсидия бөледі. Бұл жоба қатысушыға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 58 340 теңге жалақы төленеді.
Сонымен бірге, былтырдан бері пандемияға байланысты жұмыспен қамту жəне жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу мақсатында «Жұмыспен қамту» жол картасы іске асырыла бастады. Осыған орай өткен жылы 64 нысанда үздіксіз жұмыс жүріп, 7 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Ал биыл жеті инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру үшін 4,2 млрд теңге бөлініпті. Бұл жобаларда 272 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Дегенмен, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатына кіретіндер де азайған жоқ. Бұған биылғы 1 шілдеде 1 349 отбасыдан 7 335 адамға 289,4 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаны дәлел бола алады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, 1 110 отбасыдағы 6 287 адамға шартты ақшалай көмек, 239 отбасының 1 048 адамына шартсыз ақшалай көмек алатын болды.
– Атаулы әлеуметтік көмектің шартты ақшалай көмек түрін алушылардың ішінде еңбекке қабілеттілерінің саны
2 051 адамды құрайды. Оның ішінде 103 тәуелсіз қызметкер, орталыққа келген кезде жұмысы болғаны – 1 034, жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер – 290, бала күтіміндегілер – 624. Жұмыссыз ретінде тіркелген 290 адамның 85,9 пайызы жұмыспен қамту шараларына тартылды. Атап айтқанда, 24 адам тұрақты жұмысқа, 213-і қоғамдық жұмысқа, төртеуі кәсіби қайта даярлау курсына жіберілді, – дейді Азамат Мәмбетов.
Атырау облысы