Экономика • 27 Шілде, 2021

Экономиканы цифрландыру – өзекті мәселе

5667 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде «Цифрлы Қазақстан» және «Еуразиялық одақтың негізгі ба­ғыттарын 2025 жылға дейін цифрландыру» мемлекеттік бағдарламалары қабыл­данған болатын. Оның «Цифрлық Жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру» сияқты бағыттары бар. Мұндағы басты мақсат – мемлекеттің экономикалық дамуын жеделдету және цифрлы технологиялар есебінен халықтың өмірін жақсарту, цифрлы экономиканы құруға жағдай жасау.

Экономиканы цифрландыру – өзекті мәселе

Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, ­2021 жылы Қазақстанда цифрлы жобалар­ға 200 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталмақ. Аталған қаржы ауыл шаруашылығын цифрландыруға, IT-жобаларға, цифрлы технологияны да­мытуға және облыстардағы орта­лық­тардың инфрақұрылымына, сондай-ақ телекоммуникация, аэроғарыш және электронды өнеркәсіп саласы­на инвестиция салуға жұмсалмақ. Соны­мен қатар «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасы аясында келесі жылы 33 іс-шараға республикалық бюджеттен 20,9 млрд теңге қаражат қарастырылған.

Цифрлы экономика – бұл сандық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға негізделген экономикалық, әлеуметтік және мәдени қатынастар жүйесі. Бүгінгі күні цифр­лы экономиканың қажеттілігі және оған деген сұраныс артуда. Себебі шұ­ғыл өзгеретін нарықта инновация тез бейім­деледі және әлемдік интеграцияға оңтай­ла­на кіре алады. Сон­дық­тан қазір ұлт­тық эко­номика сала­ла­рындағы кәсіп­орын­дар Дүниежүзілік сауда ұйы­мы­ның қа­таң талаптарына сәйкес келетін, бәсеке­ге қабілетті заманауи өнімді шы­ғаруға талпынып келеді.

Экономиканы цифландырудың екі жағы бар: бір жағынан, бұл өндіріс құ­рылымында және жалпы экономи­када қоғамдағы сапалы өзгерістер тү­рін­дегі ықтимал тәуекелдерді туды­рады, шығындарды азайту үшін тиімді ша­ралар қабылдауды талап етеді. Екін­ші жағынан цифрландыру үдерісі прог­рессивті мүмкіндіктерге негізделген тәуе­келдерді азайту тетіктерін ұсынады. Сон­дай-ақ жаңа жұмыс орындарын құ­руға ғана емес, сандық технологияларды қолдануға негізделген әлеуметтік мі­нез-құлықтың жаңа нормаларының қа­лып­тасуына ықпал етеді. Мұның бәрі қоғамның цифрлы трансформациясы үшін маңызды.

Көптеген елде цифрлы технология­ларды тиімді пайдалануға және се­німді ақпаратпен алмасуға қажет ин­фра­­­құрылым қалыптасқан. COVID-19 індетімен күресуде 3D арқылы басып шы­ғару, дезинфекциялық роботтар және интернет-дүкендер кеңінен өріс алған. Әлемдік экономикада цифрлы техно­логиялардың кең таралуының басты себебі әлеуметтік дамудың траекто­рия­ларымен байланысты. Мысалы, АҚШ, Ұлыбрита­ния, Германия, Жапо­ния, ­Ита­лия, Франция сын­ды дамыған елдерде база­­лық ақпараттық-коммуника­ция­­лық инфрақұрылымды құрудан бас­тап, ­цифр­лы технологияларды кеңінен ен­гізу­­ді қолдау бағдарламалары бар.

Ал Қазақстанда цифландыру жүйесі елімізде біркелкі емес. Шағын және орта бизнес саласында да осы жағынан ала құлалық бар. Бұл мәселе өсу деңгейін те­жеп қана қоймайды, сонымен қатар жа­қын арада цифрлы алшақтыққа алып келуі мүмкін.

Жалпы, Қазақстандағы цифрлан­дырудың көлемі мен сапасы қандай екенін коронавирус дағдарысы анық байқатты. Елімізде электронды цифр­лық қолтаңбаларды оңтайлы тір­кеу және әлеуметтік төлемдерді бе­руді ұйым­дастыруға мемлекеттік қыз­мет­тердің мүмкіндігі жеткілікті болды. Бірақ эпи­демияға қарсы шараларды әзірлеу және тұрғындардың мәліметтерді пайдалануы жеткіліксіз болып шықты. Әсіресе білім саласында мектеп (7646 мектепте 3,4 млн оқушы), колледж (700 астам колледж), университет (129 жоғары оқу орыны – 604,3 мың студент) деңгейінде білім алушылардың қашықтан оқу үрдісіне көшірілуі білім саласын цифр­ландыруда көптеген күр­делі мәселе­ бар екенін көрсетті: көпте­ген елді ме­кен интернетпен қамтылмаған, байланыс нашар, желі дұрыс ұста­май­ды, компьютерлер жетіспейді, қыс­қасы, ел телекоммуникациялық инфра­құрылы­мын цифландыруға дайын болмады.

Дегенмен де алға ілгерушілік жоқ емес. Айталық, еліміздегі екінші деңгей­лі банктер төтенше жағдай кезінде және әлеуметке үздіксіз қызмет көрсетуге ұмтылып, операциялық ортаның өзге­руіне және ішкі процестердің өркен­деуі­не жедел ден қойды. Қысқа мерзім ішінде клиенттерге бірқатар жаңа қыз­метті ұсына алды, оның ішінде та­уарлар мен қызметтерге қашықтан төлем жасау мүмкіндіктерін кеңейте отырып, көптеген қызметті онлайн жеткізуді іске қосты. Төлем арналарының кеңеюі өз кезегінде онлайн-сақтандыруға жол ашты, бөлшек сауда тауарларының түр­­лерін көбейтті және бағалы қағаз­дар нарығында оң өзгерістерге әкелді. Тұ­тастай алғанда, қаржы секторы өзін жақсы серіктес ретінде тағы да дәлелдеді. Сондай-ақ бұл жерде клиенттердің қа­шық­тан қаржы­лық қызметтерге деген сұранысының өсуі технологиялық компаниялардың осы сегментке деген қызығушылығын арттырғанын атап өткен жөн. Тұрғындар үшін бұл – қо­лайлы жағдай. Өйткені бәсекелестіктің артуы қызметтердің сапасын арттырады, қызметтердің құнын төмендетеді. Бірақ банктер үшін бұл екі еселенген қосымша қаржы жұмсау болса да олар қызмет көрсету сапасын жақсартуға ұмтыла беруге тиіс.

Жүргізілген зерттеулер Қазақ­стан­­дағы цифрлы экономиканы ста­тис­ти­калық өлшеудің болашақ бағыт­тарын анықтап берді. Олар: цифрлы экономиканы дамытуға арналған шығындар; цифрлы технологияларды құру және тарату, оның ішінде цифрлы технологиялар саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер; зияткерлік меншік құ­қығын қорғау және сандық технология­лар трансферті; цифрлы технология­лармен байланысты инновациялар; сандық инженерия; цифрлы технология­лар мен онымен байланысты тауарлар мен қызметтердің экспорты; сандық ортаға сенім (киберқауіпсіздік, жеке де­ректерді қорғау); цифрлы теңдік және оған халықтың әлеуметтік қорғалма­ған (осал) топтарын қосу (мүгедектер, шал­ғай жерлерде тұратындар, зейнеткерлер) т.б.

Қазақстанда ұлттық экономика салаларын цифрландыру бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру мүмкіндігіне жол ашады. Жетілдірілген заманауи техноло­гия­лар компанияның бизнес-процестеріне, құндылықты қалыптастыруға айтар­лық­тай түзетулер енгізеді және бәсекелес­тік артықшылығына айналатыны сөзсіз.

Еліміздегі шағын және орта бизнес субьектілері орнықты даму мақсатта­ры­на жету үшін цифрлы технологиялар­­ды қолдану мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері мемлекетпен табысты ын­ты­мақтаса отырып, цифрлы дамуға бай­ланысты бірлескен іс-шараларды көбейткен жөн.

Ұлттық экономика салаларын цифр­ландыру еліміздің тұрақты дамуының бөлінбес бөлшегі. Цифрландырудың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын не­гізгі бағыттары: техникалық және тех­но­логиялық жетілдіру, экономикалық өсу және адам әлеуеті. Қазақстанның ұлт­тық экономика салаларын одан әрі цифрландырудың тетіктерін жетілдіре отырып, дамыту экономикамыздың тұ­рақты дамуына және әлемнің дамыған ел­дерімен интеграциялануға оң ықпал етеді.

 

Оңалбек АБРАЛИЕВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор

 

Алматы