Экология • 27 Шілде, 2021

Жасыл белдеу жайқала түседі

521 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкіл­дері Ақмола облысының Щучинск қаласы мен «Бурабай» ұлттық табиғат паркіне барып, мемлекеттік орман қорын толықтыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Жасыл белдеу жайқала түседі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына Жолдауында бес жыл ішінде елімізді ауқымды көгалдандыру міндетін қойған болатын. Тап­сырма аясында 2 млрд ағаш егу жоспарланған. Ол үшін барлық облыс және министрліктің ве­домстволық бағынысты мекеме­ле­рінде орманды көбейту мен өсі­рудің бес жылдық кешенді жоспары бекітілді. Мекемелердің іс-қимылын үйлестіру жөніндегі штаб құрылды. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін алдағы бес жыл ішінде республикалық бюджеттен 22 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 60 млрд теңге бөлінгелі отыр.

Тапсырма аясында 2 млрд ағаштың 1 455,7 млн түбін – әкім­діктер, 294,3 миллионын – ор­ман пайдаланушылар мен халық­аралық донорлар, 250 миллионын Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйым­дары отырғызады. Солардың бірі – Орман шаруашылығы жә­не жануарлар дүниесі коми­тетінің «Республикалық орман селек­циялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК «Солтүстік аймақ» филиалы.

Филиал зертханасында алты эколог жұмыс істейді. Зертхана бөлімінің басшысы Ва­лен­тина Алее­ваның айтуынша, жыл сайын он мың көшет орманға отырғызу үшін дайындалады. Бұл жұмыс төрт кезеңнен тұрады.

«Ең алдымен бір жылдық өс­кіндерді кесіп алып, 2-3 санти­метрге бөлеміз. Ол үш түрлі залалсыздандырудан өтеді. Кейін бө­ліп қоректік ортаға отырғызамыз. Оның құрамы әр өсімдік үшін әртүрлі болады. Ламинар-бокста фотокезеңнен өтеді. Ай бойы қа­лай өсіп жатқанын бақылап оты­рамыз. Өсе бастағанда басқа ортаға көшіреміз. Тағы бір ай бойы бақыланады. Содан кейін одан 5-6 өскін ала аламыз. Келесі кезең – тамыры жетіле бастаған өсімдікті шымтезек таблеткасына отырғызып, жылыжайға көшіру. Екі аптадан соң полигон жағда­йына ыңғайлаймыз. Бұл жерде көшеттер жергілікті ауа райына бейімделеді. Дайын болған соң келісімшарт бойынша еліміздің әр өңіріне алып кетеді. Жылы­на осылай он мың түпті баптай­мыз», дейді зертхана басшысы. Осы­лайша, әр тұқымның дайын көшетке айналу процесі 8-9 айға созылады.

Жалпы, жоба басталғалы бері 81,5 млн ағаш отырғызылған. Күз­де тағы 48,2 млн түп ағаш отыр­ғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде сексеуілдің үлесі басым.

«Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы филиалымыз жыл сайын 1 млн-ға жуық сексеуіл кө­шетін дайындап, Арал теңізінің тар­тылып қалған табанына егіп жа­тыр. Себебі сексеуілдің эко­ло­­гия жүйесінде алар орны өте үлкен. Оның бір ғана түбі төрт тонна тұзды ұстап тұрады. Сондықтан сексеуіл өскен жерде басқа шөптер де шыға бастай­ды. Бұл еліміздегі жемшөп мә­се­лесін шешуге де оң ықпал етеді», дейді «Республикалық ор­ман селекциялық тұқым өсіру орта­лығы» РМҚК бас директоры Әліби Ғазиз.

Қазіргі уақытта еліміздегі ор­ман қорының жалпы алаңы 12 млн гектар жерді алып жатыр. Бұл Қазақстан аумағының 4,8%-ын құрайды. Олар Қы­зылорда, Жамбыл, Шығыс Қа­зақ­стан және Алматы облыста­рында шоғырланған. Енді шамамен 610 мың түп сексеуіл, 555 мыңнан астам қарағай, 193 мың­нан астам үйеңкі, 132 мыңнан астам шегіршін, 100 мыңнан астам қайың және басқа да ағаш түр­лерін отырғызу жоспарда бар. Ми­­нистрлік өкілінің хабарлауынша, ағаш отырғызу көлемі 2021 жылғы 129,7 млн-нан 2025 жылы 642,8 млн-ға дейін ұлғаятын болады.

Тапсырма орындалып, 2 млрд ағаш отырғызылған кезде еліміз­дегі орман көрсеткіші 5%-ға же­теді.