Таным • 27 Шілде, 2021

Ер Тоқтар

1724 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры, еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров – 75 жаста

Ер Тоқтар

Сынақшы мен сантехник, инженер және үй сыпырушы. Тоқтар Әубәкіровтің Алматыдағы пәтері. Аз күн аялдап, кездесулерді тәмамдап тастаған ғарышкеріміз астанаға ұшқалы жатқан. Ешқа­шан құлпы салынбайтын есіктің қоңырауы екі рет «шар» етті де, іле-шала сау етіп ішке үш жігіт кіріп келді. Тосын таныстарына шейін еш жатырқауды білмейтін кәдімгі Тоқаң емес пе, алдың­ғы аттаған жігітті қапсыра құшақтап, қуанышын жасырмай, қаумаласты да қалды. Тектен-тек емес екен. Галстугін жүре байлап, уақытын үнемдеп жатқан Тоқтар Оңғарбайұлы кенет, көзілдірікті жылы жүзді, мұртты жігітті қолтығынан демеп:

– Мемлекетті қауіпсіздік комитетінің полковнигі Ержан, Ерекең (есімін өзгерттім) деген менің бауырым...– деп даусын гүрілдей көтеріп, жарқылдай таныстырды. Зейнет жасына қимайтын жарау аттай жөні бөлек жігіттер екен өздері де, Ерекең-полковник еркінсіп сөз бастады:

–Тоқа, ылғи суытсыз, Алматыда жүргеніңізді кеш білдік. Енді ең болмаса әуежайға дейін шығарып салайық деп ентігіп жеттік.

Бөлме ішін жайлаған жайдары күлкінің арасында Ерекең: «Кезінде сіздің соңыңыздан бір вагон жолаушы болып жүрдік те емес пе?..» деп қалды. «Бір вагон жолаушы, бір вагон жолаушы...» Бұл өзі жайдан-жай айтыла салмаған сөз екеніне елең ете қалғаным себепші болды-ау деймін, қауіпсіздіктің кәнігі қызметкері көп күттірместен, тосын айтылған сөздің «томағасын сыпырды». Шет жағасын ғана...

Әлемдік авиация ілімінің бірегей біліктісі Тоқтар Әубәкіровтің (біздіңше... ғарышкер Тоқтар Әубә­кіровтің!) қоғамдағы орны мен жалпы оның өмірде кім екенін нақты айғақтайтын һәм сипаттайтын ғажайып сәттің әр кез, дүркін-дүркін туып тұратыны бар. Өткен отыз жыл бойы осылай! Ендеше, алдымен Кеңес Одағының, оның мұрагері Ресей Федерациясының авиациясы мен қорғаныс саласы бойынша жазылған бұрынғы «өте құпия», қазіргі жартылай (!) қолжетімді құжатталған шежіресін парақтап көрейік. Онда даңқты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров 1976-1991 жылдар аралығында елуден астам әскери ұшақты, оның ішінде әйгілі МиГ-29К, МиГ-31Б ұшақтарын көкке көтеріп, сынақтан өткізді деген сөздер тайға таңба басқандай етіп, ерекше дәріптеп жазылыпты. Сансыз МиГ тобындағы екі ұшаққа ерекше мән берілуінің түпкі себебі неде?

Планетадағы «ең жылдам 2-ші ұшақ саналатын» МиГ-25 ұшағын 1976 жылы 3 қыркүйек күні Беленко есімді аға лейтенант Қиыр Шығыстағы әскери базадан Жапонияға айдап кетіп, сол жерден америкалықтарға табыстағаны тарихтан мәлім. Үш күннен соң президент Картердің өкімімен Беленкоға елде тұруға рұқсат, бір айдан соң Конгресс шешімімен АҚШ азаматтығы берілді. Сол кезеңдегі АҚШ Орталық Барлау кеңсесінің директоры Джорж Буш-үлкені (ке­йіннен президент болған) бұл инцидент туралы «АҚШ тарихындағы барлау саласында ең үлкен жеңіс» деп бағалады. Ұрланған ұшақпен бірге Кеңес Ода­ғы сынақшыларының ең үздік жетістіктері мен соңғы навигациялық қондырғылар «қолды болды». Дипломатиялық талаптардың күшімен екі айдан соң елге қайтарылған ұшақтың бастан аяқ сүзіліп, бұзылып, мұқият қайта құрастырылғанын қабілетті техник мамандар ғана байқады...

Мемлекет әскери авиация тарихындағы үлкен ағаттықты өмірге МиГ-31 жойғыш ұшағын әкелумен жойды. Ал енді, сол ұшақтың тұсауын кім кесті, ол ол ма, «теңіз жобасына» қатысты әйгілі МиГ-29К әуе кемесінің «көкесі» кім деген сауалға жауап іздеп көрейікші! Сол тұста АҚШ секілді алпауыт бәсекелесінің алдында үстемдігін еселеп, айбат шегіп тұрған КСРО атты державаның құпия қорғаныс индустриясында қаршадай ғана қазақ жігітінің маңдай терін сылып тастап, көш бастап жүргенін білдік пе біз? Білмедік. Мемлекеттік құпия саналды... Жасаған ерлігі ше, есепсіз!!! Тіркелген, бірақ құпия!.. Тоқтар Әубәкіровке «Қазіргі заманғы жаңа авиациялық техниканы сынақтан өткізудегі көрсеткен ерлігі мен өжеттігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын бергендегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 31 қазандағы Жарлығының «жабық түрде» деген белгі қойылып жазылғаны ше?!

Енді, әңгіме басындағы Ерекеңнің «бір вагон жолаушы» оқиғасының сырына үңілейік. Атақты сынақшы-ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров те тең құқылы Кеңес Одағы азаматтарының бірі, отбасы бар тіршілік иесі, тіпті, қарапайым пенде емес пе? Жылына бір рет туған жері Арқадағы Қарқаралыға ат шалдырады, Алатаудағы Шымбұлақ шаңғы курортына келіп биік таудан қыран құстай құйылып сырғанақ тебеді. Сол тұста ғой, арнаулы мекеменің «Еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыштың» алаңсыз демалысы үшін «арнайы топ» жасақтайтыны. Қатарында инженер-электроншыдан бастап, сантехник, байланыс қызметкері... үй сыпырушыға дейін бар қауіпсіздік қызметкерлері өз міндеттерін сынақшының демалысы біткенше мінсіз атқаруға тиістін. Елі үшін еңбегін аямаған, отандық авиацияның өркендеуі үшін бар білімін сарп еткен айтулы тұлғаның жеке басының қауіпсіздігі үшін мемлекет қаражатын аяған жоқ. Сырт көзден сақтық жасады, қорғалды. Өйткені Әубәкіров Отан үшін өте қымбат он адамның бірі, бірегейі еді. Сіз мұны білесіз бе?!.

Байқоңыр қазақша сөйлеген күн. Бүгінде Батыста да, Шығыста да, тіпті мұхиттың арғы бетіндегі округтің заңына бағынбайтын Балтиморыңда да (АҚШ) қазақша сөйлеу ешкімге таңсық емес. Таңсық емес! Өткен отыз жылдың ішінде қазақ баласының аяғы баспаған елді мекен қалды ма екен Жер шарында! Салыстырмалы жағдайда өзіміздің Байқоңырдың қазақша сөйлеген күні бүгінгінің талғамына жаңалық болып па?!. Өз еліміздегі, жеріміздегі Байқоңырда қазақша сөйлеуге құқымыз болмады, құзіретіміз жетпеді! Қазақшаны былай қойғанда, кешегі гүл жайнаған Кеңес заманында исі қазаққа ол қалаға емін-еркін кіру мүмкін емес еді десем Тәуелсіздік таңында дүниеге келген бүгінгі буын түсінер ме екен мұны? Айтайық, «Жер кіндігі» саналатын Байқоңыр ғарыш айлағын тұңғыш рет жариялы түрде қазақша сөйлеткен – Тоқтар Әубәкіров! Оның барлығы да көрген түстей, сағым елестей сырғып өтіп, санада тек сәулесі ғана сақталып қалды.

1991 жыл. Қазақтың тұңғыш ғарышкерінің сапарға аттанатыны мақұлданып, шараға орай Алматы Мәскеуден Байқоңыр ғарыш айлағына кіруге қазақстандық 40 журналистке рұқсат алып берді. Бір вагон боп... Байқоңырға жүрегімізді қолымызға ұстап жеткенмен, болашақ ғарышкер экипажы мен оның қосалқы тобымен өтетін баспасөз мәслихатына жете алмай, №17 алаңның қақпасында қырқымыз бірдей иіріліп бір сағат бойы тұрдық. Мәскеудің әлі уысымыздасыңдар дегені шығар, сол кездегі Ленинск қаласы бізді солай қарсы алғаны есімде қалыпты...

Соған қарамастан Алматыдан шыққан журналистердің бар ойы бұған дейінгі мемлекет өмірін «өте құпия» сақтап келген «Кеңес Одағы Батырының, атақты сынақшы-ұшқыштың қазақшасы қалай болды екен?» еді. Өйткені ақпарат аз, мағлұмат мардымсыз әрі Батырымыз әлі де Мәскеуді мекендейтін.

Ғарышкерлер мен журналистер арасын шыны қабырға бөліп, микрофон арқылы байланыс жасалынатын атақты мәслихат залында шетелдіктер мен ресейлік журналистерден кейін бар би­лікті біздің жігіттердің қолына алғанын да ұмытты дейсіз бе?! Қазақ радиосының репортері Бақберген Табылды атақты конференция залында алғаш рет Тоқтар Әубәкіровке елден қазақша сәлем жолдап, әкесі ақын Әдібайдың өлеңін оқыды. «Лениншіл жастың» тілшісі Ерғали Сағаттың сауалына орай Тоқтар Әубәкіровтің: «Менің туған еліміздің жастарына айтарым, ең алдымен ата-анасын, туған жерін сүйсін. Білім алудың жолында алыс-жақын жер деген ойдан аулақ болсын. Өйткені мен жас шағымда туған жерді қиып өте алысқа аттандым. Білімнің шыңына жету оңай емес. Ол өте биікте жатыр. Мен бүгін Байқоңырға тұңғыш қазақ жігіті ретінде аяқ басып отырмын. Қазақ халқына рахмет. Сіздің газетіңіз арқылы қазақ жастарына айтар тілегім осы» деп толқи, тебірене айтқан тілегі де осы күнге дейін көз алдымда! Залдағы күллі қазақ ұпайы сол күні түгелденгендей, тылсым күш демегендей күй кешті! Төбесі көкке жетуге шақ тұрды! Тілдің рухы-ай, шіркін! Өйткені дәл сол кезеңде Қазақстандағы бар қазақтың көңілін күпті еткен көңілсіз күндер өту үстінде-тін. Бауырлас Өзбекстан, одан бір күн­нен соң Қырғызстан Тәуелсіздігін жариялаған! Қазақтар «Ресеймен бірігіп КСРО-ның мұрагері болып қалмасақ!» деген дүдәмал ой құшты. Мәскеу басылымдары өз алдына, елдегі «Казахстанская правда» мен «Караванның» бетін ашып қалсаңыз, дәл сондай емеуріннің бары көпекөрінеу байқалатын. Бір топ демократ Алматының қақ ортасындағы Әмбебап дүкеннің түбінде, қазіргі Арбатта, киіз үй тігіп, «Конфедерацияға жол жоқ, бізге керегі – Тәуелсіздік!» деп аштық жариялап жатты...

Ертеңгі ұшу стартының қарсаңында Байқоңыр ғарыш айлағының рұқсат берілген барлық нүктесін араладық, «жабық қала» аумағында қазақ тілі тұңғыш ғарышкердің арқасында армансыз үстемдік құрды. Алматыда өткен КСРО-ның ыдырау алдындағы экономикалық кеңесіне қатысушы бұрынғы одақтас республикалардың (Балтық жағалауындағы үш елден басқа) басшылары... – судай жаңа президенттері, тұңғыш қазақ ғарышкерін кеңістік сапарына шығарып салу салтанатына Байқоңырға арнайы ұшып келді.

...Тәртіп бойынша Халықаралық «Союз–ТМ 13» экипаж командирі Александр Волков Мемлекеттік комиссияның төрағасына аустриялық және қазақстандық ғарышкермен сапарға аттанып бара жатқаны туралы баянат жасады. Осы күні тұңғыш рет айлақ басындағы жасалынатын дәстүр регламенті бұзылды. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Байқоңыр ғарыш айлағында тұңғыш рет қазақ тілінде баянат жасады.

– Құрметті Президент! Халықаралық экипаждың мүшесі ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ұшуға дайын!

Қазақ Президенті оң қолын көтеріп:

– Сау бол, Тоқтар бауырым! Аман барып қайт! – деді.

Қаны қызып, қаумаланып тұрған қазақтар Елбасына ілесіп, «Жолың болсын, Тоқтар! Аман барып, сау қайт!» деп шаттана дауыстады. Байқоңыр даласында ескен самал жел қуанышқа толы қазақ үнін шексіз ен далаға «Сүйінші!» сұраған іспетті «үп» еткізген күйі ұшырып алды да кетті...

Бейбіт елге де әскердің керегі бар екенін дәлелдеген депутат. Алматы әлі де беймазатын. 1992 жыл. Москва аупарткомының бірінші хатшысы Котельников жолдас кеңсесінде бас болып әлдеқандай бір саяси мәні бар жиналыс өткізді.

– Әрине... Тәуелсіздікті қолдаймыз. Бірақ өздеріңіз ойлаңыздаршы, Қазақстанға Ресеймен аралыққа шекараның қажеті қан­ша? Дүние жүзіндегі құрғақтағы ең ұзын – 7591 километрлік шекараны күзету үшін Қазақстанның халқының саны жетпейді емес пе? – Қазақстан Тәуелсіздігін «қолдайтын» бірінші хатшы, тіпті жақтастарын тауып қойыпты, залдың әр тұсынан «Дұрыс!» деген қолпаштаушылардың бүр­кемеленген дауыстары шықты.

Қазақ демократтарының да «тілі шығып» қалған кезі, жергілікті орыс тілді өз басылымдарымыз оларды «ұлтшыл-патриоттар» деп атап алған. Залдан сондай аты бар тарихшы-ғалым Сәбетқазы Ақатай қол көтеріп, сөз сұрады.

– Котельников жолдас, менің білуімше, сіздің үкіметтің меншігінен алған 8 сотық заңды тіркелген саяжайыңыз бар. Бар ғой?

– Иә бар...

– Саяжайыңыз әспеттеліп қоршалғаны даусыз. Солай ғой...

– Әрине, солай...

– Ендеше, сізге берер кеңесім, саяжайыңыздың қоршауын бүгіннен қалдырмай алып, жан-жағыңызды ашып тастаңыз...

Ғалымның сөзінен тосылған партия жетекшісі қызарақтап мемлекет мүддесі мен жеке мүддені шатастыруға болмайтынын айтып, жанжал басталады.

Дәл осы күндері, желтоқсанның 21-25 аралығында, екі арада өзара қандай байланыстың барын қайдам, Жоғарғы Кеңестің депутаттары да осынау көкейкесті мәселелер төңірегінде «қызыл кеңірдек» боп, шайқасып жатқан. Яғни қазақ халқының атынан сайланған бір топ депутат Қазақстан Қарулы Күштерін құру мәселесіне келгенде кежегелері кері тартты. Олар «Егер бейбіт елдің іргесін қалар болсақ, бейбіт жолды таңдасақ, Қазақстанға әскердің керегі не, шекараның керегі не?» деп шу көтерді. Былай қарасаң пацифист-депутаттардың бұл айтқаны жөн де секілді, саяси тәжірибесіздік жайлаған 90-жылдардың басы емес пе, бұл уәжге имандай сенгендер де шықты.

Бір сөзбен айтқанда, шынайы депутаттар Қазақстанның болашақ әскерін құру туралы әйгілі екі заңды күшпен қабылдады. Айтпағымыз... «Әскери қызметкерлер мен қызметшілердің әлеуметтік мәселесін қорғау туралы» 2-ші заңды Қорғаныс министрінің бі­рінші орынбасары, қазақтың тұң­ғыш ғарышкері, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровтің тамаша талпыныспен қорғап шыққанын қалай ұмытармыз?! Әубәкіровтің мінберден ашық та ұғынықты тілмен сөз сөйлеп қана қоймай, саяси пікірталаста айтар ойы әріптестерінен оқ бойы озық болғанына куәміз. Қуандық та. Өмірін дыбыстан жылдам ұшқыр техниканы жетілдірумен үйлестірген әскери сынақшыға өз ойын кейде қатты айтатын әскери қолбасшыға, кейде түсініксіз әріптеспен тіл табысатын дипломатқа айналуына, бейімделуіне тура келді. Жаңадан құрылып жатқан жас мемлекетке жауынгерлерді жасақтау, қару-жарақты сайлаудан бастап өте таңсық әскери саясатты жүргізу оңай соқпады. Небәрі 5-6 пайыз офицерлер құрамымен бұғанасын бекітуге әрекет жасаған Қазақстан Қарулы Күштеріне, оны көшбасшыларының әрекетіне күле қарағандар аз болмады. Сол тұстағы болашақ еңбек демалысына шығатын әскерилерімізге айлығының 80 пайызына дейін зейнетақы береміз деген бап жолдары, бүгінгі армиямыздың аяғы­нан тұруына айрықша сеп болған екен-ау!

«Пацифист-депутаттар» екінші заңның 19-бабына келгенде қасарысып, «Бәріне көнеміз-ау, бірақ жарымжан армияның жыртығын жамауға есепсіз қаражатты қайдан табамыз?» деп «халықтың тілімен» сөйлеп мүләйімсіді. Бұл шын мәнінде қазақ армиясының құрылуына өлердей қарсы топтың аяқтан ақырғы шалуы-тын. Соңғы сөзді Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жоғарғы Кеңестің биік мінберінде тұрып «Бұл арада ешқандай да әңгіме болмауы тиіс, әскерге қаражат қажетінше беріледі» деп кесіп айтқаны да есімізде. Екі заңды да мақұлдап, оған Президент өзі қол қойды. Осыдан соң «пацифист-депутаттар аузын жапты.

Көбіміз, сынақшы-ұшқыш-ғарышкердің парламент залындағы халық өкілі ретіндегі теңдессіз жасаған сол бір ерлігі жайлы білеміз бе екенбіз?!

Ескерткіші жоқ Батыр. Қазір таңертең түшкірсең Ташкенттен, түсте түшкірсең ТМД елдерінен, кешке дейін, тіпті Жер шарының сан қиырынан қолдаған «жәрәкімалланы» естисің. Интернеттің ілкімділігі! Ташкенттен Шұхратжан әріптесдосым телефон шалып тұр: «Ашығын айтыңызшы, Тоқтар ағамыз шынымен-ақ біреудің баушарбағына түсіп қасқыр атып жүр ме? Біздің қазақ бауырлар түздің тағысын да жекешелендіріп алған ба?» Қызарып отырып, хал-қадерімше түсіндіріп бақтым. «Зор ұят болған екен дә, есімі Планетаның шеңберіне сыймайтын ағамызға тек қана құр­­мет көрсетуіміз керек емес пе?!» Артынша-ақ Алматыға тиіп тұрған Жалпақсайдан жай салып алып, демалып жатқан зейнеткер-полковник Сәтімбек көкем қоңырау шалды. «Ә, ба­ла, мынау не масқара?! Гүлстан жеңешең Тобыл-Торғай аймағының қызы ғой! Қаһары қатты, шайсыз қалдық... «Қазақтың бір туар азаматының атына ғайбат сөз айту неткен ессіздік?!» дейді. Төркініне қазір кетіп, «тәртіпсіз» інілерін тәубесіне түсірейін десе, мына пандемия карантині жолын байлап тұр...» Бәлкім, менің тұңғыш ғарышкеріміздің «фрилансер (штаттан тыс) баспасөз хатшысы» болғандығым себеп пе екен, сол күндері, әлеуметтік желі мен сайтты шулатып жіберген қыстың күнгі Батырға байланысты оқиғаның мән-жайын білгісі келген сансыз жазбалар мен есепсіз телефон шалуларға жауап беруіме тура келді. Әлемдік авиацияның аса құрметті Ақсақалына алақандай ғана ауыл азаматы біліп, бәлкім, білмей бір оғаш қылық жасап қойды-ай, амал қанша?!.

...№12 ғарышкер Георгий Береговой да КСРО Батыры атағын ғарышқа ұшқанға дейін алған азамат. Ғарыштан оралған соң кеудесіне екінші Алтын Жұлдызды тақты. КСРО-ның соңғы №52 ғарышкері Тоқ­тар Әубәкіровке ғарыштан оралғанда сол кездегі ел басшысы М.Горбачев саладағы әйгілі дәстүрді іштарлық жасап бұзды. «Желтоқсандағы қазақтардың ұлтшылдығы үшін» қысастық жасап, екінші Алтын Жұлдызды Әубәкіровке қимады. Бірақ туған елі даңқты ұлының ерлігін елеп, екінші Алтын Жұлдызды Халық Қаһарманының төсіне тақты. Тұңғыш ғарышкерімізді ерекше сыйлайтын әріптес ағам «Елімізде екі жұлдызды ғарышкерге неге ескерткіш жоқ, ертеде сондай тәртіп бар еді ғой?» деп шырылдап жүр. Дұрыс, айтуға хақылы! Ондай тәртіп бар еді!.. Осы орайда Бауыржан Момышұлының айтқан бір қағидасы әр кез еріксіз есіме түседі: «Нағыз батырлардың есімін ескерткіште емес, есте сақтау керек. Ескерткіш – бір жұмадан соң жаңашылдық мәнін жояды, небәрі дәріхананың, гүлзар мен гастрономның қасынан өткен­дей ғана әсерде қаласың». Даңқты Баукең ескерткішсіз де, халықпен бірге, жанында, жадында жүрді. Өмірден екшеп, түйіп айтқаны шы­ғар! Тоқаң да сондай ықыласқа бөленіп жүр емес пе?! Халықтың сүйген ұлы ғой...