Экономика • 28 Шілде, 2021

Шаруақор кәсіпорындар

339 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтырғы қатаң шектеулерден сансырап қалған отандық кәсіпорындар қайта ес жия бастаған сыңайлы. Әсіресе шағын кәсіпорындар жедел қалпына келген. Бір жылдың ішінде олардың табысы 10 трлн теңгеге дейін өсіпті. Ал орта және ірі кәсіпорындардың кірісі 13 трлн теңгеге жақындаған.

Шаруақор кәсіпорындар

Уақытша белсенділігін жоғалт­қан өндірушілер де жоқ емес. Олар­дың қатары 12 айда 19 пайызға бір-ақ артқан. 2021 жылдың шілде айындағы дерек бойынша елде 341,9 мың кәсіпорын бар. Ірі-ұса­ғын қоса есептегенде. Бұл 2020 жылдың шілдесімен салыстырғанда 6,4 пайызға жоғары көрсеткіш. Ranking порталының дерегіне сүйе­нер болсақ, осы уақыт ішінде уа­қытша жұмыс істемей қалған кә­сіпорындардың саны 18,8 пайыз, яғни 120,7 мыңға дейін көбейген. Жаңа компания­лар был­тыр­ғы­дан 2,7 пайызға (50,1 мың) көп болса, бел­сенді компаниялар саны небәрі 0,04 пайызға өскен.

«Уақытша белсенділігінен айы­рыл­ған компаниялардың басым бө­лігі Алматы облысына тиесілі. Өңірдегі ондай кәсіпорындар саны 54 пайызға артқан. Проблемалық компаниялар сондай-ақ Нұр-Сұл­тан мен Шымкент қаласында да­ жиі кездеседі. Ал белсенді кәсіп­орындар саны бойынша алдыңғы орында Шымкент қаласы тұр: 7 пайызға артып, 7,4 мыңға жет­кен. Үздік үштікке Шығыс Қа­зақ­стан және Павлодар облыстары да кіреді. Бірінші тоқсанның қо­рытындысы бойынша шағын биз­нес сегментіндегі өндірілген өнім, атқарылған жұмыс және көр­сетілген қызмет көлемі 5,3 трлн теңгені құрады. Бұл 2020-мен са­лыстырғанда 22,9 па­йызға жоғары», деп жазады Ranking са­рап­шылары.

Экономикалық өнім мен қызмет көлемі тұрғысынан салалар арасында сауда, автожөндеу, құрылыс және өңдеуші өнеркәсіптің бәсі биік. Көш соңында жүргені – сумен жабдықтау. Шағын кәсіпорындар өн­дірген өнім мен көрсеткен қыз­меттен түскен табыс 9,9 трлн теңге болыпты. Бұл цифр да былтырғы цифрдан 19,7 пайызға көп. Әсіресе табыстың басым бөлігі кәсіби, ғылыми және техникалық салаларда және сауда, автожөндеу, құрылыс секторларында.

Биыл кәсіпорындардың шығыны 10,6 пайызға қысқарған. Шығын да тағы сол сауда мен автожөндеуді, құ­ры­лыс пен өңдеуші өнеркәсіпті маңай­лай­ды. Орта және ірі компаниялар сег­ментінде бірінші тоқ­сан­да 8,6 трлн тең­геге өнімдер сауда­ланып, қызметтер ұсынылған. Осыншама кірістің көп бө­лі­гіне тау-кен өндірісі және карьер қазу, өң­деуші өнеркәсіп, транспорт пен сақ­тау саласы көбірек үлесін қосқан.

«Орта және ірі кәсіпорындардың қызметі мен тауарынан түскен табыс 12,5 трлн теңгені құрайды. Бұл былтырмен салыстырғанда 13,4 пайызға көп. Ал кәсіпорындардың шығыны 9,1 трлн теңгеге жеткен. 2020-мен са­лыс­тыр­ғанда 17 пайызға аз», делінген жоба зерттеуінде.