Аймақтар • 28 Шілде, 2021

Турист салығы: Жағдай талапқа сай ма?

806 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазір келсеңіздер, Баянауылда туристік маусымның нағыз қызған шағы. Демалыс орындары түгел туристерді қабылдауда. Пандемияның «пайдасы» осы ішкі туризм әжептәуір серпіліп қалды деуге болады. Қазақстанның қай тұсында болсын, туристер үшін көрікті жерлер жетерлік.

Турист салығы:  Жағдай талапқа сай ма?

Заң жүзіндегі бастамалар нәтижелі болса игі

Алайда сондай тамаша ай­мақ­­тардың мақтауын асырып, демалушыларға толтыра­тын туристік фирмалардың Баян­ауылды елемей жататыны бай­қалады. Әлбетте, мұнда сұра­нысқа сервис сапасының да сай болуы керек екенін түсінеміз. Оның үстіне жаңа заң жобасы бойынша аймақтық туристік әлеуетті ілгерілету мақсатында шетелдік туристер үшін турис­тік салық енгізу мәселесі қарас­тырылып жатыр.

Жыл сайын жаздың ысты­ғында Баянауылға бір барып қайтамыз. Биыл да Жасыбай көлінің суына шомылып, құмды жағалауын бала кезіміздегідей жалаңаяқ жүріп өтуге де уақыт тап­тық. Бұл жерде аудан әкім­дігі де көлдердің жаға­лауын демалу­шыларға лайықты да­йын­­дап, жол, электр, су жет­кізу­дегі бірқатар жобаны жал­ғас­тыруда. Туристер мен демалушылар Жасыбай көлі жағасында аудандық музей қызметкерлері ұйымдастырған экспонаттар көрмесімен танысуда. Көрмеде Қаныш Сәт­баевтың, Мәшһүр Жүсіптің және Сұлтанмахмұд Торайғыровтың мемо­риал­дық музейлері туралы арнайы жасал­ған буклеттер мен эмблемалы бейс­болкалар таратылды.

Ал өлкетанушы Алтынбек Құр­манов демалушыларға Баян­ауыл жерінің тарихын баян­дап, өлкеміздегі туристік мар­ш­рут­тармен таныстырады. Қол­өнер шеберлері Мақ­сұт­бек Көп­жасаров, Нұр­жан Жет­піс­баев, Айбек Молда­беков­тің қол­өнер бұйымдары да көрме­ден орын алған. Жер­гілікті «Беу, жігіттер!» халық ансамблі көрер­мен­дерге әсерлі ән салып береді.

Аудандық денешынықтыру, спорт және туризм бөлімі­нің басшысы Зейнолла Тәліпов­тің айтуынша, туристік аймақ­тағы 27 демалыс орны мен 14 қоғамдық тамақтану орнына POS-терминалдар орнатылған. Парк аумағындағы бақылау-өт­кізу пунктінде де ақшасыз есеп жасалады. Сондай-ақ 35 демалыс үйі, 14 дәмхана мен 7 сауда нүктесі санитарлық нормаларға сай екені туралы акт алды. Туристерді қабылдайтын 21 нысан Аshyq жүйесіне қосылған.

Баянауыл аймағында турис­терге арналған 4 мыңнан аса төсектік орын бар. Бір адамға ар­налған бөлме бағасы – 5 мың теңге. Инфрақұрылыммен қам­ты­луы, қызмет көрсету сапасы­на қарай бір тәулікке жалға алу құны 50 мың теңгеге дейін жетеді.

Аудандық комиссия Жасыбай дема­лыс аймағы аумағында турис­тік сала нысандарының сани­тар­лық-гигиеналық, санитарлық-эпи­демиялық нормалары мен талаптарын өткізу және сақтау үшін әрекет ету бағыттарын әзірлеген. Сондай-ақ демалыс үйлеріне келетін демалушылар туралы ақпараттар арнайы сайт арқылы Баянауыл ұлттық табиғи паркінің бақылау-өткізу пунк­тіне жіберіледі.

Тағы бір жақсы жағы, аудандық полиция бөлімінің жанынан құрыл­ған «Туристік полиция» 2019 жылдан бастап жұмыс істеп жатыр. Аудан­дық полиция бөлімінің 15, об­лыс орталығынан келген 5 полиция қызметкері Баянауылдың халықаралық имиджін таныстыру, туристік қызығушылығын арттыру мақсатында қызмет етуде. Полиция қызметкерлері ағылшын, неміс, қытай тілдерін меңгерген.

Облыс ор­­талығындағы Торай­­ғыров уни­вер­ситетінің сту­­­денті, Нигерия азаматы Салако­ Абраам өңір тарихымен таныс­тыр­ған «Туристік полиция» қызмет­кер­леріне алғыс білдірді. Ол полиция өкілдерімен бірге тауға шығып, қа­сиетті жерлерге саяхат жасаған, сұлу табиғат кереметтері ортасында түрлі суреттерге түскен.

Енді алдағы уақытта елімізге келетін шетелдіктерге турист са­­лығы салынады. Бұл мәселе Пар­­ламентте қаралды. Заң жобасын­да туристік әлеуеті жоғары аумақ­тарда нысандар салатын кәсіп­кер­лер үшін инвестициялық жеңіл­діктер қарастырылады. Яғни инвес­тициялық жеңілдіктер, турис­тік қызметті ынталандыру, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар да бар. Екіншіден, әлемдік тәжірибені ескере отырып және жергілікті бюджетке қосымша табыс көздерін табу үшін ішкі және сыртқы нарықтарда аймақтық туристік әлеуетті ілгерілету мақса­тында шетелдіктерге туристік са­лық енгізу және осы салық бойынша операторларды анықтау жоспарлануда. Салық мөлшерін жергілікті мәслихаттар, ал төлем тәртібін Үкі­мет бекітеді.

Өңірлік туризм басқармасының мәліметінше, Жасыбай демалыс аймағында көл жағалай орын тепкен демалыс үйлерінің иелері де «Ерекше қорғалатын табиғи аумақ­ты» мақсатты пайдаланғаны үшін мем­лекетке тиісті мөлшерде салық төлейді. Көл маңындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ-тың «Кристалл» демалыс үйі, Ақсу ферроқорытпа зауытының, Екібастұздағы «Бога­тырь» ке­ні­шінің демалыс үйлері халық­аралық талаптарға сай.

Жергілікті биолог, ғалым Қа­нат­бек Алтаевтың айтуынша, Баян­ауылға келетін өзіміздің турис­терді де Жасыбай, Торайғыр, Са­бындыкөл жағалауына жеке-жеке бөліп, үш жерге орналастырған жөн. Бірақ бұл жерлерде су мен кәріз жүйелері, инфрақұрылымы жасалмай, көлдердің, демалыс аума­ғының тазалығы сақталмайды. Дәретхана таппай жүгіріп жүрсе шетелдіктерден де ұят. «Сондықтан Ұлттық парк аумағына қарасты де­малыс аймақтарын туристік тұр­ғыдан пайдалану, демалыс үйлерінің қызметі еліміздегі заң­намалар барысында реттелуі қа­жет. Заң талаптарын орындамай демалыс аймағынан жерді жал­ға алып, өз кәсібін жасаушы­лар табиғатқа зиян келтіреді. Жасы­бай көлі жағасындағы жекемен­шік демалыс үйлерінен, кафелер­ден шығатын қалдық су көлге құйылуда. Табиғат қорғау шарала­рының жеткіліксіздігі, заманауи инфрақұрылымдардың болмауы, маңайында орналасқан ауылдарда кәріз жүйелерінің салынбауы табиғатқа зиян», дейді ғалым.

Ұлттық парктерде эко-туризм, медициналық, тарихи-танымдық туризм бағыттарына арнайы ин­фра­құ­рылымдық бағдарламалар қа­­жет. Баянауыл – айрықша қор­ға­латын рекреациялық аймақ бол­­­­ған­дықтан, қоршаған ортаны қорғау міндет деген сөз. Осы қа­былданатын бағдарламалар арқылы Баянауылдағы жыл сайын­ айтылатын Торайғыр көлі, Сабын­ды­көл аумағын іске қосу қажет. Жоба жүзеге асса, Жасыбай көлі аумағына түсетін туристік әлеуеттің салмағы азаяды.

«Ал Ұлттық парктің аумағы 60 мың га болса, соның 14 мың га ж­е­ріне туристерге келуге рұқсат берілген. Заңдылық бойынша жазғы демалыс 3 ай уақыт ішінде 14 мың га жерге демалуға 35-40 мыңдай турист келуі тиіс. Қазір Жасыбай аумағында екі-үш есе көп, 150-200 мың турист демалады. Бұл жағдай табиғатқа антропогендік әсерін тигізуде. Көлдің суының лайлануы демалушылардан келген залал дер едім», дейді туризм саласының ардагері Жұмагелді Дүйсекеев.

Заңнама жүзінде туристік нор­мативтік-құқықтық актілер бол­ма­ғандықтан, демалу ере­же­лерін бұзу орын алуда. Оны өзіміз де барғанда көріп қалдық. Тіпті кейбір жергілікті демалушылардың көбі шатыр-күркелерін, киіз үйлерін, тұрмыстық заттарын, азық-түлік­теріне дейін тиеп алып келеді. Көлік­теріне түнейді. Көл жаға­сында самаурын қойып түтіндетіп, тіп­тен қазанға ет асқысы келетіндер де бар екен.

 

Туристік фирмалар Баянауылды неге елемей отыр?

Былтыр еліміздің үздік 10 турис­тік өңірі қатарындағы Баянауыл­ туристік аймағында 2025 жыл­ға дейінгі арнайы бағдарлама қабыл­данғаны белгілі. Облыстық туризм және спорт басқармасының мәлі­метінше, енді бағдарлама ба­ры­сында құны 17 млрд теңге тұра­тын 32 жоба іске асырылмақ екен. «Баянауылдағы туризмді дамыту тұжы­рымдамасының» жобасын­ Торайғыров университетінің ға­лым­­дары мен облыстық туризмді дамыту басқармасы бірлесіп да­йын­­даған.

«Жоба бойынша былтыр 503,7 млн теңгеге аудандағы қосымша стан­садан Жасыбай көлінің жаға­ла­уына дейін қуаттылығы 35 кВт электр желісі тартылды. Торай­ғыр ауылына кіреберіс жол жөн­дел­ді. Ендігі бір ауқымды жоба – Жа­сыбай көлінің аумағына орта­лық­тандырылған су желісін жүргізу жұ­мыстары басталады», дейді бас­­­қар­маның бөлім басшысы С.Нұр­мағамбетова.

Сонымен қатар биыл туристік маусым аяқталған соң Жасыбай көлі жағалауына жеткізетін серіп­пелі-серпантин жолы да жөнде­леді. Кәсіби спортшылар мен демалу­шылардың спортпен шұғылдануы үшін шаңғы-роллерлік трасса салынады.

Торайғыров университетінің География және туризм кафе­дра­сының профессоры Ғалымбек Ажаев­тың айтуынша, жоба барысында аудан­дар мен қалалардағы туризмнің инфрақұрылым деңгейі бойынша емдеу-сауықтыру туризмі, сакралды туризм және өндірістік туризмді дамытуға сараптама жасалды. Қазір туризм бағыттары көрсетілген туристік-рекреациялық ресурстар картасы және тартымды жерлерді аумақтарға бөлген карта жасалды. Және де TravelPvl арнайы туристік мобильді қо­сым­шасы әзірленді. Туризм сала­сы қызметкерлерін оқы­ту курста­ры­ның бағдарламалары дайындалды. Курсты университет оқытушылары тұрақты түрде оқы­тады. Бірақ кәсіп­керлер демалыс орын­дарын­да жасалған жағдайлар туралы жағымды ақпараттарды атал­ған мобильді қосымшаға әлі жүкте­мегені өкінішті.

«Жасыбайдағы сияқты Торай­ғыр, Сабындыкөл көлдерінде, Мыр­зашоқы тау курортында демалыс үйлерін салу қажет. Мысалы, Торайғыр көлінің жағалауында этноауыл құрып, квадроцикл мен атқа міну алаңын, альпинистер үшін жалтыр құзға өрмелеу, балық аулау орындарын ашуға болады. Біздің студенттер құрастырған үй­лерді елдегі туристік орындарға тарату керек деп ойлаймын. Студент­тер сип-панельдерден үйлерді құрас­тыруда. Аумағы 27 шаршы метрді құрайтын үйлерді демалыс орындарына алып бару өте қолайлы», дейді профессор Ғ.Ажаев.

Ғалымдар мен басқарманың бірлескен жобасында Аққулы
ауданы Тұзқалада батпақпен емдеу санаториясын ашу, Шарбақты ауданы Маралды көлінің инфрақұры­лымын жетілдіру, қалалар мен
аудандарда жағалаулар ашып, оларды абаттандыру ұсынылған.

Сондай-ақ жобада өңірдегі ту­рис­­тік нысандардың тізімі жасалып, табиғи-рекреациялық, мәдени-тарихи, инфрақұрылымдық жүйе­сіне сай біріктірілді. Қазір облыс­та 29 табиғи-рекреациялық, 130 мәдени-тарихи, 270 инфрақұры­лым­­дық нысан тіркеліп, жыл сайын толықтырылады.

Тағы бір мәселе, бұған дейін Баянауылдағы демалыс үйлері өңірдің туристік фирмаларымен бірлесе жұмыс істемейтіні айтылды. Облыстың туристік фирмалары Алакөл, Балқаш, Ақтау, Каспий теңізі жағалауы, Алматы облысымен тығыз байланыста болғанымен, Баянауыл демалыс аймағына назар аудармайтыны байқалған. Сон­­дықтан жергілікті туристік ұйым­­­дар қауымдастығы облыстық әкім­діктерге осындай жайт барын ескерткен-ді. Баянауыл курорттық аймағының демалыс үйлері өңірдің турфирмаларымен комиссиялық сыйақымен жұмыс істемей-ақ, жолдамаларды тікелей сатқысы келеді екен. Мысалы, туристерге экскур­сияларды кез келген мұғалім, ем­деуші апалар жүргізеді, кесенелер басына апарады.

Ал жергілікті туристік ұйымдар қауымдастығы облыстық әкімдікке өңіріміздің ерекшелігіне орай өнеркәсіптік туризмді, агротуризмді дамыту үшін кәсіпорындарды аралау алаңдарына қолжетімділік мәселесін шешіп беруді сұрайды. Мұндай кәсіптік туризм түрлері оқу бітірген жастардың, басқа да жұ­мыссыз жүрген мамандық иеле­рінің жұмыс табуына мүмкіндік береді.

Біз жоғарыда Баянауыл демалыс аймағының еліміздің үз­дік 10 туристік өңір қатарында еке­нін жаздық. Енді осы жоба ая­сындағы 10 бағыт бойынша респуб­ликалық бюджеттен 17,5 млрд теңге бөлінбек, 30-дан аса жоба бел­гіленді. Бірақ Баянауыл туризмі қашан жүзеге асары белгісіз жоба-жоспарларға тәуелді. Осы ретте облыстық Туризмді дамыту және спорт басқармасының мәліметінше, экология, көріктендіру, әуежай, жол, инфрақұрылым, инвестор тарту, маркетинг сияқты бағыттар бойынша жұмыс жоспарланыпты. Жоспар аясында қыруар қаржы демалыс аймағында инфрақұрылым салуға, жолдар жөндеуге, электр желісін тартуға, трансформаторлар, вакуумды ажыратқыштар, кабель өнімдері, тіректерге арналған іргетастар, темірбетондар тұрғызуға жұмсалады. Биодәретханалар, орын­дықтар, қоқыс жинауға арнал­ған контейнерлер орнатылады. Жаңа демалыс үйлері, кешендер мен корпустар бой көтереді. Бір үміт, бір күдік.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы