Экономика • 29 Шілде, 2021

Бензин бағасы: Қымбаттататын – делдалдар

352 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Маусым айының басынан бастап, мұнай нарығы тұрақтала бастады. Елде жеткілікті бензин қоры бар екені ресми органдар тарапынан айтылып жатыр. ОПЕК Бас хатшысы Мохаммед Баркиндо маусым айының басында мұнайға деген сұ­раныс тәулігіне 96,5 млн баррельге дейін өсетінін мәлімдеді. Көптің көке­йін­де мұ­найға сұраныс өссе, бензин неге арзандамайды деген заңды сауал тұр.

Бензин бағасы: Қымбаттататын – делдалдар

Үкімет жанар-жағармай саласын субсидияласа, оның қызығын көрші елдердің көлік жүргізушілері көретіні 2019 жылы байқалып қалды. Сол жылы Қазақстан мен Ресейдегі бір литр бензин бағасының айырмашылығы 100 теңгеге жеткен кезде көрші елге көлеңкелі бензин экспорты күрт өскенін көзіміз көрді. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Үкімет бензин бағасын халықтың қалтасына салмақ түсірмейтіндей етуге басымдық беретін тәрізді. Бірақ биылдан бастап, бензині арзан ел болып отыра алмайтынымыз белгілі болып қалды. Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі бензин бағасына екі фактор әсер етеді. Алғашқысы – Ресейдегі бөлшек және көтерме саудадағы бензин бағасы, екіншісі – Қазақстандағы қажетті мөлшерден 1,5 есе көп бензин қоры. Бензин профицитін теңестіріп тұратын фактордың болғаны біз үшін маңызды. Себебі тек біз ғана емес, көршіміз Ресей де бензин бағасының әлемдік бағамен салыстырғанда өздерінде төмен екеніне алаңдай бастады. Ресейдің Жанар-жағар­май одағы қауымдастығының басшысы Павел Баженов апта басында журналистермен кездескен кезде бензин ба­ғасы қазіргісінен 4-5 рубль жоғары болу­ы керектігін, бағаның төмендігі мен шы­ғын­ның көптігінен операторлар шығынға батып жатқанын айтты.

П.Бажкеновтің сөзінше, қазір ком­­­па­ниялардың басым көпшілігінде артық бензин қоры жоқ. РФ Энергетика министрлігі 1 мамырдан бастап жанармай бағасының динамикасын тежеуге бағытталған құбылмалылықты қолдан реттеу тетігін іске қосады. Бұл әдіс нәтижесін бермесе, министрлік бензин экспортына тыйым салуға шешім шығарып, жаңа компаниялармен жанармай келісімдерін жасасуы мүмкін.

Тіпті 100 пайыздық қамтамасыз етудің өзі жанар-жағармай бағасын өзіміз қалаған деңгейде белгілеуге мүмкіндік бермейтіні белгілі. Ішкі нарықтағы бағаға импорт және экспорт бағасының сәйкестігі ғана емес, көрші елдердің осы сегменттегі ба­ғ­асы да әсер етеді. Сонымен қатар кез келген өнімнің, соның ішінде бензиннің түпкілікті құны әлемдік нарықта болып жатқан процестермен де тікелей байланысты.

Сарапшы, Қазақстандағы мұнай сер­­вистік компаниялары төрал­қа­сы­ның төрағасы Рашид Жақ­сы­лы­қов бензинді тауар биржасына қоюға мүмкіндік бар екенін айтады. Бірақ ол әзірге аз көлемде саудаланып жатыр, сондықтан бағаға әсері аз. «Биржа бағаны ашық етіп, жанар-жағармай материалдарының құнын төмендетуі керек, бірақ оның Қазақстанда қалай жұмыс істейтіні әлі белгісіз», дейді сарапшы.

Біздің ішкі нарықта бензин баға­сына әсер ететін факторларға қатыс­ты Үкіметтің ұстанымы айқын емес. Үкімет соның бәрін тіз­бе­леп, нақтылап түсіндіріп беруі тиіс еді. Сол кезде бензин бағасы туралы мәліметтер ЕАЭО немесе ДСҰ алдын­да­ғы міндеттемелерсіз-ақ түсінікті болары сөзсіз. Қазір ЕАЭО елдерінде бензин бағасы нарықтық жолмен реттеледі немесе арзандайды деп дәмеленудің қажеті жоқ. Сарапшы нақтылап өткендей, мұның үш себебі бар. Біріншіден, Қазақстандағы мұ­най өңдейтін зауыттардың үшеуі де инвесторлардың қаржысымен жаңартылды. Инвестор бірінші кезекте жұмсаған ақшасын қайтарып алуға басымдық береді. Дәл қазір бензин арзандаса, инвестор шығындарын оңтайландыру үшін жұмысшыларды қысқартады. Ал экспорттан түсетін табыс мұнайшылардың ішкі нарық­та­ғы шығынын жаба алмайтынын сарапшылар айтып жатыр.

FinReview агенттігінің сарапшылары өндірістік қуаттылықты арт­ты­руға бағытталған айналым қа­ражатының 40%-ы банк пен банк­тік емес сектордың қарызынан тұра­ты­нын осыған дейін де талай рет ескерткен. Бұл да – бензин бағасының құбылмалығына әсер ететін фактор. «Біз ДСҰ немесе ЕАЭО алдындағы міндеттемеге қол қоймастан бұрын халықтың жан басына есептеген кездегі нақты табысын сол елдермен теңестіруге қол жеткізуіміз керек еді. Халықтың нақты табысының қандай екенін білеміз. Алдағы төрт жылда ортақ нарыққа кірмес бұрын халықтың табысын көтеріп алу керек. Елдің табысын көтеру дегеніміз – шағын және орта бизнес үшін қолайлы орта құру, қосымша жұмыс көздерін ашу деген сөз. Ал біздегі жағдай монополистер мен делдалдардың мүддесіне басымдық беруге көбірек ұқсап барады», дейді Р.Жақсылықов.

Сарапшылар 2032 жылға дейін жанармай тапшылығын көрмейтінімізді айтып отыр. Бұл – мұнай-газ секторы үшін маңызды фактор. Себебі 2018 жылдан бері бензин импорты 32 есе азайды. Ресей мұнайына 100 па­йыз тәуелді болып келген Павлодар мұнай өңдеу зауыты 2018 жылдан бастап өзіміздің шикізатпен жұмыс істеуге көшті. Логикалық тұрғыда ішкі нарықтағы жанармай құнын өз бетінше қалыптастыра алатынымызға мүмкіндік мол. Бірақ соңғы екі жылдағы мұнай баға­сын­да­ғы құбылмалылық бензин бағасына да әсерін тигізді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2011 жылдан бергі 10 жылда АИ-92 бензинінің орташа құны 76%-ға, АИ-95/96 бензині 73,5%-ға, АИ-98 бензині 79%-ға, дизель отыны 131 %-ға қымбаттаған. Шымкент мұнай өңдеу зауытында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты баға одан да қымбаттап, ішкі нарықта жанармайдың жетіспеушілігі болуы мүмкін. Қазақстанда мұнай өңдеу технологиясының ескіргені соншалықты, біз 1 тонна мұнайдан 300-350 литр ғана жанармай ала алатынымызды сарапшылар осыған дейін де талай рет айтқан. Ресейде 1 тонна мұнайдан 600 литр бензин алынса, АҚШ-та 800 литр жанармай алады.

Сарапшы Бейсенбек Зиябеков бензин бағасы туралы айтқанда бағаға әсер ететін факторларды да ескеріп жүру қажеттігін айтады. Сарап­шы­ның нақтылап өткеніндей, бензин құнына зауыттағы көтерме бағадан бастап, жанармай құю стансасына дейінгі барлық шығын әсер етеді. Санамаласақ, резервуар паркінде сақтау, пайдалану шығындары, са­лық­тар, банктік қызметтер, ҚҚС, жалақы болып жалғасып кете береді. «Баға­да­ғы мұнайдың үлесі тек 11-14%. Жа­нармай құю стансаларының маржасы литріне – 1-3 теңге. Бұл жерде кәсіпорындар бензинге деген ішкі нарықтың жоғары сұранысынан пайда тауып отыр. Демек, ортадағы делдалдар бағаның 30 па­­йыз көтерілуіне әсер етіп отыр», дейді Б.Зиябеков.

Қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы түсіп жатқанымен, Қазақстандағы жанармай өнімі сол қымбат күйінше қалып отырғанының себебі осы. Демек, технологиялық базамызды жетілдірмейінше, бензин бағасы да тұрақтамайтыны сөзсіз. Бензин дайындаудың өзіндік құны өсіп жатыр. Зауыттарды жаңғырту, бағамдық айырманы арттыру, логистиканың қымбаттауы бағаға әсер етеді. Мұның соңы нарықтағы қымбатшылықты бірнеше жылға ұзартып жіберуі әбден мүмкін. Сарапшының пікірінше, бензин бағасы қымбаттамаса, арзандамайды. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бензин қазір – биржалық өнім. Қазақстанның ЕАЭО және ДСҰ алдында ішкі нарықты субси­ди­я­­лаудан бас тарту бойынша мін­дет­темелері де бағаға әсер етеді. Мысалы, АИ-92 маркілі бензинді 170 теңге делік. Оны баррельмен есептесек, 159 литр болып шығады. Мұны нарықтық бағамен есептегенде, шамамен 60 АҚШ долларына айналады.Сондықтан нарықтағы дайын өнімнің бағасы шамамен 60 АҚШ долларын құрайды.

Сарапшылар бензин бағасының мұнымен тоқтап қалмайтынын, ал­да­ғы уақытта өсе беретінін өткен жылдан бастап айта бастаған болатын.

Энергетика министрлігі наурыз айының бас кезінде ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің бағасын мемлекет реттемейтінін, сұраныс пен ұсы­ныс­қа ғана басымдық берілетінін, ба­ғаны да осы фактор реттейтінін айт­қан. Мұнай-газ саласының сарапшы­сы Олжас Байділдинов бензин бағасы мұнайдың әлемдік бағасының өсуімен байланыс­ты деген пікірдің күні өткенін айтады. ЕАЭО мен Дү­ние­ж­үзілік сауда ұйымы бағаны әлем­дік бағамен теңестіруді талап етіп отыр. 2020-2021 жылдар арасындағы бағаның өсуі (14 пайыз) – өзге мұ­най­лы елдермен салыстырғанда ең төменгі көрсеткіш. Салыстырайық, АИ-95 бензинінің нарықтағы құны 205 теңге шамасында, Ресейдегі баға – 288 теңге.

Олжас Байділдиновтің айтқанына ден қойсақ, қазақстандық мұнайды өндірудің өз қиындығы бар. Ал Қа­зақ­стан наурыз айында биржалық ме­­ханизмге көшті. Үкіметтің бағаны ба­­қы­лауда ұстауы ұзаққа созылмайды. 2022 жылдан бастап тек бензин ғана емес, сұйытылған газ құнын да биржа реттейді. Сарапшының ойын­­ша, халыққа бензинді барынша үнемдеудің мүмкіндіктерін қарас­ты­ру­­дан өзге жол жоқ.