Қоғам • 02 Тамыз, 2021

Еңбек дауын тиімді шешудің жолы қайсы?

628 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда әр жерде бір бой көтеріп қалатын еңбек дауларын шешудің ең бір тиімді жолы – еңбек ұжымдарының мүддесін қорғай алатын ықпалға ие қуатты бастауыш кәсіподақ ұйымдарын қалыптастыру екені сөзсіз. Бұл мәселе төңірегіндегі тұшымды ой-пікірлер «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Қостанай қаласында онлайн режімде өткен кәсіподақ ұйымдарының жиынында айтылды.

Еңбек дауын тиімді шешудің жолы қайсы?

Бастауыш кәсіподақ ұйым­дары­ның қазіргі жай-күйі тал­қы­ланған басқосуға Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орын­басары Мұхтар Тінікеев, Мә­жіліс депутаты Екатерина Смы­шляева, облыстық кәсіподақ ор­та­­лығының төрайымы Ирина Аро­нова, Қостанай облысын­да­ғы кәсіпорындардың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкіл­дері қатысты. Жиын бары­сында өңірдегі еңбек ұжым­да­рының өзекті мәселелері тал­қыланып, агроөнеркәсіп кешені жұмыскерлерінің еңбек және әлеу­меттік-экономикалық құ­қықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсы­ныстар ­айтылды.

– Биыл 22 ақпанда бастал­ған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында біз Федера­­­ция басшылығымен бірлесе оты­рып, әр саладағы бастауыш кә­сіп­­одақ ұйымдарымен, ең­­бек ұжы­мдарымен кездесу өт­кіз­дік. Бүгін онлайн режімде ұйым­дастырылып жатқан жиын – сол шаралардың жалғасы. Басты мақсат – салалық кәсіподақ ұйым­дарының жұмысын жанданды­ру, сондай-ақ бастауыш ұйым­дар­мен тікелей байланыс­та болу, өз­де­рін толғандырған мәселелер жөнінде қатардағы кәсіподақ мү­шелерінен тікелей хабар алып отыру және Кәсіподақтар федерациясы басқарушы және ат­­қарушы органдарының жұ­мыс­шылардың әлеуметтік-эко­номикалық және еңбек құ­қық­тарын қорғау жөніндегі мүше­лік ұйымдардың жұмысын жан­дан­дыруға бағытталған жаңа жобаларын, қабылдаған ше­шім­де­рін, атқарып жатқан жұмыс­та­рын бастауыш кәсіподақ ұйым­да­ры­на хабардар етіп отыру. Тағы бір айта кететін жайт, биыл біз сала­лық кәсіподақ филалдары­мен бір­ге үш бірдей жаңа бас­тауыш кәсіподақ ұйымының ашы­луы­на ұйтқы болдық, – деді об­лыс­тық кә­сіподақ орталығының төр­айы­мы И.Аронова.

Жиын барысында Заречный ауылында орналасқан «Терра» шаруашылығындағы бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Татьяна Салко он­лайн байланысқа шығып, жиын­ға қатысушыларды ша­руа­шылықтың тыныс-тіршілігін, өзі бас­шылық ететін ұйымның жұмы­сымен таныстырды.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұх­­тар Тінікеевтің айтуынша, биыл федерация басшылығының қатысуымен әртүрлі саладағы 343 бастауыш кәсіподақ ұйымы­мен онлайн-кездесулер өткен. 30 мың­ға жуық кәсіподақ мүшесі қамтылған мұндай кездесулерде негізінен еңбеккерлердің өмір сапасын жақсартуға байланысты мәселелер көтерілген. Кәсіподақ мүшелерін әсіресе лайықты жа­лақы, әлеуметтік кепілдіктер, зейнеткерлік жасты төмендету, 3 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы төлемдері, шипажайда емделу сияқты мәселелер толғандырады.

– Онлайн кездесулерде кө­терілген 228 мәселенің 48-і аймақ­тық деңгейде, 8-і республика­лық деңгейде шешілді. 170 мәселе ­ба­қылауға алынды, оларды ше­шу жұмыстары жалғасуда. Қиын­дығы сол, бұл тек қолданыс­та­ғы заң­дарға өзгерістер мен то­­лық­тырулар енгізу арқылы ға­на шешім табады. Соңғы кез­­дері біздің елімізде 40-тан аса кә­сіп­орында еңбек дауынан бас­тал­ған жанжал туындады. Осы кәсіпорындардың 18-ін­де ғана ­бастауыш кәсіподақ ұйым­дары бар екен. Осыған қа­­рамастан, біздің федерация өкіл­дері, аумақтық кәсіподақ бір­­лестіктерінің басшылары осы жан­жалдардың бәріне дерлік ара­ласып, тараптарды ымы­раға ша­қыру шараларын жүр­гізді. Бұл дауларда негізінен жа­ла­қы­ны көтеру, еңбек жағдайын жақ­­­сарту, жұмысшыларды арна­йы киім­мен қамтамасыз ету, дұ­рыс тамақ­тан­дыру сияқты мә­се­ле­лер көте­ріліп жатады, – деді М.Тінікеев.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасы орынбасарының сө­зін­ше, қазіргі қолданыстағы ең­бек кодексіне өзгерістер енгізу қа­жет. Өйткені қазіргі еңбек кодексі бо­йынша көп жағдайда жұмыс бе­ру­шіге құқықтық ба­сымдық бе­рілген.

– Бұл кезінде ірі бизнесті дамыту үшін өңірлерге инвестор тар­ту мақсатында жасалған болатын. Қазір жағдай өзгерді. Сон­дықтан аталмыш құқықтық ко­декс өзгерістер енгізуді талап етеді. Бұл туралы Жоғарғы Сот төрағасымен болған кездесу­де де айтылды. Қазіргі соттар кө­біне еңбек дауына қатысты ша­ғым­дардан бас көтере алмайтын жағдайға жетті. Сондықтан қа­зіргі еңбек кодексі еңбек адамы­ның құқығын толық қорғап қа­ла алмайды, – деді федерация төр­ағасының орынбасары.

Жиында еңбек кодексіндегі олқылықтардың нәтижесінде әр облыс орталығында ымыраға шақыру орталығы құрылғаны туралы айтылды. Бүгінге дейін бұл орталықтарға 40 мыңнан аса еңбек дауына қатысты шағым келіп түскен.

Кәсіподақ мүшелері сонымен қатар мемлекеттік еңбек инс­пекциясының қызметін кү­шейту туралы мәселе қозғады. Айтуынша, елімізде қазір 240-тан аса мемлекеттік еңбек инс­пекторы жұмыс істейді екен. Заң бекіткен ереже бойынша 1 инс­пекторға 10 мың адамнан келу керек болса, қазір әр инспекторға 23 мың адамнан келеді екен. Мұның сыртында, қазіргі еңбек инспекторлары кәсіпорындардың 3-ақ пайызын қамтып отырған көрінеді. Жиынға қатысушылар алдағы уақытта еңбек инспекция­сы қызметін әкімдіктерден алып, оны министрліктің құзырына тапсыру керек деген ұсыныс әзірлеу қажет деген шешімге келді.

 

Қостанай облысы