Әсіресе белгілі бір өңірде туып-өсіп, бірақ басқа аймақта қызмет істеп жүріп қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірқатары күні бүгінге дейін лайықты тарихи бағасын алмағаны анық. Солардың бірі – Сұлтанбек Бекұлы Садықбеков.
Ол 1904 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір ауданының «Сырдария» елді мекенінде дүниеге келген. Алты жасынан он жасқа дейін ауыл мектебінде білім алған. Алғаш сауатын ашқан табанды баланың білімге деген құштарлығын байқаған әкесі 11 жастағы Сұлтанбекті 1915 жылы Шымкенттегі екі сыныптық қазақ-орыс мектебіне оқуға береді. Онда бір жылдан астам уақыт қана оқып, Қазан төңкерісіне байланысты мектебі жабылып, үйіне қайтуға мәжбүр болады. Дегенмен, зерделі шәкірт орыс тілін жақсы меңгеріп шығады.
С.Садықбеков Сырдария губерниясында қызметте жүргенде, 1925 жылы өз өмірбаянында: «Әкемнің басқа да балалары болғандықтан, маған оқуымды жалғастыруға немесе басқа жаққа қызметке тұруға толық мүмкіндік болды. 1918 жылы Арыс қалалық жұмысшы-шаруа депутаттарының кеңесінде күзетші-таратушы болып үш ай жұмыс істедім. Содан тағы бір ай мұсылмандар азық-түлік комитетінде қызмет атқардым. Сол жылы күз айында Ташкент қаласына барып, педагогикалық курсқа түсіп, оны 1919 жылы көктемде бітіріп шықтым. Одан соң Шымкентке келіп, уезд мұғалімі болып жарты жыл және Арыста бір жыл жұмыс істедім», деп жазған. Ал Социалистік Еңбек Ері Боранбек Шүкірбеков «Мен жүрген жол» кітабында:
«...Әкемнің әкесі Әліпбек атам – Садықбек байдың баласы. Мыңға жақын қой, түйе, жылқы біткен бес ағайынды болыпты. Ескіше оқыған, оразасы мен намазы үзілмеген дінге берік атамыз 1904-1905 жылдары 40 жасында қасына 20 шақты адам ертіп, Меккеге қажылыққа барып келген.
Әліпбек әжі атанып, ел арасында өте сыйлы кісі болған атамыздан бес ұл, төрт қыз туған. Бес ұлынан өрбіген ұрпақтары бүгінде жүз шаңырақтан әлдеқашан асып кетті. Мен – осы Әліпбек-әжінің немересімін.
Әліпбек әжінің ағасы Бек дәулетті бай болған. Патша өкіметі тұсында екі баласын орыс оқуына берген. Садықбеков Сұлтанбек деген ұлы Қазақстандағы алғашқы оқу орындарының бірі Шымкент педагогикалық оқу орнының директоры, Сырдария губерниясында ГУБОНО бастығы, Қарағанды облыстық кеңес атқару комитетінің хатшысы, Кеңестік Қазақстан білім беру министрлігінде жауапты қызметтер атқарған. Сәкен Сейфуллинмен дос болып, отбасымен араласқан ағамыз – өзі ақын әрі рең-басы келісті, көрген кісі қызығып қарайтындай айрықша келбетті жан болған», деп Сұлтанбектің шыққан тегі, өскен ортасы жайлы мәлімет бере кетіпті.
Аумалы-төкпелі заманда білім жолында жүрген жас азаматты халқының ауыр жағдайы, елінің тағдыры қатты толғандырады. 1920 жылы Шымкентте өңірлік 3 айлық мұғалімдік курсқа түсіп, оны жақсы аяқтап, сол жерде 2-3 ай мұғалім болып қызмет атқарады. Сол жылғы күздің аяғында жас та алғыр жігіттің қабілетін байқаған Түркістан Халық ағарту Комиссариаты Сұлтанбекті Самарқанд қаласына аттандырып, сонда қазақ мектептерін ашу үшін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді тапсырады. Ол жұмыстарды ойдағыдай атқарып, 1920-1921оқу жылының аяғына дейін сонда қызмет атқарады.
С.Садықбеков өмірінің осы кезеңі жайлы мәліметтерді сол кездегі ең беделді басылым санатындағы «Ақ жол» газетінен де кездестірдік. Ол осы газеттің тілшісі болған. «Ақ жолдың» ұлттық мүддеден айнымай, жұрт жоқшысына, шындық шырақшысына айналуына оның да қосқан үлесі бар. Бұған қайраткердің «Ақ жол» беттеріндегі мақалаларын бір қарап шыққан соң-ақ көз жеткіздік. Ащы сарказмының, өткір әжуасының астарынан жергілікті биліктің қара халықтан қатты алшақтап кеткенін аңғару да ойлы оқырманға қиынға соқпайды. Мәселен, «Самарқандтағы қазақ мектебі» мақаласында ол Самарқанд облысындағы Достонов деген стансада облыстық халық ағарту бөлімі қазақ, орыс балалары үшін жүз балалық ортақшылдық мектебін ашқанын қуана құптай отырып, орыс балалары бұзықтық қылып, білім ордасынан шығарылған соң 50-ге тарта қазақ баласы қалған таза қазақ мектебінің жай-күйін ашық айтып, он сайманынан бір сайманы жоқ әрі қызметшілері де аз, оқу құралдары дегенді атымен көрмеген мектептің болашағына алаңдайды.
«11 майда Самарқандтан халық ағарту бөлімінің бастығы Рахманбердиев шықты. Бұлар мектепті көргеннен кейін «онда сарт пен қазақтың баласын қосып оқытуы керек» деді. Біз «қосып оқытуға болмайды, өйткені арада тіл айырмасы бар» дедік. Ақырында айтқанымызды тыңдамай, тілінің арасында айырма жоқ деп өзі білмей, білгеннің тілін алмай, мектептеріңді Самарқанд қаласының ішіне апарып, өзбек мектебіне қосамыз яки осы жерге өзбек баласын әкеп қосамыз һәм мектептеріңнің қызметшілері аз екен. Мынау оқушыларыңның ішінде ересек балалар бар екен. Бұлар үлкейіп кетіпті. Енді бұлар оқушылықтан шығады. Мектепке жұмыскер болады деді. Сөйтіп 16-ға жетер-жетпес баланы жазып алып кетті», деп Самарқанд уезінің халық ағарту бөліміне елдің наласын қаз қалпында жеткізіп, қазаққа рахымы жоқ Рахманбердиев секілділердің көппен кеңеспей, өзімбілермендікке салынуының салдары ауыр болатындығын ескертумен бірге, мұндай жергілікті халықтың жағдайынан бейхабар басшының халықты ағартпақ түгіл, қарайтып жіберуі де мүмкін екендігін алға тарта отырып, тиісті шара қолдануды талап етеді. Шындығында, сол кезде Самарқанд облысында бірнеше болыс қазақ тіршілік кеше тұра, бір қазақ мектебі ашылмаған болатын. «Қазақ мұғалімдері жоқ» деген жалтарма жауапқа да өз уәжін дәлелді түрде жеткізген қайраткер ат төбеліндей жалғыз қазақ мектебін көп көріп, өзбек мектебіне қосып, аралас мектепке айналдыруға шама-шарқынша қарсы шығады. Жалпы, қашанда жұрт қамын ойлап, ел тұрмысын түзеуде туралығынан танып көрмеген Сұлтанбектің Самарқанд халқының «жанайқайын» жоғары органдарға «төртінші биліктің» атынан еш боямасыз жеткізе білуі оның беделді басылымның белді тілшісіне айналуына септігін тигізген басты фактор деуге болады.
Ол кейін Шымкент қаласына қайта оралып, Сырдария губерниялық педагогикалық техникумында тәрбиеші болып бір жыл қызмет істейді. 1923 жылы Ахмет атындағы (қазіргі Қ.Сыпатаев мектебі) мектепті ұйымдастыру жұмысына атсалысып, сол мектепте оқытушы болады. Өзіне тапсырылған жауапты жұмыстарды тиянақты орындай жүріп, 1924-1925 жылдары Шымкент уездік білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарса, 1925 жылы Сырдария губерниялық оқу бөлімін басқарады. 1925 жылы маусым айынан Ахмет атындағы мектепте мұғалімдік қызмет атқара жүріп, Сырдария губкомының педагогикалық қайталау курстарының меңгерушісі болады.
Жиырмасыншы жылдардың орта шенінде С.Садықбековтің ұйымдастырушылық, басшылық қабілеті танылып, қызмет сатысымен бірте-бірте жоғарылай бастайды. 1926 жылы Шымкент педтехникумын басқарғанда әдебиетіміздің алыптарының бірі Жүсіпбек Аймауытовпен қызметтес болады.
Бір айта кетерлігі, ұстаздық міндетін мінсіз атқарған Жүсіпбек Сейілбек Үсенов пен Сұлтанбек Садықбеков сияқты «Ақ жол» басылымының редколлегия мүшелігіне еніп, қаламгерлігін қатар ала жүріп, көптеген конференцияда баяндама жасаған. Ал қызмет бабымен Шымкент қаласына ауыстырылғанда ең алдымен Ж.Аймауытовтың кәсібилігі мен тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті мен аса зор қаламгерлік қуаты ескерілгенге ұқсайды. Әйткенмен, ол, кейбіреулер айтып жүргендей, 1926 жылы Шымкент педтехникумын басқармаған. Бұлай деуімізге Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінен табылған тың дерек негіз болып отыр. Өйткені осы педтехникумдағы Жүсіпбектің жеке іс парағында оның мұғалім болғандығы анық көрсетілсе, осы педтехникум директоры С.Садықбековтың қолы қойылған ұжымның жалпы тізіміндегі 14 педагогтің ішінде аты-жөні педагогика пәнінің мұғалімі ретінде аталады. Олай болса, әдепкіде Ж.Аймауытов пән мұғалімі болып қызмет істеп, іскерлігінің арқасында бір-екі жылдың бедерінде басшылық қызметке қол жеткізген деген пікірдің жаны бар сияқты.
Осы дерекке қарап отырып-ақ, Ж.Аймауытовтың С.Садықбековпен де, С.Үсеновпен де әріптестік тығыз қарым-қатынаста болғанын, шығармашылық байланысын да үзбегенін аңғару қиын емес.
1926 жылы Сейілбек Үсенов Шымкент қаласындағы Ахмет атындағы жеті жылдық мектептің директоры болып ауысып кеткеннен кейін педтехникумды Сұлтанбек басқарған. Алайда Сырдария губерниясының халыққа білім беру бөлімі 1927 жылдың қыркүйегінде С.Садықбековті ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды өз бақылауында ұстай алмағандығы және бюджет қаржысын жұмсауда елеулі кемшіліктерге жол беріп алғаны үшін қызметіне лайықсыз деп табады. Оның орынбасары Шеменевтің де қызметтік лауазымы қатардағы мұғалімдік деңгейге төмендетіледі.
Ал 1927 жылы 23 жасар қайратты да жігерлі азамат Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының мүшесі болып қабылданады да, одан кейінгі еңбек жолы бірыңғай партиялық-кеңестік қызметтер жүйесімен тікелей байланысты болады. 1928-1929 жылдары Сырдария облыстық партия комитетінің техникалық хатшысы, 1930 жылы Мойынқұм аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1931-1932 жылдары Қарағанды облысы Еңбекшілдер аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1933 жылы Щучинскіде «ҚазАлтын» трестінің басқарушысының көмекшісі, 1934-1935 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің хатшысы, ал 1936 жылдың наурыз айынан 1937 жылдың маусым айына дейін ҚазАКСР Оқу-ағарту халық комиссариатында ересектерге арналған мектеп басқармасының басшысы қызметінде болады. Оқу-ағарту саласымен жақсы таныс С.Садықбеков жағдайды өз көзімен көріп, жасы үлкен адамдарға арналған мектеп жүйесін дамыту, оқуға қажетті құралдармен қамтамасыз ету, мұғалімдердің білімін жетілдіру мәселелеріне баса көңіл бөледі.
«Ақ жолдың» 1925 жылғы 18 наурызда жарық көрген «Халық ағарту ісі туралы» мақаласында ол сала маманы ретінде ұзын саны 23 сауалға жауап қатып, біріншіден, отырықшылыққа бейімделмеген елдің ыңғайына жығылып, уақытша болса да жұртпен бірге көшіп-қонып жүре беретін көшпелі мектеп ашуды; сол мектептерде тәжірибелі білікті мұғалімдер жоқтықтан, әзірше жинақты оқытуды қоя тұруды; ел арасынан ашылған әрбір мектепті мәдениет ордасына айналдыруды; қолда бар институт, педагогика техникумдары жанынан тез арада мұғалім даярлайтын өзгеше курс ашуды; қазақ университетін құруды ұсына келіп, оқытушы атаулының тұрмысы оңалмай отырғанын былайша тілге тиек етеді:
«...Оқытушылар қызмет ақысы былай еткенде оңалады: Хүкіметтің де һәм жергілікті бюджеттің де түсімінен пайдалану керек. Жыл басында хүкіметтен берілетін ақша санын біліп, бірсыпыра мектепті соған шақтап қаратып, оны жергілікті бюджеттен бүтіндей шығарып қою керек.
Бір жылға есептеп бөлгенде бұл екі бюджеттен де сыбаға тимей, ақша жетпей қалатын мектептерді жыл басынан қамданып, ел мойнына арнап болса да өлтірмес әрекетін істеп қою керек.
Қаржысыз оқытушы ілгері баспайды. Бұған дәлел керексіз. Мектеп үйлерін осы күндері жерге орналастыру жұмысы бітіп, қыстақ болуға бет берген ел жиі жерлерден салу керек.
Ел күшімен, болмаса әзір хүкімет күшімен мектеп салуға үміт жоқ-ау».
Былайша айтқанда, Сұлтанбек тұрмысқа қажеттінің бәрі қат болып, оқудың да екінің бірінің маңдайына жазылмай, табысынан гөрі шығысы, жетістігінен гөрі жеңілісі көп болып тұрған саланың басына есті басшы келмей, саланың сауықпайтынын ұқтырып, білім саласына бейсауат жандарды жақындатпау керектігін де астарлап айта келе, оқытушылар жағдайын жақсартпай, зерделі ұрпақ тәрбиелеп шығарудың қиынға соғатынын айтады.
Одан бөлек, жас тілші «Жылыбұлақ болысында партияшылық ісінің күшеюі», «Азық жиюшылардың қиянаты», «Баспасөз ісіне өзгеше зер салу керек», «Складшының қиянаты», «Шолақ арық» мақалаларында да өзекті мәселелерді көтеріп, қоғам талқысына салады.
Анығы сол, С.Садықбеков те кеңестік солақай саясаттың қырына ілініп, саяси қуғын-сүргін құрбанына айналды.
1938 жылы 25 ақпанда араларында Қазақстанның белгілі қайраткерлері Т.Жүргенов, Ж.Сәдуақасов, С.Мендешов, С.Есқараев, Қ.Жұбанов, І.Құрамысов, Қ.Сарымолдаев, С.Сейфуллин, Ғ.Тоғжанов, Қ.Таштитов бар барлығы 39 ардақты азамат атылған болатын. Солардың ішінде С.Садықбеков те болды. Архив деректерін ақтарғанда Сұлтанбектің де тағдыр-талайы аласапыран кезеңнің жазықсыз құрбанына айналған басқа да ұлт зиялыларының тағдырымен ұқсас болғанына, тіпті өзара байланысып жатқанына көз жеткізу қиын емес.
Алғашқыда ол «Байдың баласы, қоғамға жат элемент, партия қатарына қабылданғанда шығу тегін жасырды. Алашордашылармен байланыста болып, оларды идеялық жағынан қолдау көрсеткен» деген айыптауларға ұшырады. Сол себепті 1935 жылы қараша айында Петропавл қалалық партия комитетіне әулетінің шығу тегі жөнінде берген түсініктемесінде былай деп жазған:
«Менің әкемнің әкесі Садықбек, естуімше, 1880 жылға дейін ірі байлардың қатарында болған. Оның 1000-ға жуық ұсақ малы және 200 бас ірі қара малы болған. Әкем Бек 1916 жылға дейін ауқатты болғаны рас, бір жалдамалы жұмыскері оның өзі туысы болған және бірге тұрған, 4 отбасыда барлығы 24 жан болған. Олардың 600-ге дейін ұсақ малы (қой, ешкі) және де 30 бас ірі қарасы (жылқы, түйе) болған. 1916 жылы «жұт» кезінде барлық малынан айырылып, бірден кедейге айналып, 20 шақты бас ұсақ малы және бір түйесі мен бір аты ғана қалды. Сол кезден бастап біздің отбасымыздың жұмысқа жарамды мүшелері: ағайынды Әлтай, Пазылбек, Омарбек, Зиябек, Байжан, Асанбек, Қойбағар – барлығы әйелдерімен бірге жұмысқа жегілген болатын. Олар жазда уақытша астық жинаумен, қыс айларында Қызылқұмда сексеуіл дайындаумен айналысып жан бақты. Әкемнің жасы 85-те болғандықтан, жұмысқа жарамсыз болды, ортаншы ағам Зиябек шаңырақ иесі болып қалды. Менің анам бұрыннан кедей қызы еді. Ата-анам және бауырларымның ешқайсысы сайлау құқығынан айырылған емес, еңбекші шаруа қатарында болды.
1931 жылы асыра сілтеу кезінде рушылдықтың кесірінен, жеке бас араздық орын алып, колхозда бір-бірімен есеп айырысудан кейін ағам Пазылбек және әкем Бек колхоздан заңсыз шығарылған болатын. Артынша бай-кулак деп жер аударылды. Біршама уақыттан соң ҚазАКСР ОАК-тың арнайы келген тексеруінен кейін бұл әрекеттер дұрыс емес деп табылып, Пазылбек пен Бек Садықбековтердің құқықтары қалпына келтіріліп, колхоз мүшелігіне қайта қабылданды. 1933 жылы өмірбаянымды толтыру кезінде қателікке жол бергенім рас, әкемді орташа шаруа деп жазғанымды мойындаймын. Бірақ шындықты әдейі жасырайын деген ой менде мүлде болған жоқ. Жалпы, мен шыққан тегімді жасырған емеспін. Партия қатарына өтер кезде де, тексеру кезінде де шындық жағында болдым. Ол жөнінде жауапты қызметтерде жүрген кезімде Крайкомды да, ҚазОАК-ті де ескертіп отырдым».
Сұлтанбек 1937 жылы 25 маусымда тұтқынға алынып, оған «1925 жылдан бастап Қазақстанда әрекет еткен буржуазияшыл-ұлтшыл, террористік және контрреволюциялық ұйымның белсенді мүшесі болды, ұйым басшылары С.Қожановпен, Т.Рысқұловпен, Н.Нұрмақовпен, С.Есқараевпен, Т.Жүргеновпен және И.Тоқтыбаевпен бірігіп, байланыс жасай отырып, кеңес билігін құлатып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алуды көздеді және буржуазиялық қазақ мемлекетін құруға әрекет жасады», деген жала жабылды. Сонымен бірге «1929-1930 жылдары Сарысу, Созақ, Қызылқұм, Шу аудандарында орын алған көтерілістерді тікелей ұйымдастыруға атсалысты», деген де айып тағылды.
Тек 1958 жылы 14 мамырда КСРО Жоғарғы сотының Әскери Коллегиясының шешімімен қылмыстық іс тоқтатылып, С.Садықбеков біржолата ақталған.
Сұлтанбек Садықбековтің аз жасаған ғұмырында (небәрі 34 жас) атқарған қызметі ұшан-теңіз. Өкінішке қарай, оның ел үшін атқарған қызметі ескерусіз қалған. Ал оның Алаш зиялыларымен қарым-қатынасын зерттеу – алдағы уақыт еншісіндегі іс болар деген ойдамыз.
Сейдехан ӘЛІБЕК,
М.Әуезов атындағы
ОҚУ колледжінің директоры,
тарих ғылымдарының докторы