Коронавирус • 04 Тамыз, 2021

Тойды ashyq түзей ала ма?

343 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел ішінде «жаман тұмаудың» тыйылмай тұрғанына себепші болып отырған «қазақтың тойы» деген түсінік түпкілікті қалыптасты. Бұлай деуге негіз бар. Жасыратыны жоқ, бүгінде еліміздің барлық қаласында жасырын тойлар өтіп жатыр. Бұған тыйым салуға жергілікті атқарушы һәм құзырлы органдардың шамасы келмей қалды.

Тойды ashyq  түзей ала ма?

«Той дегенде қу бас домалайды» деген тойқұмар халық өлген-тірілгеніне, шектеулерге қарамастан, отқа үймелеген көбелекше тойханалардың артқы есігін аңдып жүр. «Бармасам ағайынның, достың бетіне қалай қараймын», деген жалған намыстың, надан түсініктің жетегіндегі олар осы қылықпен өзіне ғана емес, айналасындағы халыққа қанша залал тигізіп жүргенін бағамдар да емес.

Қазіргі таңда тойлардың «жабық есік жағдайында» өтіп жүргенін жұрт та, бұған тыйым салуға тиіс құқық қорғау органдары мен атқарушы биліктің өкілдері де жақсы біледі. Ара-арасында жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеп жатқаны қаншама?! Әйтсе де, екі жүз, тіпті одан да көп адамға аста-төк той жасау мен карантин талаптарына «түкіріп қойған» тәртіпсіздіктер тыйылмай тұр. Бір сөзбен айтқанда, тірі қалуды ойлаудан гөрі той жасап, тәуекелге бас тігудің бәсі жоғары тұрғандай.

Жасыратыны жоқ, құзырлы органдар қанша жерден «қылбұрау» салса да, ынсапсыз кәсіпкерлер мен тойқұмар қауым небір қитұрқы айла-тәсілді ойлап тауып, өз дегендерін іске асырып жүр. Мұның тереңіне үңіле берсең, жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың да қылтиып тұрған құлағын байқауға болушы еді...

Енді заңның қатаң талаптарына бағынбай отырған қазақы тойшыл менталитетті тәртіпке қалай көндіруге болады? Қарап тұрсаңыз, бұл құбылыс жолындағысын түгел жапырып, тоқтайтын түрі жоқ. Осы орайда амалдың жоқтығынан мынадай ұсыныс айтуға тура келіп тұр.

Қазір ғой, көпшілік жерлерде Ashyq қосымшасы іске қосылып, шектеу шараларының тәртіптілігі бір ізге түсе бастады. Мәселен, коронавирус инфекциясынан аман-сау екеніңізді дәлелдейтін қағазыңыз болса бітті: сіз үшін барлық есік ашық. Міне, осы тәсілді тойға неге қолданбасқа?

Мысалы, бұл істі былайша жүзеге асыруға болушы еді. Той жасайтын адам тығылмай келіп жергілікті атқарушы органдарға өтінім түсіреді. Сәйкесінше, бұл жауапты ұйым немесе арнайы құрылған комиссия тойға келген адамдардың Ashyq қосымшасы арқылы тексеруден өтуін ұйымдастырып береді. Яғни тойхананың ішіне тек «жаман тұмаудан» сау немесе екпе алған адамдар ғана өтеді. Дәл осы тәсіл дәстүрлі ас беру сияқты басқа да адам көп жиылатын іс-шараларға да қолданылса...

Әлбетте, бұл ұсыныс бәзбіреулерге қарабайырлау, тіпті күлкілі болып көрінуі де мүмкін. Ондай скептиктерге айтарымыз: індеттің өршуіне тікелей кінәлі болып, толастамай тұрған той-думанды басқа қандай жолмен тәртіпке салар едіңіз?

Ресми мәліметке сай, өткен тәулік ішінде Қарағанды облысы бойынша 941 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, провизорлық стационарларға жатқызылды. Ал енді осы науқастардың ішінде тойда жүріп, «жаман тұмауды» таратқаны немесе жұқтырып алғаны қаншама десеңізші?!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, заңның темірдей қатаң тәртібі тоқтата алмаған тойды тек осы түзеуі бек мүмкін деп Ashyq қосымшасына ғана үміт артуға тура келіп тұр.

 

Қарағанды облысы