Департамент басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Ақылбекова індет жұқтыру бойынша күніне 200-ге жуық жағдай тіркелетінін айтты. Сондай-ақ жыл басынан бері 6 023 рейд жүргізген мониторингтік топтар 36 163 нысанды тексеріп, нәтижесінде 203 әкімшілік айыппұл салып, сотқа 24 материал тапсырған.
Қазір өзі әр басқарма, әр департамент беретін мәліметтердің сапырылысқан сандарынан жаңылысып та қаласыз, әрқайсысы әртүрлі мәлімет береді. Мұны облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов та байқаған болу керек.
– Іс жүзінде заң бұзушылық көрсеткіштерінің ресми тіркелген жағдайлардан әлдеқайда көп екенін байқаймыз, демек мониторинг топтары жұмысының тиімділігі төмен, – деп атап өтті әкім.
Бірі 200 науқас десе, екіншісі 130, үшіншісі тағы бір басқа мәлімет таратады. Ал облыс орталығындағы жұқпалы аурулар бөлімдеріндегі 2 110 орынның жартысынан көбі бос көрінеді.
Департаменттің хабарлауынша, тәулік сайын науқастар көбеюде. Мысалы, облыс орталығында – 135, Екібастұзда – 85, Ақсуда – 30, Ақтоғайда – 8, Павлодарда – 7, Тереңкөлде – 4, Ертіс, Шарбақты және Аққулы – 3, Успен аудандарында 2 науқас тіркелген. Ал ауру жұқтырғандардың 60 пайызы – облыс орталығында. Қалған науқастар санының 306 433-і өңір тұрғындары болса, 291 адамның басқа өңірлерден келгені анықталған.
Бір-бірімен байланыста болған адамдар арасында 9 371 науқас, суық тигізіп, пневмониямен ауырып, өздігімен қаралғандардан 18 728, ал профилактикалық мақсатта жүгінгендер арасында 2 544 науқас тіркелген. Жалпы, шілденің соңғы аптасындағы ахуал бойынша сырқаттанғандар арасында 19 шілдеден 25 шілдеге дейін 1 402, ал 26 шілде мен 1 тамыз аралығында 1 818 науқас түскені жайлы хабарланған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің хабарлауынша, қазір 1 283 науқас ауруханада емделуде. Жыл басынан бері өңірде 225 адам көз жұмса, қайтыс болғандар саны шілде айында да күрт өскен. Бір айдың ішінде 60 адам қайтыс болыпты.
Індетке қарсы екпе салдырушылардың саны 217 мыңнан асты. Бұл облыс тұрғындарының 19,5 пайызын құрайды. Емханаларға Спутник V вакцинасының 10 мың дозасы, QazVac-тың 5 мың дозасы жеткізілді.
Екпе алғандар арасында ауырып жатқандар да бар екен. Бірінші компонентін салдырған 126 адам тіркелсе, екі компонентін бірдей алған бір адам жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғы бірнеше күннің ішінде аяғы ауыр 10 әйелден індет белгісі байқалған. Қазір 44 аяғы ауыр әйел емделуде.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов облыс орталығындағы екпе егу орындарын аралап шықты. №3 емханада вакциналау барысының төмендегені айтылды. Тағы бір мәселе, тұрғындар екпе алу үшін жарты сағат кезек күту керек екен. Облыс әкімі күту уақытын қысқарту үшін емханада қосымша басқа да орындар ашуды тапсырды.
Ал №4 емханада кезек болмау үшін бірінші және екінші компонентін алатын тұрғындар қатарын екіге бөлу туралы шешім қабылданыпты. Алғашқы екпені емханадан алса, екіншісін, Ertis Olympic ғимаратындағы арнайы жабдықталған орыннан ала алады.
Келесі кезекте Profimed жекеменшік клиникасында 8 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Бұл жерде барлық тұрғын ерікті түрде екпе ала алады. Бүгінге дейін клиникада 3,6 мыңнан аса адам екпе алыпты.
Одан кейін облыстық әкімдікте «Вакциналаудың қарқыны неге төмен?» деген тақырыпта COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі облыстық жедел іс-қимыл штабының отырысы өтті.
– Санитарлық қызмет жүргізген эпидемиялық зерттеулерге сәйкес, індеттің жаппай таралуы қоғамдық көліктерде, тойларда, сауда орталықтары мен базарларда кездеседі. Әлі күнге дейін санитарлық нормаларды сақтау мәдениеті қалыптаспаған, – деді облыс әкімі.
Павлодар облысы