Технология • 04 Тамыз, 2021

Ғарышқа саяхаттаудың құны қанша?

906 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Уақыт өткен сайын ғарышты коммерциялық мақсатта игеру қарқын алып келеді. Оған миллиардерлер Ричард Брэнсон мен Джефф Безостың суборбиталды кеңістікке жасаған таяудағы сапары айқын дәлел. Шілденің басында 70 жастағы британиялық кәсіпкер өзінің компаниясы Virgin Galactic құрастырған VSS Unity ғарыш кемесімен 86 шақырым биіктікке ұшса, араға 9 күн салып Amazon-ның қожайыны New Shepard зымыранымен 107 шақырым биіктікке көтерілді.

Ғарышқа саяхаттаудың құны қанша?

Байқоңырдан ұшқан алғашқы турист

Бұл ретте осыдан 20 жыл бұрын тарихта алғаш рет ға­рыш­қа турист Байқоңырдан ұш­қанын көбіміз ұмыта қоймаған шығармыз. Ал әлемдік ғарыш саласында Қазақстанның алар орны ерекше екені белгілі. Елі­міздің аумағынан адам баласы алғаш рет планетамыздан тыс ашық кеңістікке шығуға мүм­кіндік алды. Сондай-ақ ал­ғашқы ғарыш турисі де ха­лық­аралық ғарыш стансасына (ХҒС) Байқоңыр айлағынан ұшқанын айта кеткен жөн. Мұндай мүмкіндік 2001 жылы 60 жастағы америкалық кәсіпкер Денис Титоға бұйырған еді. Осы сапар үшін оған 20 млн долларды жұмсауға тура келді. Бұл орайда аталған сапарда Союз ТМ-32 экипажының құрамын­да отандасымыз, космонавт Тал­ғат Мұсабаев та болғанын атап өту керек. Сол кезеңде алғаш­қы ғарыш турисінің дайындық барысы мемлекеттік арналардан көрсетіліп, бұл қоғамның назарын өзіне аударған оқиғалардың бірі болды.

Америкалық миллионерге бұл сапар­ға қол жеткізу адам ойлағандай оңай­ға соқпады. Ол ресейліктермен тиісті келіс­­сөздерді 1990 жылдан бастап, яғни КСРО мемлекеті тарамай тұрып жүргізе бастаса керек. Көздегеніне жету үшін Д.Титоның он жылдан артық тосуына тура келді. Негізі алғашқы ғарыш турисі 1986 жылы АҚШ-тан шығуы тиіс болатын. Бірақ та «Челленджер» шаттлының ұшу барысы қайғылы жағдаймен аяқталғаны көптің есінде. Бұдан кейін Байқоңыр­дан ХҒС-ға оңтүстікафрикалық кәсіпкер Марк Шаттлворт, америкалық іскер азамат Грегори Олсен, сондай-ақ ғарышқа аттанған алғашқы турист әйел Ануше Ансари, Ричард Гэрриот, Ги Лалиберте және екі мәрте Чарльз Симони ұшуға мүмкіндік алды.

Осыдан екі жыл бұрын ресейлік «Рос­космос» корпорациясы америкалық Space Adventures компаниясымен 2021 жылдың соңына дейін, яғни биыл Халықара­лық ғарыш стансасына екі туристі жеткізу­ге байланысты келісім­шартқа отырған бо­латын.

Былтыр аталған америка­лық ком­паниямен тағы бір ресейлік кор­по­рация «Энергия» келісімшарт жасап, со­ған сәйкес 2023 жылы алғаш рет ға­рыш турисіне ашық кеңістікке шығу мүм­кіндігі беріледі деп көзделуде. Бұған қоса биыл Байқоңырдан жапониялық кәсіпкер Юсаку Маэдзава және оның көмекшісі Йозо Хирано «Союз МС-20» зымыранымен орбитаға жол тартпақ. Коммерциялық рейс желтоқсан айына жоспарланған. Күншығыс елінің туристері осы сапар үшін 90 млн доллар жұмсайтын болады. Қазір жапониялық қос азамат Ю.Гагарин атындағы ғарыш­керлерді даярлау орталығында дайын­дық курсынан өтіп жатыр. Бұдан аң­ғарғанымыздай, еліміздегі ғарыш айла­ғынан зымырандардың көкке көтерілуі әлі де жалғасын табады.

 

Жұлдыздарды көруге әркімнің-ақ бар таласы...

Ал жақында ғана екі миллиардер­дің ғарышқа ұшуын Батыстың медиа өкіл­дері мен PR мамандары ірі оқиғаға балап, бай-бағландардың бұл әрекеті ғарыш туризмінің тамырына қайта қан жүгіртеді деген ойда. Неге десеңіз, Forbes-тің тізімінен түспейтін Джефф Безос ғарышқа жасаған миссиясынан ке­йін оның компаниясы 100 млн доллар шамасында коммерциялық билет­тер сатқанын мәлімдеген еді. Демек бұл – соң­ғы сапар емес. Осы бағыттағы амби­ция­лық жоспарымен Брэнсонның ком­па­ниясы да бөлісті. Атап айтқанда, Virgin Galactic жылына 400-ге жуық ком­мер­циялық рейсті ұйымдастыру­ды көз­деп отыр. Яғни қалталы азамат­тар та­ра­пынан сұраныстың бар екенін аң­ғарт­са керек. Әлбетте, бұл үрдістен SpaceX және оның дара көшбасшысы Илон Маск қалсын ба?! Соңғы жылдары атал­­ған индустрияның «хедлайнері­не» айнал­ған Маск, Марс ғаламшарын иге­руге бай­ланысты жобалармен мықтап айна­­лысуда. Мәселен, қазір SpaceX көп­­мақ­­сатты Starship ғарыш кемесін құ­­рас­­тыруға белсенді кірісіп, сынақ жұ­мыс­­­тарын жан-жақты пысықтап жатыр. Ком­­панияның ойы жүзеге асырылса, бұл кеме ды­быстан да жылдам ұшып, әлемнің іскер­лік аста­налары арасын­да­ғы байланыс­ты қыс­қартуы тиіс, сон­дай-ақ ға­рыш туристерін Айға жеткізіп, қызыл пла­не­­та­ны игеруге арналған экс­педициялар­ды орын­дауға септеседі деген сенімде И.Маск.

Сарапшылардың айтуынша, Батыс­тағы жекелеген компаниялардың ға­рыш саласындағы бастамаларының сәтті орын­далуы бірінші кезекте мемлекеттік тап­сырыспен байланысты. Рас, соңғы кез­дері АҚШ-та бұл бағытта мемлекет-жеке­меншік әріптестіктің оң үрдісі бай­қа­лып келеді. Жасыратыны жоқ, ғарыш жоба­лары қыруар қаражатты талап етеді және бұл шығыны көп сала саналады.

«Илон Маск – ғарышты зерттеп жүр­ген ғалым емес. Ол ғарышқа арналған тех­никаны шығарумен айналысады. Оның компаниясы құрастыратын зымыран­дарды NASA ғарыш агенттігі, Құрама штат­тардың әскерилері және жекеменшік компаниялар пайдаланады. Дәлірек айт­қанда, Маск басқаратын ұйым тасымалдау қызметін ұсынады. Сол секілді ол қазір әлемді кең жолақты интернетпен (Starlink жобасы) қамтуға арналған жұ­мысты жүзеге асырып жатқаны мәлім. Жалпы, Илон Маскті бағы жанған адам деп бағалауға болады. Өйткені оның компаниясы шығынға батудың аз-ақ алдында тұрған еді. Falcon-1 зымыраны орбитаға тәжірибелік спутникті сәтті шығарғанда ол NASA-дан алғашқы келісімшартты алды. Яғни АҚШ үкіметі оны тоқырауға ұшыраудан құтқарды десек те болады. Масктің өзі де мұны жасырмай көп жерде айтып келеді. Американың ғарыш агенттігінен тапсырыстарды алу арқылы SpaceX халықаралық ғарыш стансасына жүктерді жеткізумен айналысып, қар­­жылық ахуалын жақсартып алды. Дәл сол кезеңде NASA-ға қызметі арзан же­ке­меншік мердігерлер қажет бола­тын. Себебі Lockheed Martin немесе Boeing сынды алып корпорациялардың қызметі тым қымбат әрі тапсырысты орындау мерзімі ұзақ болғандықтан бұл агент­тікке тиімсіз еді. Сәйкесінше, Құ­рама штаттардың билігі қызметі ар­зан, бі­рақ өнімді жұмыс істейтін шағын ком­па­ния­ларға мүмкіндік беруді ұйғарды», деді ресейлік инженер-конструктор Алек­сандр Хохлов.

 

Экожүйеге тигізетін зардабы орасан

Таяқтың екі ұшы бар демекші, сала энтузиасттары технологиялық прогрестің өркендеуіне қуанып жатқанда, экологтер керісінше дабыл қағып отыр. Айталық, Лон­дон университеті физи-­
калық география кафедрасының до­центі Элоиза Маре өзі­нің зерттеуінде ға­рыш туризмінің сал­да­рынан адамзат эко­логиялық тәуекел­дер­­­мен бетпе-бет келуі мүмкін екенін жет­­кізді.

«Безос өзінің компаниясы шығар­ған зымыранды Брэнсондікіне қарағанда ана­ғұрлым экологиялық тұрғыда таза деп мақтанды. Алайда Безостың Blue Engine 3 (BE-3) зымыранында сұйық сутегі мен сұйық оттегі пайдаланылатынын естен шығармау керек. Ал Брэнсонның VSS Unity тасығышында құрамында көмірте­гі негізіндегі қатты отын, гидроксил топ­тары бар полибутадиен және сұйық то­тықтырғыш азот оксиді бар гибридті отын қолданылады. Сол секілді SpaceX Falcon зымыраны Crew Dragon экипажын орбитаға сұйық керосин мен оттегінің көмегімен шығарады», деді Э.Маре.

Ғалымның пікіріне сүйенсек, зымы­раннан шығатын газдардың үштен екісі стратосфераға (12-50 шақырым) және мезосфераға (50-85 шақырым) тарап, олар кем дегенде екі-үш жылдай сақталуы мүмкін. Зымыранды іске қосу және оның атмосфераға оралу кезіндегі жоғары температура ауадағы тұрақты азотты реактивті азот оксидтеріне айналдыратынын тағы да ұмытуға болмайды.

Лондон университетінің ғалымы айт­қандай, бұл зиянды заттар мен олардың бөлшектерінің атмосфераға тигізетін жағымсыз әсері жоғары. Мысалы, стратосферада азот оксидтері мен су буының ыдырауы нәтижесінде пайда болатын химиялық заттар озонды оттегіге айналдырып, оның қабатын бұзуы ықтимал. Ал бұл табиғи жүйе Жердегі тіршілікті зиянды ультракүлгін сәулелерден қорғай­тынын айта кеткен орынды.

Әйтсе де ғалымның пікірімен келіс­пейтіндер де бар. NASA-ның климат жөніндегі бас кеңесшісі Гэвин Шмидтің сөзіне сенсек, коммерциялық авиациямен салыстырғанда ғарышқа жасалатын бір рейстен кейін ауаға шамалы ғана зиян­ды заттар таралады. Ал франциялық астрофизик Роланд Лехук өз зерттеуінде Р.Брэнсонның сапары тұтастай Жерді жеңіл автокөлікпен айналып өтумен пара-пар екенін анықтаған.

Бүгінде ХҒС-ға саяхаттаудың құны үш есеге қымбаттап, шамамен 50 млн долларды құрайды. Суборбиталды кеңістікке сапарлап қайтудың бағасы анағұрлым арзан. Мұндай саяхаттың құны мөлшері – 250-300 мың доллардың айналасында. Сол себепті де әйгілі бай-манаптар әуелі осы сегментті дамытуды көздеп отыр.

Швейцариялық UBS қаржы холдингі 2019 жылдың есебінде суборбиталды, сол секілді орбиталық ғарыш туризмінің 2030 жылға дейін нарықтағы ақша айналымы 3 млрд долларға дейін ұлғаяды деп көрсеткен. Ғарыш саласына талдау жүргізетін Northern Sky Research консалтингтік компаниясының зерттеуіне сүйенсек, 2028-2038 жылдар аралығында аталған индустриядағы жалпы кірістің мөлшері 10,4 млрд долларға дейін жетеді деп болжануда.