Тәуелсіздік • 05 Тамыз, 2021

«Ордалы отыз іс»

300 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ішкі сая­сат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын Қарағанды облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдық торқалы тойына арналған іс-шаралар мен басқа да маңызды шаруаларды ұйымдастырудың жай-жапсары турасында егжей-тегжейлі айтып берді.

«Ордалы отыз іс»

– Осы жылдың ең басты оқиғасы – ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығы. Мерейтойды ең алды­мен азамат­тарымыздың әл-ауқа­тын жақ­сартуға бағытталған игі істер­мен атап өтуді басты мақсат ретінде қарастырып отырмыз, – деген спикер бұл бағытта мерекелік сипаттағы қандай да бір салтанатты іс-шаралардың жоспарланбайтынын атап өтті.

Мысалы, облыста Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған өңірлік жоспарға 187 іс-шара енгізілген екен. Оның ішінде бес халықаралық, алты республикалық, 13 облыстық және 163 қалалық және аудандық іс-шаралар бар. Бұдан бөлек, «Ордалы отыз іс» арнайы жобасының да әзірленгенін айта кеткен ләзім.

Осы орайда спикер Тәуелсіздік мерейтойын облыстың лайықты тартулармен қарсы алатынын атап өтті. Өңір картасында Yutong автобустар мен арнайы техникалар шығаратын «Саран» индустриялық аймағының пайда болғанына тоқталды. Сондай-ақ, ол мұнда жылына жеңіл және жүк көліктеріне арналған 3,5 млн дана шина өндіретін зауыт құрылысының басталғанын да айтып өтті.

Сонымен қатар Тәуелсіздік жылдары облыста Qaz Carbon сынды аса ірі көмір байыту компаниясы­ның ашылғанын, Саран қаласын­дағы қуаты 100 МВт болатын күн электр стансасының ел игілігі үшін жұмыс істей бастағанын да облыс экономикасындағы оң өзгерістердің мысалы ретінде атай кетті.

Мерекелі жылда қайырымдылық іс-шараларына айрықша көңіл бөлінбекші. Оның ішінде респуб­ликалық деңгейдегі «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасын айтуға болады. Акция аясында жыл басынан бері облыс­та 21233 адам қатысқан 2642 іс-шара өткізіліпті. Қарттарға, жалғыз басты аналарға, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттері беріліп, басқа да көмек көрсетілген.

– Сонымен қатар көптеген кәсіп­кер­лер, шаруа қожалықтары, үкімет­тік емес ұйымдар медици­налық меке­мелерді қажетті құрал-жаб­дық­тармен және дәрі-дәрмектермен қам­тамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарды. Бұл іске облыс тұрғындары, еріктілер де өз үлестерін қосты, – деп атап өтті Е.Құсайын.

Қазіргі уақытта облыста ерік­тілер ұйымының өте белсенді жұ­мыс іс­теп жүргендігі атап өтілді. Мысалы, өңірде әрекет ететін 97 волонтерлік ұйым мен топқа жеті мыңға жуық жас мүше екен. Бұл жерде бизнес-қоғамдастықтың жеке волонтерлік бастамаларды қолдап отыраты­нын баса айта кеткен жөн. Мысалы, «Қайырымды ұрпақ» қайырымдылық акциясы аясында 137 бала жалпы сомасы бес миллион теңгеден астам көмек алған.

Осы орайда «Ел тірегі – Елбасы» игі істер акциясы бойынша іске асқан шаруаларды да ерекше атауға болады. Аталған іс-шараға облыстың 1500-ден астам еріктісі қатысып, биылғы жылдың бірінші жартысының өзінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға 23 тонна азық-түлік, сондай-ақ 769 бірлік жеке қорғаныш құрал­дары таратылыпты. Мұның өзі пандемия кезінде қиналып қалған тұрғындардың еңсе тіктеуіне кәдімгі­дей игі әсерін тигізген.

Сонымен қатар аталған бри­фингте облыстағы экология мәсе­лесі туралы да аз-кем әңгіме болды. Ішкі саясат басшысы экологиялық ахуалдың бұрынғыдан да өзектірек бола түскенін атап өтті.

– Қазіргі уақытта «Таза табиғат» ұлттық жобасы іске асырылуда. Облыста өзендер мен су қоймаларын тазарту, ағаш отырғызу бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері өңірде осындай бес мың­нан астам іс-шара өткізілді. Бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады, – деді ол.

Брифингте Ерлан Құсайын ал­дағы қараша айында Қасым Аман­жоловтың мерейтойына орай «Қасым» үйінің ашылатындығы туралы қуанышты хабарды жеткізді. «Бұл – зиялы қауым үшін, жалпы, барша қарағандылықтар үшін ерекше тарту болмақ», деп атап өтті облыстың ішкі саясатына жауапты маман. 

Жалпы, облыста дауылпаз ақын­ның 110 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жоспарлы түрде өткізілуде. Мысалы, осыдан біраз бұрын «Қасым әлемі: поэзия, тұлға, тарих» тақырыбында онлайн-семинар ұйымдастырылған. Ал Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Қасымтанудың қазіргі мәселелері» тақырыбында  халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Сонымен бірге облыста Алаш қайраткерлері – Әлихан Бөкейханның 155, Жақып Ақбаевтың 145, Әлімхан Ермековтің 130 жылдық мерейтойлары да ұмыт қалмай, түрлі деңгейдегі басқосу, дөңгелек үстел және конференциялар негізінде аталып өткенін айта кеткен жөн.

Сонымен қатар спикер биыл Әлихан Бөкейхан есімін кеншілер астанасындағы Октябрь ауданына беру жұмыстарының қолға алынғанын мәлім етті. Бұл маңыз­ды іс-шара елдегі ұлттық санақ жұ­мысы аяқталған соң, ел Тәуел­сіз­­дігінің 30 жылдық мерекесі қар­са­ңында толық аяқталады деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Құсайын брифинг барысында биылғы жылдың басты оқиғасы – Ұлытау өңірі­н­де «Жошы хан» тарихи-мәде­ни кешенінің ашылатынын мәлім етіп, бұл айтулы оқиғаның ұлттық құн­дылықтарды насихаттау жолындағы маңызын ерекше атап өтті.

 

Қарағанды облысы