Қазақстан • 05 Тамыз, 2021

Интернетсіз цифрлану: Қызметті онлайн тұтыну көңілден шыға ма?

969 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Смартфондағы интернет қарқыны көрсеткіші Е-ден H-қа әрең ауысатынын, тариф біткеннің тиімсіз, ақша сорғышқа айналғанын, ауылдардың әлі 2000 жылдардың арғы жағында қалып кеткенін былай қоя тұрсақ, бізде қызметтерді онлайн тұтыну өсіп жатыр екен. Жаппай цифрландыру басталғалы әпелтек-тәпелтек күйімізде такси, тамақ, ойын-сауық – барлығын телефон арқылы төлей бастадық. Ара-тұра қалтамызға ақша салмайтынымызды айтып мақтанып та аламыз.

Интернетсіз цифрлану:  Қызметті онлайн тұтыну көңілден шыға ма?

Кәсіпкерлерге egov тиімді

Қай салада болса да елде мақта­ныш етерлік бір жетістік табылуы әжептәуір қуаныш. Оны айтасыз, қазір тіпті көлік жүргізу куәлігін де үйге тастап кетуге, ипотеканы онлайн рәсімдеп алуға болады.
Қызметтердің офлайннан онлайнға көшуі кәсіпкерлер үшін де тиімді болып тұрған сыңайлы. Соңғы уақытта кәсіпорындар онлайн түрде тіркелуді қолайлы көре бастаған. Ұсынылып отырған санайғақтар осыны көрсетеді. 2021 жылдың алғашқы жартысында 500 мыңға жуық заңды тұлға тіркеліпті. Нақтылап айтар болсақ, жарты жылдың өзінде 469,9 мың кәсіпорын тіркелген. Бұл былтырдың тап осы кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға көп екен. Мұндай деректі ұсынған Ranking порталының хабарлауынша, заңды тұлғалардың тіркелуі осымен оныншы жыл қатарынан өсім көрсетіп отыр.
Қаржылық емес ұйымдар және акционерлік қоғам түріндегі қаржылық мекемелер, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар «Азаматтарға арналған үкімет» (ХҚО) арқылы тіркелсе, жеке кәсіпкерлік субъектілері тіркелуді egov.kz арқылы жүзеге асырады.
Арнайы қоғамдық мониторинг дере­гінше, заңды тұлғаларды және олардың филиалы мен өкілдіктерін мемлекеттік және есептік тіркеуге алу қызметі 62 мем­лекеттік қызметтің ішінде 27-орын алған. Сауалдамаға қатысқан 147 респондент осы­лай бағалапты. 147 адамның 20 пайы­зы қызметті Халыққа қызмет көрсету орта­­лығына барып, қағаз жүзінде алғанын айт­са, 80 пайызы қызметті «Электронды үкі­мет» порталы арқылы онлайн рәсімдеген. Онлайн ұсынылған қызметке берілген баға да офлайн қызмет бағасынан тәуірлеу – 4,66 балл/4,6 балл.
Дегенмен қызметті онлайн тұтыну кезін­де түрлі іркіліс пен қиындық та туын­дамай қоймайды. Екшеп айтар болсақ олар­дың ұзын-сонар тізбесі мынадай: төлем бойынша туындайтын проблема; ақпаратты күту тым ұзаққа созылады; сайт тежеліп қала береді, техникалық қате жиі кетеді; Call-орталық қоңырауға жауап бермейді; ЭЦҚ-ны алу қиын; құжатта көрсетілген адам есімдері мен фамилияларын қате жазып қояды; мамандардың жұмыс сапасын кө­теру керек: сауаттылығын, сыпайылығын, жыл­дамдығын; ХҚО-ны көбейту қажет.
Әрине, мұның бәрі уақыт өте келе ше­­­­шімін табатын күрмеулер. Ал азамат­тар­­­дың онлайн қызметтерге мойын бұра бас­­тауы алға басудың бір белгісі шығар. Мем­­­лекеттік органдар халық шағымынан қо­ры­тынды шығарып, қателіктерді дер уақы­­­тында жөндеп отырса, келер жылы онлайн тіркелетін және жұмысына қатысты қыз­меттерді онлайн тұтынатын заңды тұл­ға­­­лардың көбейе түсері сөзсіз.

Сан емес, сапа маңызды

Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Му­син қызметтерді онлайнға көшіру кезінде сан емес, сапаға мән беру керек екенін айтады. Бұл туралы ол украиналық MC.today онлайн-басылымына берген сұхбатында тар­қата айтыпты.
«Бір уақытта 400 ақпараттық жүйені қай­та жасау немесе интеграциялау мүмкін емес. Сондықтан бизнес-процестердің нақ­ты архитектурасын құруымыз керек. Кей­бір анықтамалар басқа бір анықтаманы алу үшін керек. Мұның еш мәні жоқ, қазір осын­дайларды өзгертумен айналысып жатырмыз», дейді.
Оның айтуынша, қазір Қазақстан электронды үкіметті дамыту деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 29-орында тұр. Дегенмен осынау іргелі жұмысты бастаудың аса қиын­ға соққанын айтады.
«Әдепкіде кейбір мемлекеттік органдар бұған немқұрайды қарады. Сайтта онлайн қызмет батырмасын енгізе салды. Алайда адамдар қызметті алу үшін баяғыдай қыз­мет көрсету орталықтарында сабылып жүр­ген еді. Қызметтерді автоматтандыруды бірқатар орган басшысы қабылдай алған жоқ. Сөйтіп бүкіл процесті Үкімет басшысы тікелей өз бақылауына алды. Ол кезде сапа туралы ойлау мүмкін болған жоқ. Мейлінше бос кеңістікті игергіміз келді», дейді министр.
Мусиннің айтуынша, 2025 жылға таман көптеген мемлекеттік қызмет бес минут ішінде ұсынылады. «Министр ретінде ме­нің алдымда аса айтулы міндеттер тұр. Мәселен, қолданушыларға ыңғайлы жүйе ұсы­натын GovTech платформасын дайындап жатырмыз. Мысалы, қазір емханаларда медқызметкер бірнеше ақпараттық жүйені пайдаланады: бір мәліметті бірнеше базаға енгізуге мәжбүр болады. Сөйтіп науқастың деректері әртүрлі базада қайталанып ке­теді. Ал бүкіл процесс бір жүйеде іске асып жатуы тиіс. Сондай-ақ қазіргі сервис­тер­­ді қайта қарап жатырмыз. Былтыр 18 анық­таманы жойдық. Бұдан былай меморгандар ондай анықтамаларды (мысалы, жылжымайтын мүлік туралы) сұрамауы керек. Орган басшылығы азаматтың ЖСН-ы арқы­лы базадан өзі қарап, тексере салуы қажет», дейді ведомство басшысы.

Қандай қызметтер оңайлатылмақ?

«Азаматтарға арналған үкімет» АҚ бас­қарма төрағасының бірінші орынбаса­ры Сүйініш Әбділдиннің айтуынша, жақын арада бір­қатар онлайн қызметті алу жеңілдейді. Со­ның ішінде ЭЦҚ-ны алу да бар.
– Былтыр 4,8 млн адам ЭЦҚ алу үшін келген. Бұл бүкіл өтініштің 30 пайызын құ­райды. Қазір министрлік ««Ұлттық ақпа­раттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп бұлт­­ты ЭЦҚ-ны енгізуді ойластыруда. Со­ның арқасында электронды цифрлы қол­таңбаны алу процесі біршама оңайла­ты­лады. Сонымен қатар маусымнан бастап бір­қатар өңірде автокөлік иелеріне сақтан­дыру қызметін ұсыну бойынша қанатқақты жоба басталды, – дейді ол.
Тағы бір жаңалық – жақын арада әлеу­меттік төлемді рәсімдеу үшін «тұрақты тір­­­кеу­де тұру керек» дейтін талап алынып тас­­талмақ. Яғни бұл мәселе бойынша аза­мат ел­дегі кез келген ХҚО-ға бара ала­ды. Осы же­­ңілдік аясында ел азаматтары: бала туғаны және оның күтімі үшін, жүк­ті­­лі­гіне және босануына байланысты табы­сынан айырылғаны үшін; жаңа туған сә­би­ді асырап алғаны және баланың бір жас­­қа дейінгі күтіміне байланысты та­бы­­сы­нан айырылғаны үшін тұрғылықты же­­­ріне қарамастан кез келген ХҚО-ға барып жәрдемақы рәсімдеуге құқылы. Өзге төлем бойынша дәл осындай өзгеріс жыл соңына дейін енгізілмек.
Бірінші жартыжылдықта «Азаматтарға арналған үкімет» әлеуметтік салаға қатысты 815 042 қызмет көрсеткен. Жалпы, қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» базасында қызметтің 659 түрі бар. Бес жылда ел тұрғындары 150 млн-нан аса қызмет алған. Өңірлердегі 17 филиалда 22 мың маман жұмыс атқаруда.
Ресми дерекке мән берсек, 2020 жылдың басында мемлекеттік қызметтердің 82 пайызы автоматтандырылыпты. Төтенше жағдай ен­гізілген соң қызметті онлайн алу үш есе артқан. Үкімет биыл автоматтандыру үлесін 93 па­йызға жеткіземіз деп құлшынып отыр. Бәрі дұрыс-ақ. Б.Мусиннің айтқандары да көз жұмдырып, ауыз аштырады. Негізі дұ­рыс бағытта келеміз. Бірақ осыншама онлайн қызметті тұтыну үшін де тәуір интернет керек екенін ұмытпаған жөн секілді. Ауыл-аймақ тұрмақ, қаланың қақ ортасы да кейде жылдам интернетке қол жеткізе алмай қор болып тұрады. Егер интернет жетілмей, бірақ қызметтерді цифрландыру туралы қор болып жетістіктер легі айтыла берер болса, бұл бара-бара күлкі, күлкі болғанда да ащы күлкі тудыратын оқиғаға айналуы бек мүмкін.