Қарағанды облыстық прокуратурасы ұйымдастырған Құқық қорғау және арнайы органдар үйлестіру кеңесінің отырысында осындай жантүршігерлік деректер мәлім болды. Онлайн режімде өткен бұл жиынға мемлекеттік органдардың, облыстық және аудандық әкімдіктердің, сонымен қатар авто жолдағы қызмет көрсетуші ұйымдардың өкілдері қатысып, өңірдегі жол қауіпсіздігі проблемалары бойынша пікір алмасуға атсалысты.
Жиында айтылғандай, жол үстіндегі апаттың басым көпшілігі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың салдарынан болады екен. Әсіресе, «темір тұлпарды» тізгіндегендер жылдамдықты шамадан тыс асырып жіберіп, өзін де, өзгені де бақытсыз жағдайға душар қылатыны өте көп тіркелген. Тіпті әрбір екі апаттың бірі осындай заң бұзушылықтың салдарынан болатын көрінеді.
Бұдан бөлек, жол апатының көбеюіне сол жолдардың сапасыздығы да теріс әсерін тигізеді дегенді алға тартты мамандар. Ойқы-шойқы жолдармен келе жатқан көліктер көбіне тегіс жерді қуалаймын деп, қарсы жолаққа шығып кететін жағдайлар жиі кездеседі екен. Одан кейін құқық бұзушыларды тәртіп сақшылары тарапынан дер кезінде жазаламау да жаман көрсеткіштің артуына өз «үлесін» қосып отыр. Мәселен, жол полициясынан «әке-көкелеп» құтылып кеткен жүргізушілер жауапкершілікті лезде ұмытып, көп ұзамай ескі әдеттеріне басатыны белгілі.
Тағы бір айта кететін жайт – қазіргі автомектептердегі жүргізушілерді оқыту мәселесі. Құқық қорғаушылар бұл саладағы оқыту үдерісінің сапасы көңіл көншітпейді дейді. Ал прокурорлар осы істі қатаң қадағалау керек деп санайды. Жалпы, мұндай сынның жаны бар. Бүгінде «бармақ басты, көз қыстымен» жүргізуші куәлігін алатындардың көбейіп тұрғаны мәлім. Мұндай сорақылықтың өзі күре жолдың үстіндегі қауіп-қатер бұлтын қоюлатып, қаншама апатқа әкеп соқтырып жатыр десеңізші?!
Жиында бейнекамера орнатылмаған немесе жол белгілері жоқ елді мекендерде апаттың жиі болып тұратыны айтылды. Бұл да – ойланатын жайт. Жасыратыны жоқ, қазір ірі қалалардағы жол бойында самсап тұрған камералар жол қауіпсіздігі ісінде пайдасын көрсетіп те жатыр. Жүргізуші мәдениеті қалыптасқанша, бұл да аса қажет амалдың бірі болып тұр. Ал бейнекамера жоқ жерлерде көлік жүргізу мәдениетінен жұрдай жүргізушілер тым еркінсіп кететіні – ащы шындық.
Бейнекамера демекші, таяу арада Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев және Саран қалаларындағы автомобиль жолдары бойында құқық бұзушылықтарды тіркейтін қосымша 100 камера жұмыс істей бастайды. Қырағы көз құрылғылар жол қауіпсіздігі ережелері талаптарының сақталуын автоматты режімде бақылайтын болады.
Сонымен қатар «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 100 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылатынын да айта кеткен ләзім. Олардың жиырмасы жол қиылыстарында жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеп отырса, тағы бірнешеуі тоқтау сызығының қиылысуы және бағдаршамның қызыл сигналына өту сияқты бұзушылықтарды анықтайды. Ал 80 камера жылдамдық режімінің бұзылуын қадағалайтын болады.
Жалпы, жол қауіпсіздігін сақтап, апаттардың алдын алу сияқты күрделі мәселені кешенді түрде шешпесе, іс алға баспайтыны айтылды аталған басқосуда. Бұл жерде дамыған елдердегі озық тәжірибелерге сүйенгеннің де еш сөкеттігі жоқ. Бір сөзбен айтқанда, жаңалық атаулыны адамның жол үстіндегі өмірі сынға түскен бұл салаға аямай енгізу керек болып тұр.
Бір ғана мысал: жол-көлік оқиғасы болған жерде «Дрон» құрылғысын пайдаланса, апаттың компьютердегі сызбасын айна-қатесіз түсіруге көмегін тидіруші еді. Мұның өзі жол-көлік оқиғасы бойынша материалдардың сапалы және нақты болуын қамтамасыз етіп қоймай, бұл іс-шараға кететін уақытты азайтып және көлік кептелісінің мейлінше аз болуына игі ықпалын тигізер еді.
Қарағанды облысы