Қоғам • 23 Шілде, 2021

Ázil-ospaq, syn-syqaq

204 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ázil-ospaq, syn-syqaq

Күрсініс

1985 жылдың сәуірінен соңғы жаңалыққа да, жаңаруларға да толы алғашқы үш-төрт жылда баспасөз беттері ұрандаған мақалаларға, «қайта құрған» ақыл-кеңестерге толып кеткені белгілі. Бірде Сырбай Мәуленов сондай газеттің бірін оқып отырып, күрсіне басын шайқапты.

– Сыраға, қатты күрсіндіңіз ғой, не болды сізге? – дейді қасындағы іні­лерінің бірі.

Сонда Сырағаң:

– Алдында бөгет жоғын көрді дағы,

Бұл күнде білгіш болды елдің бәрі.

Осынша шешендер мен көсемдерді,

Қалайша көтеріп тұр жердің шары, – деп табанда өлеңмен жауап беріпті де, тағы да күрсініпті.

 

Суретші інісін таныстыру

Өткен-кеткеннен сөз қозғап, ес­кіден сыр тартып, қазақтың танымал қаламгерлері Асқар Сүлейменов пен Ақселеу Сейдімбеков бірде Алма­тының ағашы мол, саялы бір гүлзарында насыбай атып, демалып отырыпты.

Қағаз-қарындашын қолтықтап көше бойлап безектеп бара жатқан суретші Еркін Нұразханов оларды кө­реді де, сәлем бере кетейін деп, екі ағасына қарай бұрылыпты. Сәлемнен соң Ақселеу:

– Асеке, сіз бен біздің өзіміз біле бермейтін қасиетімізді бадырайтып көрсетіп салып жүрген суретші інің осы болады, – дейді алақанындағы насы­байдың қалдығын қағып жатып.

Асқар Еркін інісін бұрыннан да жақ­сы таниды екен, ерінін орамалдың ұшы­мен бір іліп сүртіпті де:

– «Қасиетіміз» дегеніңе шүбәм бар, Ақселеу, осы Еркін біздің қасиет­сіз­­дігімізді бадырайтып көзімізге көр­сетіп жүрген секілді, – деген екен.

 

Кездейсоқ кездесу

Сәбит Мұқанов таяғын тықылдатып, бірде Жазушылар одағына қарай аяңдап келе жатса керек. Көше бұ­ры­шындағы үйді айнала берген кезде қарсы алдынан шашы желкілдеген, өзі желпілдеген бір жас жігіт ұшыраса кетіпті де:

– Ассалаумағалейкум, Сәбе! – деп жігіт жазушыға қос қолын ала ұмтылады.

Сайтандай сап ете қалған жігіт­тің дауыстай берген сәлемінен Сәбең селк етіп, сасып қалады. – Уәликүмсәләм! – деп, кідіріп барып сәлемін алады.

«Бұл жігіт кім болды екен, аңқылдап тұрған баланы танымағаным ұят болды-ау», – деп іштей қысылыңқырап та қа­ла­ды. «Е, дәу де болса ауылдан келген ағайындас біреу шығар», – деп жорамалдайды да:

– Иә, қашан келдің, ел-жұрт аман-сау ма? – деп сұрайды.

– Сәбе, нені сұрап тұрсыз? Мен осы Алматыда тұрам ғой... – дейді жігіт.

– Жо-жоқ, мына жерге қашан келдің деп сұрап тұрмын? – дейді Сә­бең аяқ астындағы асфальтті ты­қылдатып.

– Келе жатқан бетім осы еді, Сәбе.

«Қап, бәлем, бұл басқа жігіт болды ғой», – деп Сәбең іштей тағы қылп ете қалады. «Ұялған тек тұрмастың» қамын жасап:

– Қалай, үйдегі келін аман-сау ма? – дейді.

– Сәбе, мен әлі бойдақпын, – дейді жігіт те лыпылдап.

– Жо-жоқ, сенің шешеңді айтам... Ол маған келін болмағанда кім болушы еді?! Соны сұрап тұрмын, – дейді Сәбең қолма-қол сөз тауып.

– Е... ол кісі аман-сау, шапқылап жү­ріп жатыр...

– Шапқылап жүріп жатса – сол к­е­лінге сәлем айт! – деп Сәбең жылжып жүріп кетіпті.

 

Әлібек АСҚАР

 

Нұр-Сұлтан