Мысалы, биыл әлемнің көп бөлігінде бұрын-соңды болмаған ыстық ауа райы тіркелген. Оған қоса, экваторлық аймақтарда қар жауып, мәңгілік мұздықтардың мүжіліп бара жатқаны бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жазылады.
Антарктидада мұздықтар кесек-кесегімен опырылып жатыр. Қазіргі таңда ондағы мәңгілік мұз үгітіліп, еріген су мұхитқа құйылып, теңіз деңгейі көтеріліп келеді. Мәңгілік ақ құрлыққа жүргізілген зерттеуде мәңгілік мұздардың астын теңіз сулары үңгіп жатқаны анықталды. Ал 1980 жылдан бері Арктикада 2,5 млн шаршы шақырым мұз жойылып кетті. Бұл шамамен Қазақстанның аумағына тең.
Сондай-ақ Солтүстік мұзды мұхиттың мұздықтары жылдан-жылға кеміріліп барады. Соның салдарынан теңіз деңгейі біртіндеп көтеріліп, аталған аймақты мекендейтін жануарлардың өміріне қауіп төнген. Тіпті заңғар таулардың шыңындағы ақ қар, көк мұздар да еріп, бірте-бірте шегініп, экологиялық апаттың алдында тұр. Қысқасы, әлемдегі экологиялық ахуал өте күрделі.
Егер ерте қамданып, тиісті шаралар қабылданбаса, мұның салдары ауыр болмақ. Соған байланысты 2015 жылы әлем елдері Париж келісіміне қол қойып, ауаға шығарылатын парниктік газдардың көлемін азайтуға кірісті. Бұл құжатты Қазақстан Парламенті 2016 жылы ратификациялады.
Климаттың өзгеруіне жол бермеу үшін халықаралық қоғамдастық түрлі бастамалар көтеріп жатыр. Мысалы, Еуропалық комиссия Fit for 55 деп аталатын құжатты жариялады. Онда 2035 жылға дейін бензин және дизельмен жүретін автокөліктерді сатуға тыйым салу енгізілген. Бұл қадам электр көліктерінің дәуірлеуіне жол ашпақ.
Кейінгі кезде Еуропа елдері көліктен бөлінетін парниктік газдарды азайтуға белсене кірісе бастады. Мәселен, Еуропа қоршаған орта агенттігінің мәліметіне қарағанда, 2017 жылы Еуропа Одағы елдері шығарған парниктік газдардың 27 пайызы көліктерге тиесілі. Соның ішінде 72 пайызы автокөліктерден келеді.
Осыған байланысты құрлықта халықты жанармаймен жүретін «темір тұлпарларға» емес, электр қолданатын көліктерге бейімдеу басталды. Мысалы, Португалия қоғамдық көліктерге, соның ішінде трамвай қызметіне басымдық бермек. Германия да осындай желіні қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.
Климаттың өзгеруімен күрестің тағы бір парасы – парниктік газдарды көп шығаратын ескі көліктерден құтылу. Бүгінде Еуропалық Одақ елдерінде шамамен 243 миллион жеңіл автокөлік бар. Бұған 35 миллиондай жүк көлігін, миллионға жуық автобусты қосыңыз.
Бір қызығы, осы миллиондаған «темір тұлпардың» орташа жасы 11,5-ке тең екен. Ең жаңа көліктерді Люксембург (6,5 жыл) пен Аустрия (8,3 жыл) тұрғындары мінеді. «Мерседестің» отаны Германияда бұл көрсеткіш 9,6 жылды құрайды.
Осындайда Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер ескі көліктерден құтылып, түбегейлі тоқпен жүретін «тұлпарларға» ауысуы қиындық туғызбайды. Соның нәтижесінде ауаға шығарылатын парниктік газдар көлемін азайтуға мол мүмкіндік туады.
Ал Қазақстанда ше? Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, біздің елде 3,8 миллион көлік бар. Олардың орташа жасы 20-ға теңесті. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп, елдегі «темір тұлпарлар» тым ескіріп барады.
Мәселен, автопарктің жартысына жуығының шаңдақ жолда «шауып жүргеніне» 20 жылдан асып кеткен (1,88 миллион). 801,3 мыңының мінілген уақыты – 11-20 жыл аралығы. Осыдан-ақ елдегі автопарктің қаншалықты ескіргенін анық аңғаруға болады.
Қазақстан Париж келісіміне сәйкес, 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарылымы көлемін 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15 пайызға азайтуға тиіс. Қазіргі таңда елде шамамен 401,9 миллион тонна зиянды газ ауаға тарайды. Соның 21,8 миллионы жеңіл автокөліктерге тиесілі. Елдегі автопарк көнерген сайын ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар да көбейіп барады.
Алайда утилизациялық алымның салдарынан шетелден келетін жаңа көліктердің құны аспандап, отандық автоөндіріс тәлтіректеп тұрғанда Қазақстандағы ескірген «темір тұлпарлармен» қоштасу қиынға соғатын сияқты.