Қазіргі уақытта дәстүрлі оқуға оралу шарттарының біріне жататын екпе алу науқаны аяқталуға жақын. Бұл турасында онлайн режімде өткен аппараттық кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мәлім етті.
Биылғы оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша оқытудың төрт нұсқасы қарастырылмақшы. Оның біріншісі – қашықтан оқыту. Одан кейінгісі – аралас оқыту: мұнда сабақтардың 80%-ы штаттық форматта және 20%-ы қашықтан өткізіледі. Тағы бір аралас оқытуда 1-4-сыныптар штаттық форматта оқиды. Ал 5-11 сыныптарды оқыту үш күн офлайн және үш күн онлайн режімге көшіріледі. Оқытудың төртіншісі – штаттық оқытуға толық көшу.
Г.Қожахметова мұндай шешімнің эпидемиялық жағдайға байланысты қабылданғанын айтады.
– Бүгінде білім беру ұйымдарының 39 240 педагогі мен қызметкері немесе ұстаздар қауымының 92,6%-ы коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алды. Сондай-ақ колледждердің 18 жастан асқан 4 389 студенті екпе жасатты, бұл көрсеткіш 55,6%-ды құрайды. Барлық ұйымда педагогтер мен қызметкерлердің, сондай-ақ ата-аналардың денсаулық мәртебесін тексеру үшін Ashyq жүйесі орнатылған. Білім беру ұйымдары мен студенттік жатақханалар толық көлемде санитарлық құралдармен қамтамасыз етілген, – деп атап өтті облыстың бас мұғалімі.
Сонымен қатар басқарма басшысы білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментімен бірлесіп жүргізілетінін мәлімдеді.
Қазіргі таңда мектептердегі балалар үшін қауіпсіз орта құру мәселесі өткір тұр. Осы орайда Г.Қожахметова өңірдегі білім беру мекемелерінің жартысынан көбінде дабыл түймелері пайда болғанын айтты. Сондай-ақ мектептер мен колледждерде дауыстық ескерту жүйелері де орнатылуда. Бұдан бөлек, 92 білім беру мекемесінің кіреберістерінде турникеттер орнатылды. Басқарма басшысы бұл жұмыстың алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
Бұған қоса облыстың бас мұғалімі мектептерде, балабақшаларда және балалар үйлерінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті. Мысалы, биыл 120 мектеп, 26 балабақша, 19 колледж және 1 балалар үйі жөндеуден өткен. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
Аппарат жиынында жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтап, оның сапасын қадағалауды тапсырған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек білім басқармасы санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментімен бірлесіп, оқушылар мен студенттерді дәстүрлі жүйеде оқыту үшін жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдауы қажеттігін атап өтті.
– Қорғаныс құралдарымен жабдықтауды толық көлемде қамтамасыз ету керек. Білім беру ұйымдарының педагогтері мен персоналын вакциналау ісі жалғастырылуы тиіс. Сонымен қатар компьютерлермен және оқулықтармен қамтамасыз ету бақылауда болады. Аз қамтылған мектеп оқушыларын әлеуметтік қолдауға ерекше назар аудару керек, – деді Ж.Қасымбек.
Осы орайда Қарағанды облысында оқушыларды тегін оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Өткендегі бір аптаның ішінде баспа өнімдерінің жүк көліктеріне тиелген екі үлкен партиясы жеткізілді.
Бұл жөнінде өзінің фейсбук парақшасына Г.Қожахметова былай деп жазды: «Бүгінде мектеп қорынан 2–11-сынып оқушыларына оқулықтар берілді. Биыл 1 және 2-11-сыныптар үшін тозған кітаптарды ауыстыру үшін қайта шығарылған оқулықтарға тапсырыс берілді. Бұл мақсатта 1 млрд 766 млн теңгеге 16 баспамен келісімшарт жасалды. Облыс бойынша бес тасымалдаушы анықталды».
Оқулықтарды жеткізу ісі 25 тамызда толығымен аяқталады деп жоспарланған. Жалпы баспа өнімдерінің бірінші топтамасы 30 шілдеде, екіншісінің 5 тамызда жеткізілген еді.
Биыл Қарағанды облысында 21 800 бала мектеп табалдырығын тұңғыш аттайды екен. Ал жаңа оқу жылындағы оқушылардың жалпы саны 209 мыңды құрайды.
Қарағанды облысы