«Павлодар өңірінің даласы жасыл шөпке толы. Оңтүстікке де, батысқа да жеткізсек, шөп жетеді. Суы мол, күнде жаңбыр. Бұл жерден 5-10 мың вагон шөп жинауға болады. Бұл жақтың малы тоқ, шөбі де, суы да мол. Біз Арал мен Маңғыстаудың малы қырылып қалмас үшін шөп жинауға келген бетіміз еді», дейді ерікті Құрмет Талапқазы.
Мұндағы бір мәселе шөптің солтүстіктен батыстағы елге жетуінде ғой. Еріктілерге еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ вагон жағынан қолдау көрсетуге әзір екен.
«Қысқы шөп қорын жинау бойынша Май, Ақтоғай, Тереңкөл және Аққулы аудандарындағы орман шаруашылықтары аумағынан жалпы көлемі 7,5 мың гектар жер бөлінді. Бұл қосымша 12 мың тонна шөп дайындауға мүмкіндік береді. Және де 211 мың гектар пайдаланылмай тұрған жер учаскелерінен 80 мың тонна шөп әзірлеуге жағдай жасалуда. Ертіс өзені жайылмасындағы 56,4 мың гектар жерден тұрғындар үшін 85 мың тоннадан аса мал азығы әзірленуде», дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев.
Жазғы маусымда шөп шабу, жинау, жемшөп дайындау науқанына 4 мың тонна дизель отыны бөлінген. Литрінің бағасы – 164 теңге. Қазіргі күні елімізде 1 қазаннан бастап мал азығын әзірлеудегі шығындарды субсидиялау ісі де қарастырылған. Бұл мақсатқа 2,5 млрд теңге қаражат бөлінбек. Өтініштерді қабылдау 5 тамыздан басталды.
Ал мал азығын дайындау үшін Железин, Ертіс, Тереңкөл, Успен және Шарбақты аудандарының шаруашылықтарымен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-на 60 мың тонна арпа тапсыру жөнінде келісілген. Қордағы арпа қысқы маусымда тұрғындарға сатылады.
Жоспар бойынша Баянауыл ауданында да 270 мың гектар жерден 100 мың тонна мал азығын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Тереңкөл ауданында 97,5 мың тонна шөп, 115,9 мың тонна пішен, 22,5 мың тонна сүрлем, 29,8 мың тонна құрама жем дайындау жоспарланған. Аудандағы «Агро-Даму» ЖШС-інде қысқы мал азығы үшін 30 мың тоннадан аса жемшөп қажет болса, серіктестікке қарасты аумақтағы шабындықтардың өнімділігі – гектарына 5-8 центнер. Шаруашылықтың машина-трактор паркінде техника жеткілікті. Қазір сүрлем дайындау үшін жүгері ору басталады.
Ал астықты аймақ саналатын Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, биыл 300 мың гектарға жуық алқаптан өнім жиналмақ.
«Бұл санның 224 мың гектары – дәнді дақылдар, 45 мың гектардан астамы – майлы және азық дақылдары. Мысалы, «Три К» шаруа қожалығында 400 гектардан күнбағыс, 250 гектардан жүгері жинамақ. Басқа да шаруа қожалықтарын аралап, диқандармен кездестік. Өнім жинауға жақсы болжамдар жасалуда», дейді аудан әкімі.
Ауданда егін жинауға жұмылдырылатын 1 070 техника бар, 565-і астық жинайтын комбайндар. Сонымен қатар Ақсу қаласына қарасты Достық ауылдық аумағында «Шығыс-Альянс» ЖШС инвестиция нәтижесінде бидай және қарақұмық алқаптарын көбейткен. Ауылдық аумақтан 1 500 гектар жерді жалға алған шаруашылық биыл оның 450-іне бидай, 90 гектарына қарақұмық егіпті. Суармалы жерлерді кеңейту бағдарламасы аясында инфрақұрылымдар тартылған. Биыл тәжірибе ретінде бидайдың «Астана», «Темп» аталатын қарақұмық тұқымы егілген. Қыркүйектің соңына қарай өнім жиналады.
Сондай-ақ өңірдегі «Ақтоғай-Агро» ЖШС-нің иелігінде 3 мың гектар суармалы жер бар. Кәсіпорынның бас инженері Виктор Дубовицкийдің мәлі-метінше, былтыр 300 гектар суармалы алқап іске қосылған. Биыл 1 100 гектар суармалы жерге картоп, 250 гектарға сәбіз, 900 гектарға жүгері, 200 гектарға жоңышқа егілсе, 5 мың гектар бидай алқабы табиғи жолмен өсіп-өнуде.
«Суармалы алқап тиімді. Кәдімгі жүгерінің 1 гектарынан 50-80 центнер өнім алсаңыз, суармалы алқаптан 150-500 центнер жинауға мүмкіндік бар. Картоп та жетеді. Картоптың 9 түрін өсірудеміз. Айдың соңына қарай дүкендерге түседі. Соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған жалпы сыйымдылығы 42 мың тонналық қойма жұмыс істейді», дейді В.Дубовицкий.
Бұл күндері өңірімізде 70 мың гектар көлемінде суармалы алқап бар. 2022 жылға дейін суарылатын егістіктердің көлемін 140 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Шаруашылықтардың иелігіндегі суармалы алқаптардың 17 669 гектарына жемшөп дақылдары егілсе, 12 мың гектардан астам алқапта картоп, 11 981 гектарында астық өсіріледі.
В.Дубовицкийдің айтуынша, көкөніс алқабын әртараптандыру мақсатында биыл 540 гектарға супер элиталы бидай, 180 гектарға арпа, 181 гектарға жүгері және 262 гектарға рапс себілген. Шаруашылықта тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде.
«Бастысы – мал азығы жеткілікті. Сүттің өнімділігін арттыру сиырларға берілетін азыққа байланысты. Малдың жем-азығы сапалы болса, әр сиырдан тәулігіне 20 литрден аса сүт алуға болады», дейді «Ақтоғай-Агро» ЖШС бас инженері.
Ал облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірде картоп пен сәбіздің бағасы тұрақты. Ерте пісетін түрлері дүкендерге де жетті. Тамыздың соңында жиын-терім басталады. Биыл облыста 563 мың тонна картоп, 198 мың тонна сәбіз жиналмақ. Ерте пісетін көкөністерді Ақсу қаласы ауылдық аумағындағы, Павлодар ауданындағы шаруашылықтар өсіруде. Қазір олар өнімдерді жинауға кіріскен. Өнім жиналғаннан кейін тұрақтандыру қорына жөнелтіледі.
Аудандағы ерте пісетін картоп, сәбіз, көкөніс өсіретін шаруашылықтар қазір өнімдерін жинай бастады. Мысалы, бір ғана Черноярка ауылдық аумағында 137 шаруа қожалығы тіркелсе, 98-і – «Черноярский-2017» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының құрамында. Биыл да 2 мың гектарға сәбіз, 600 гектарға жуық картоп, 100 гектардай қызылша, 70 гектарға пияз және 15 гектарға орамжапырақ егілген. Алқаптардағы картоптың өнімділігі – гектарына 250 центнер, көкөніс – 280 центнер. Қоймалар да дайын.
Жалпы, өңірде биыл жиналатын шөптің көлемін 911 мың тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Қазіргі күндері өңір аумағында 532,4 мың тонна шөп әзірленген. Шөптің шығымдылығы орташа есеппен гектарына 6 центнер, ал өзен жағалауындағы тоғай шөбінің өнімділігі 16,1 центнерге тең.