01 Мамыр, 2010

БАБАЛАР ӨСИЕТІ БІРЛІК ЕДІ

1456 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бір замандары айбыны асқақ, жұртын бастап жүретін небір ұлы тұлғаларды түлеткен, кейін құбы­ласы қырық құбылған саясат тұсында жүндей түтілген қазақтың ұлттық мінезі “Тек азат халықта ғана ұлттық мінез болды”, деп Жермена де Сталь айтқандай, тәуел­сіз жылдары бой тіктеп, сен кімсің дегендерге, мен Төле, Қазы­бек, Әйтеке билердің ұрпағы­мын дейтін дәрежеге жеттік. Сол үш ұйытқының арғы-бергі жағын­дағы тарихымызды таразылауды қолға алып, біраз игілікті шара­ларды іске асырдық. Соның бір әдемі көрінісі, күні кеше Прези­дент­тік мәдениет орталығында өткен тума талант, тұғыры мықты азамат, айтулы суретші Тоқболат Тоғысбаевтың “Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би портреттері” трип­тігінің және италиялық суретші Джузеппе Кастильонидің “Қазақ­­станның Цинь императоры­на сәй­гүлік сыйлауы” атты картина негізінде Асейн Жұмабеков салған туындысының тұсаукесер рәсімі дер едік. Тұсаукесер рәсімінде алғашқы сөзді орталық директоры Мыр­затай Жолдасбеков алып, игілікті шара туралы жан-жақты мәлімет берді. Қазақ халқының ешбір ұлт пен этносқа ұқсамайтын өзіндік салт-дәстүрін тізбелей айтып, мұражайда “Алтын адамдардан” өзге, алпыс екі аттың алтын, кү­міс­пен әшекейлеген ер-тұр­маны­ның тұрғанын, өзге де жәдігер­лердің сақталғанын және басқа да құндылықтардың ерекшелігіне, Тоғысбаевтар әулетінің дарын-қарымына тоқтала келіп, сонау ХҮІІІ ғасырдан жеткен суретті елге жеткізген қазақтың көзі ашық, көңілі ояу тарихшы қызы Меруерт Әбусейітованың зерек­ті­гіне шынайы ризашылығын біл­дірді. Ал осы жұмыстың атқары­луы­на қаржылай көмек көрсеткен атымтай жомарт меценат, тарихи дүниелерді музей қорына сыйға тартқан Мүсілімбай Дайырбеков өмір бойы үш бидің рухына басын иіп келе жатқанын, жазық­сыз жапа шеккен тұста аруақ­тары­на сыйынып қатерден аман қалға­нын тебірене тұрып айтса, тарих­шы Бақыт Еженхан италия­лық сурет­ші­нің еңбегі бұрын кітап­тарда ғана көрініс тапса, енді қайта жаң­ғырып, мұражайда жұрт игілі­гіне айналатынын жеткізді. Қазақ­тың ақиық ақын қызы Фариза Оңғарсынова тәуелсіздік­тің қадір-қасиетінің өзі осыдан көрініп отырғанын, үш бидің атын бір кездері сыбырлап айт­сақ, енді асыл бейнесі керегеміз­ден көсем­дерді ығыстырып орын тапқанын, ұлт тарихын өзіміз ғана біліп қоймай, қызыл-жасыл дүниенің жетегінде жүрген кейінгі жасқа ұғындыру керектігін тілге тиек етті. Сенатор Өмірбек Бай­гел­ди ата-баба тағылымына адал болу жөніндегі тереңнен тартқан кесек-кесек ойларын нақты дәлел-дәйек­­терге жүгініп ортаға салды. Қазірдің өзінде төрткүл дүниеге танылып үлгер­ген атақты суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбай қазақ өнерінің арғы-бергі тарихын барлай келіп, ел саясатының символы осы үш би екенін, қай туынды да құнды болып есеп­телетінін, ұлтымыздың ұлылығын әлемге танытқан “Ал­тын адамды” жасаған суретші аты белгісіз болып қалған өзге емес, өз бабамыз, деген сөзді қадап айтты. Ақ матамен көмкеріліп тұрған үш бидің портреттерін ашу құр­метін Парламент Сенатының депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Әділ Ахметов және қоғам қайрат­кері Әлихан Бәйменов атқарса, “Қазақтардың Цинь  импера­торы­на сәйгүлік сыйлау” атты кар­тина­ның лентасын “Нұр Отан” ХДП-ның Астана қаласы бойынша филиалы төрағасының орын­басары Әмірхан Рақым­жанов, Парламент Сенаты­ның депутаты Өмірбек Бәйгелди, Жоғарғы Соттың төрағасы Мұса­бек Әлімбеков қиды. Бұдан кейін ел азаматтары үш биге құран оқытып, ас берді. Жақсы іске жана­шырлық танытқан азамат­тарға сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Айтыс өнерінің айтулы өкілі Аманжол Әлтаев үш биге арнаған толғауында: “Білсеңіздер үш биім емес пе еді, жеріме абақ­тыны салдырмаған”, деп артынан “Ұлтарақтай жерімді сат­қыз­баған... Толик, Коля көбейген бұл заманда, Үш биді ардақтайтын балаң болсын, Ұрпағының кеу­десінде қоңыраудай, Төле, Әйтеке, Қазыбек сыңғырласын”, деп бабалар өсиеті бірлік болған өлең жолдарымен нөсерлетіп жіберді. Сүлеймен МӘМЕТ.