Өнер • 17 Тамыз, 2021

Сарынның санадағы жарығы

361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жапонияда санасы әлі қатып үлгер­ме­ген баланың өз қалауы бойынша таңдаған му­­зы­калық аспабын жете меңгеріп шы­ғуы­на қатты мән беріледі екен. Мұндай қа­дам­ға барудың себебін сұрағанда, мамандар ұлттық мәдениетке баулудың бірден-бір кілті музыка өнерінде екенін, ал өзінің му­зыкалық аспабының үнімен сусындап өскен жеткіншектің жан-дүниесі тау суындай мөлдір, кіршіксіз таза болып қалып­та­сатынын, сол себепті бұл атадан балаға мирас болып келе жатқан қалыпты үрдіс екенін алға тартқан.

Сарынның санадағы жарығы

Әрі қарай мән берсек, бұл идея ұлттық дәстүрді дәріптеумен ғана шектеліп қалмайды, мысалы, үрлемелі және ұрмалы аспаптарда ойнау адам денсаулығын жақсартады деген пайымға жүгінеді. Өйткені үрлемелі аспапта ойнау адамның өкпе қызметі мен тыныс алу жолдарын реттеп, өкпе, кеңірдек ауруларының алдын алса, тағы бір қасиеті – музыкалық аспаптар үнімен жүйке жүйесі сыртқы әсерлерден қорғалып, баланың ойлау қабілеті мен шығармашылық ізденісі артады. Балғын сананы музыкалық аспаптар сарынымен тәрбиелеуді қолға алған Жапония мен Кореяның музыкалық екі аспапты оқу бағдарламасына міндеттеп енгізуінде осындай терең сыр жатыр.

 Мұны тілге тиек етудегі мақсатымыз, Қазақ­стандағы ұрмалы және үрмелі аспап­тар­дың білім беру саласындағы жағдайы қалай деген мәселе. Қазақтың музыкалық аспаптары негізінен ішекті, ыспалы, ұрмалы, үрмелі және тілшелі болып бөлінеді десек, соның ішінде бір ғана ұрмалы аспаптарға жататын дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, қол дабыл, қос дүңкілдек, сақпан, асатаяқ сияқты қаншама құнды дүние бар. Соған қарамастан көне музыкалық аспаптарды Қазақстан мектептерінің бағдарламасына енгізбек түгілі арнайы музыкалық оқу орын­да­ры­ның өзі мұны жүйелі түрде дұрыс оқытуды жолға қоя алмай келеді. Өйткені ұрмалы аспаптарда ойнауды үйрететін кәсіби мамандар жоқтың қасы. Мұның себебін аспапта орындаушылардың өздерінен сұрағанымызда белгілі музыканттардың тәжірибесінен өз беттерімен оқып үйренгендіктерін жеткізді.

Сол сияқты ұмыт қалып бара жатқан үрмелі аспаптарымыз да аз емес. Соның бірі – үскірік. Ғылыми дерек бойынша аспап алғаш рет 1947 жылы Маңғыстау өңірінен ашыл­ған көне қоныс орнынан табылған. Ұзын­дығы небәрі 8-10 см, аумағы 12-15 см болып келетін мұра сапалы саздан, қыштан жасалған. Дыбыс ерекшелігіне қарай кей жерде мұны уілдеуік деп те атайды. Қазіргі кезде аспаптың этнографиялық қазба нұсқасы музейде сақтаулы, ал сәл-пәл дамытылған түрлері бірлі-жарым өнер ұжымдарында кез­десіп қалатыны болмаса, кең тарап кете қой­ма­ған. Ал қазба жұмыстары нәтижесінде та­былған құссайрауық аспабының үнін құ­ла­ғымыз шалмақ тұрмақ атының өзін көп адам біле бермейді. Түркістан аумағындағы ежелгі қоныстан кезіккен бұл аспап саз, майда құм секілді заттардың қосындысынан қатты, тығыз етіп жасалған. Жекелеген музыкалық аспаптарға тоқталып отырған себе­біміз, бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінен бастап, фольклорлық-этногра­фиялық топтарда қазақтың байырғы музы­калық аспаптарының ондаған түрі ғана ойналады екен. Ал қорымызда Болат Шамғалиұлы Сарыбаев жинақтаған 400-ден астам музыкалық аспап бар дегенді ескерсек, бұл көне аспаптарды қолданудағы қазір­гі үлесіміз теңіздің тамшысындай ғана деген сөз. Музыкалық аспаптардың шығу тегін, қалыптасу үдерісі мен тарихи-мәдени ерекшелігін зерттейтін арнайы мамандар тапшы. Осы тұрғыдан сөз еткенде, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің: «…Әттең, бізде әуездік археологиямен айналысатын маман­дар болғанда, көптеген жаңалықтардың бетін ашуға болатын еді», деп айтқан сөзінің өзек­тілігі әлі күнге өзгере қойған жоқ.

Қолымызда осыншама мол байлық бола тұра елімізде осы аспаптарда ойнайтын кәсі­би музыканттарды даярлайтын бірде-бір оқу орнының болмауы қандай өкінішті еді. Көне төл музыкалық аспаптарымызды тек музейден, көрмелерден ғана танып-біліп жатқанымыз ұят емес пе?! Қолда бардың қадіріне жете алмау деген не масқара. Айтпағымыз, байырғы аспаптар үнін неге сахнада жаңғыртпасқа! Мәселен, Ертіс өңі­рін­де жергілікті өнерпаздар VI ға­сырда пайда болған адыр­на­ның сүйемелдеуімен 20-ға жуық тың туынды әзірлепті. Сол сияқты ұмыт бола бастаған басқа да көне аспаптардың әр­қай­сысының сүйемелдеуімен шығар­малар орындалып жатса, қазақ музыка өнерінің қанаты бұ­рын­ғысынан да биікке самғай түспей ме?!