Қоғам • 17 Тамыз, 2021

Сөз сойыл

4212 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сөз сойыл

«Матросская тишина»
Асқар Сүлейменов жылдар бойы шығармашылық демалыста болып, үйде жүмыссыз отырған. Содан кейінгі жылдардағы нарық шөміштен қыса бастаған соң, амалдың жоқтығынан 1991 жылы «Парасат» журналы редакциясына қызметке тұрыпты.
Бірде Асекеңнің өзі қатты сыйлайтын дарынды інісі Иранбек Оразбаев бір шаруамен «Парасат» журналының редакциясына бара қалады. «Сәлем бере кетейін», деп Асқардың есігін ашса, Асекең әлдебір мұңға батып, жағын таянып, терезеден сыртқа телміріп үнсіз отыр екен дейді. Бөлмесіне кіріп келген Иранбекке көңіл де аудармайды, біреу келді-ау деп бұрылып та қарамайды, терезеге телміріп отыра береді.
– Ау, Асеке, сізге не болған? – дейді Иранбек ағасының бұл отырысынан көңіліне секем алып.
– Ә, Иранбекпісің... Сен «Матрос­ская тишина» туралы бірдеңе білуші ме едің? – дейді Асқар. – Мәскеудегі түрме ғой, әлгі «гэкэчепис­тер» қамалған... – дейді Иранбек.
Сонда Асқар бет орамалымен мұрнын бір сүртіпті де:
– Мынау кеңсенің жұмысы деген қолды байлап, еркіндіктен айырады екен. Мен де сол «Матросская тишинаның» темір торлы терезесіне тап болғандай күйзеліп жүрмін, – деп қаламдас інісіне мұңын шағыпты.


Көңіл айту
Партизан-жазушы Қасым Қай­сенов­тің әкесі сексенінші жылдардың орта тұсында жүзге жетіп қайтыс болады. Бұл хабарды естіген соң Сырбай Мәуленов бәйбішесін ертіп, өзінің майдангер досы Қасекеңе, ол кісінің жұбайы Асылға көңіл айтуға үйлеріне барады. Есіктен кіре бере Қасымды құшақтап тұрып, Сырбайдың досына айтқан көңілі мынау екен:
– Жасады әкең бір өмір
ғасырындай,
Жетпісте жетім қалған
Қасымым-ай!
Жылама, жасыңды тый,
балалар мен
Жұбайың аман болсын Асылыңдай!

Орысшаның одыраң кезі
Бір топ ақсақал, қарасақал қаламгерлер қазіргі қазақ тілінің жай-күйі төңірегінде пікірлесіп, әңгі­мелесіп отырады.
– Баяғыда залда екі-үш орыс отырса болды, баяндама да, жарыссөз де орысша өтуші еді, – дейді біреуі.
– Алла-ай десеңші, ондайда жа­рыс­сөзде қазақша сөйлесең – отырған жұрт қой қораға қасқыр кіріп кеткендей жақтырмай, «осы ұлтшыл бәле емес пе» дегендей күдікпен қа­рау­шы еді ғой, – дейді келесі қаламгер де жағасын ұстап.
– Екі-үш орысың не... Залда жалғыз Иван Шухов отырса да шүлдірлеп орысша сөйлеуші едік қой, – дейді үшінші біреуі де оларды қостап.
Сонда партизан-жазушы Қасым Қайсенов:
– Иван Шухов түгіл, сол залда татар Машқар Гумеров отырса да тілімізді бұрап орысша сөйлеуші едік қой. Ал Гумеров жолдас татарша да емес, орысша да емес, қазақша жазатын жазушы емес пе еді! – деген екен.

Әлібек АСҚАР
Нұр-Сұлтан

***

«Да» мен «иә»
Телефон шалса,
«Да» дейсің...
Орыстан қалған сыйың ба?
Өз тіліңде «иә» деу...
Соншалықты қиын ба?..


Білмеу мен тілдеу
Жүрген жері лаң,
Өз кінәсін білмейді.
«Пәлеқор, жалақор!» деп,
Өзгелерді тілдейді.


Айту мен қайту
«Арақтан аулақ жүр» деп,
Балаларына ақыл айтады.
Кешкісін үйіне,
«Тәлтіректеп» қайтады.


Бүк түсу мен шік түсу
Беруге келгенде,
Бетін жауып, бүк түседі.
Алуға келгенде,
Шалқасынан шік түседі.


Қуану мен қуару
Қонаққа шақырса,
Құстай ұшып, қуанып барады,
Қонақ келеді десе,
Құты қашып, қуарып қалады.


Тұрлыхан КӘРІМ
ТалдықорғаН

***

«Тергеуші мырза, бүгін қайта түс көріңіз»
Сауранбайдың сауырында отырған Сабырбек­тің үйіне бір күні аудандық ішкі істер бөлімінен тергеуші келіпті. Осы маңдағы бір шопанның отыз-қырық қойы жоғалса керек. Соны қосып алды ма деген күдікпен тергеуші шопандарды аралап жүр екен.
Қымыз ішіп қызара бөртіп отырған тергеуші Қожаберген:
– Кеше бір түс көрдім. Жоғалған қой сенің отарыңа келіп қосылыпты, – депті.
Сонда Сабырбек қолындағы қымыз толы кесесін дастарқанға қоя салып:
– Тергеуші мырза, онда бүгін үйіңізге барып, қайта түс көріңіз. Бәлкім, сонда жоғалған қойлар­ды қайда апарып жасырғанымызды көрерсіз, – депті.
Ішіп отырған қымызына қақалып қала жаздаған тергеуші қып-қызыл болып кетіпті де, машинасына мініп жөнеп беріпті.

Май мен шай
Сатирик жазушы Сабырбек бірде Созақ жақтан тойдан қайтып келе жатады. Жеңіл автокөлік іші толы адам. Сәкең қалғып кетсе керек. Бір кезде машина тоқтап, отырғандар гу-гу әңгімені үдетіпті.
– Не болды? – деп сұрайды ұйқылы-ояу Сабырбек.
– Жол полициясы қызметкерлері тоқтатты. Жүр­гізу­шіні жібермей жатыр, – депті қасындағылар.
– Жібермегені несі?
– Қайдам, бірдеңе дәмететін шығар.
– Мен оларға дәметкенді көрсетейін, – деп Сабырбек көліктен түседі.
Содан жол полициясы қызметкерлерінің қасына тақап:
– Ассалаумағалейкум, МАИ-ым,
Қалай жайың?
Түн ішінде тоқтатыпсыңдар,
Таусылып па еді шайың? – деп өлеңдетіп жіберіпті.
Жалт қараған жол полициясы қызметкерлері Сәкеңді танып, жамырай келіп сәлем беріп, «тағы бір нәрсеге ұрынып қалармыз» деп жүргізушінің қолына құжаттарын ұстата салыпты.

Қарыз қайтарымы
Бір жігіт досынан 5 мың теңге қарыз сұрапты.
– Досыма бермегенде, кімге ақша беремін, – депті досы мырзасынып.
Жігіт асығыс қуана жетіп келсе, досы 5 мың теңге дайындап қойыпты.
– Қолымды жақсылап сүй де ала бер, – депті.
– Досым-ау, біздің достығымыз қайда? Қолымды сүй дегенің не? – депті досы қапаланып.
Сонда досы:
– Ой, досым-ай, мен бұл теңгені сенен алар кезде аяғыңнан сүйемін ғой, – депті.

Нұрқасым ОМАРБЕК

Алматы

***

– Әйеліңе құдайдан не тілер едің? – деп сұрапты бірде Қожанасырдан.
– Егер әйелім ауыратын болса, сол ауруды маған жібер деп тілер едім, – депті сонда Қожа, – бірақ маған өлуге тура келсе, менің орныма әйелімді алып кеткені дұрыс болар еді.
* * *
Бір күні Қожанасыр қатты ауы­рып, қыбыр етпей жатып қалады. Қасында отырған әйелі жы­лап-сықтаумен болады. Бұл Қожаға ұнамайды.
– Жарығым-ау, – дейді ол, – жылап-сықтауыңды доғаршы. Қайта ең әдемі көйлектеріңді киіп, әшекейлеріңді тағынып, жасанып отырсаңшы.
– Әпенді, – дейді әйелі онан әрмен солқылдап, – не айтып тұрсың? Сен науқастанып жатқанда, бұлай етуіме бола ма?
– Егер мені сүйетінің рас болса, – деп болмайды Қожанасыр, – менің айтқанымды істе.
Әйелі әуестігі ұстап:
– Мен сенің айтқаныңды істейін, бірақ бұл саған не үшін қажет? – дейді .
– Мен оны саған айтар едім, бірақ сен өкпелеп қаласың ба деп қорқамын.
– Жоқ, уәдемді берейін, – дейді әйелі және Қожаның өтінішін орындауға келіседі.
– Қатын-ау, – дейді сонда Қожанасыр, – әзірейіл менің жанымды алып кетуге келгенде қасымда құлпырып, жайнап отырған сені көріп, менің орныма сені алып кете ме дегенім ғой...
* * *
Әпендінің әйелі қатты сыр­қат­танып қалса керек. Әпенді әйелінің бас жағына отырып алып өкіріп жылай бастайды. Жиналған көршілері:
– Әй, Әпенді! Сонша неге жылай­сың, әйелің аман-есен, жай науқас­танып қалған ғой. Басыңа бәле тілеп не көрінді? – дейді.
Әпенді сонда оларға қарап:
– Мен өзі жұмысбасты кісімін. Ал егер әйелім өліп қалса, бәлкім, жылауға да мұршам келмес. Міне, сол себепті алдын ала жылап жатқаным ғой, – депті.
* * *
Бір күні біреу молдаға келіп:
– Молдеке, ақырзаман қашан болады? – деп сұрапты.
Молдекең бірден:
– Қайсысы? – депті.
– Қайсысы дегеніңіз не? Ақыр­заман бірнеше рет бола ма? – деп таңданады әлгі кісі.
– Иә, екі рет болады, – депті сонда молда, – алғаш үлкен ақырза­ман әйелің өлгенде болады, кіші ақыр­за­ман өзің өлгенде болады.