Коронавирус • 18 Тамыз, 2021

Азаматтардың амандығы – еліміздің байлығы

458 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде коронавирус ін­де­тімен ауырғандар Жам­был өңі­рінде де көптеп тірке­луде. Қауіпті індетпен күні бү­гінге дейін 10 мыңнан аса тұрғын ауырған. Өкінішке қа­рай, жүздеген адам қай­тыс болған. Қабылданған жедел шаралардың және білікті дә­рі­гер­лердің еңбегінің нәти­же­­сінде коронавирусты жеңіп шық­қандар да бар.

Азаматтардың амандығы –  еліміздің байлығы

Қазіргі кезде қауіпті індетті жұқ­ты­ру дерегі күн санап артып барады. Дәрігерлер ауру жұқтырмаудың ең тиімді жолы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаумен қатар, вакцина алу екенін де айтуда. Коронавирустан жазылғандардың қатары да көбеюде.

Мәселен, Жамбыл ауданының 65 жастағы тұрғыны шілде айының ортасында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының жұқпалы аурулар құрылымына келіп түскен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастың ауруханаға түс­кен кездегі жағдайы тым ауыр бол­ған. Оған қоса науқаста қант диабеті, артериалды гипертензия және тыныс алу жетіспеушілігінің 1-дәрежесімен қатар, интоксикациялық синдромының болуына байланысты жансақтау бөлі­мінде бақылауда болған. Тұрғын ауру­ханаға түскен күннен бастап, тыныс алу жетіспеушілігі 2, 3-дәрежеге дейін төмендеп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Науқастың жағ­дайына байланысты Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, дер кезінде жүргізілген кешенді емнің нәтижесінде пациенттің жағдайы жақсарған.

«Жаз мезгілінде төрт күн қатарынан тойға барып едім. Бесінші күні дене қызуым көтеріліп, бойымды әлсіздік басып алды. Буындарым ауыра бастады. Ел салдырып жатқан вакцинаны да алған жоқ едім. Үйден дәрілер ішіп, екпелер қабылдадым. Өздігінен жүргізілген емнен жағдайым жақсармаған соң, жедел жәрдем шақырдым. Осылайша ауруым одан сайын асқынып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықтым. Мұнда келгенде дәрігерлер маған екі жақты пневмония, өкпенің 76 пайыз қабынуы деген диагноз қойды. Екі апта бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосты. Дәрігерлердің табандылығының нәтижесінде қауіпті вирустан аман қалдым», дейді науқас.

Сол сияқты Тараз қаласының 52 жастағы тұрғыны да жуырда сауығып шықты. Ол да шілде айының ортасында өкпенің 90 пайыз зақымдануымен ауыр халде ауруханаға түскен. Екі апта бойы жансақтау бөлімінде жатып, жасанды желдету аппаратында бес күн, өкпені инвазивті емес желдету аппаратында үш күн ем қабылдаған. Қауіпті індетпен бір ай бойы алысқан азаматтың бүгінде жағдайы жақсы.

«Коронавирус індетіне шалдыққан науқастармен тікелей қарым-қатынаста болған жоқпын. Дегенмен өзім базарда сауда-саттықпен айналысамын. Ол жерде адам көп. Содан шілде айының басында ауырып қалдым. Бұл індетті мен базардан жұқтырдым. Себебі қо­наққа барған жоқпыз, жақын­да­рым­ды көрмегелі де бірнеше ай болды. Тек телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Алдымен әлсіреп, тоңып, дірілдей бас­тадым. Бірнеше күннен кейін иіс пен дәм сезбей қалғанымда, коронавирус жұқтырғанымды түсіндім. Үйде бірнеше күн емделгеніммен болмай, жөтел үдеп, қан аралас қақырық түсе берген соң, жедел жәрдеммен ауруханаға келдім. Мен бастапқыда өз-өзіме келе алмай, тыныс алу аппаратында жаттым», деген азамат өзіне екінші өмір сыйлаған ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.

Әрбір азаматтың амандығы – еліміз­дің байлығы. Күні-түні өмірін қа­тер­ге тігіп жүрген дәрігерлердің де тілегі – елдің амандығы. Бұл ретте емдеуші дәрігер Парида Құрманбаева пациенттің сауығуы бір ғана дәрігердің емес, нау­қас­тың өзінің емделуге деген ынтасына да байланысты екенін айтты.

«Короновируспен ауырған адам бар күшін осы дертті жеңуге жұмсауы тиіс. Ағза әлсіреп қалады, сондықтан өзін-өзі күтіп, қалыпқа келтіру қажет. Ол үшін той-томалақтан, жиындардан, адам көп шоғырланатын орындардан бас тарту керек. Дәруменге бай тамақтарды ішіп, ұйқыға мән берген дұрыс. Сонымен қатар таза ауада серуендеу, спортпен шұ­ғылдану, саламатты өмір салтын қа­лып­тастыруға көп көңіл бөлу керек», дейді ол.

Аурухана қызметкерлері науқасынан айыққан азаматтарды үйлеріне шығарып салуда. Олар үшін бір адамның өмірін ара­­шалап қалу – үлкен қуаныш. Де­генмен күн санап өршіп бара жатқан қауіпті індет адамдарға қауіп төндіруде. Ал ақ халатты абзал жандар барша азаматты қауіпсіздік талаптарын барынша сақтауға шақыруда.