Бизнес • 18 Тамыз, 2021

Бастаған бизнесі тұралап қалғандарға көмек көрсетіледі

222 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Пандемия кезінде жүрі­сінен жаңылып, табы­сы­нан айырылған кәсіп­кер­лер көп болды. Қолға алған жобасын пышыратып алғандар қатарында «Бастау Бизнес» жобасы­ның түлектері де жоқ емес. Кәсіпкерлік негіздерін енді-енді меңгеріп, ел қатарлы табыс табуға кіріскен жоба түлектері күтпеген жерден қиындыққа тап бол­ға­ны белгілі. Мемлекет қол­­дауының игілігін көр­ген оларға тағы да бір мүмкіндік беріліп отыр. Қыс­қасы, індет қысқан күрделі кезеңде зардап шеккен жоба түлектері төмен пайызбен несие рәсімдей алады.

Бастаған бизнесі тұралап қалғандарға көмек көрсетіледі

«Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы басқарма төр­ағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, өңірлерде жұмыс іс­тейтін микроқаржы ұйымдары 15 шілдеден бастап өтінімдерді қабылдауда. Бүгінде жалпы сомасы 3 млрд теңгені құрай­тын 600-ге жуық өтінім келіп түскен.

«Бастау Бизнес» жобасы­ның түлектері мемлекет қол­дауын әрдайым сезініп келе­ді. Президент тапсырмасы­на сәйкес биылғы және өткен жыл­дағы оқуға қатыс­қан­дар­ды қаржыландыруға жеткілікті көлемде қаражат бөлінді. Жер­гілікті атқарушы органдармен бірлесе құрылған, тек жоба түлектеріне ғана қызмет көрсететін 15 микроқаржы ұйы­мы жылына 6 пайыздық жеңіл­детілген мөлшерлемемен несие береді. Сонымен қатар не­сиені өтеу кезінде демалыс кезеңі де қарастырылған. Бұл қара­жат «Бастау Бизнес» қатысу­шыларына ғана мақсатты түрде жұмсалады. Мұны жобаның кезекті бір артықшылығы десе де болады. Биыл 22,5 млрд тең­ге көлемінде жобаларды қар­жы­ландыру қарастырылған», дейді Н.Әбілшайықов.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Ринат Кемешов­тің айтуынша, несие алу үшін «Бастау Бизнес» жобасы­ның сертификаты және ке­піл мүлкіне қажетті құжаттар керек. Сондай-ақ банктерде мерзімі өткен берешек болмауы қажет.

«Кепіл ретінде салын­ғаны­на 50 жылдан асқан тұрғын үй­лер, сондай-ақ коммерциялық мақсаттағы жер учаске­лері қабылданады. Ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы егіс­тіктер мен жайылымдар, жылжымалы мүлік қосымша кепіл ретінде қабылдануы мүмкін. Несие жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Мик­рокредитті 5 жылға дейінгі мер­зімге рәсімдеуге болады. Ал мал шаруашылығы саласын­да­ғы жобаларға арналған мик­ро­несиенің ең ұзақ мерзі­мі – 7 жыл», деп нақтылады Р.Кемешов.

Белгілі болғандай, ауылдық елді мекендер мен шағын қала­лардың өкілдеріне 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш көле­мінде несие рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бұл дегеніміз – 7 292 500 теңге. Қалалар мен моноқалалардың тұрғындарына 18 960 500 теңгеге дейін (6,5 мың айлық есептік көрсеткіш) несие алуға болады. Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларына белгіленген ең жоғары сома – 8 мың айлық есептік көрсеткіш немесе 23 336 000 теңге.

Атап өтерлігі, несие рәсім­деу кезінде ешқандай сала­лық шектеулер жоқ. Оны айналым қаражатына да, мал жем­деуге де пайдалануға болады. Алайда микронесие тұты­ну­шылық мақсатқа, бұған дейін алған несиелерді өтеуге, несие берешегін қайта қаржы­лан­дыруға, жылжы­майтын тұрғын үйге, жеке тұр­ғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сатып алуға жұм­салмауы керек.

«Биыл «Бастау Бизнес» тү­лек­терінің өз ісін ашуы нәти­жесінде бюджетке 1,5 теңге млрд салық түсті. Мемлекет тарапынан берілетін несиелер 5 мыңға жуық жаңа кәсіп­орын­ның ашылуына ықпал етеді деп күтілуде. Сонда шама­мен 10 мыңға жуық жаңа жұ­мыс орны құрылады. Алға қо­йыл­ған жоспарлар орындалса, салық төлеушілердің де қа­тары кө­беймек», дейді Н.Әбілшайықов.

Деректерге сүйенсек, 2017-2020 жылдары «Бастау Бизнес» жо­басы бойынша 151 528 жұ­мыссыз және өзін өзі жұмыс­пен қам­тыған адам кәсіпкер­лік негіз­дерін меңгерген. Олар 4 жыл­да 44 362 жобаны іске қо­сып­ты. 60 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.

Жобалардың 36 пайызы шағын несиелердің көмегімен, қалған 64 пайызы «Еңбек» бағ­дар­ламасы аясындағы грант­тық қаржыландыру есебінен жүзеге асырылған. Олардың 59 пайызы немесе 26 132-сі ауыл шаруашылығы саласы­на қа­тысты. Ал қызмет көрсету, сау­да және өндіріс салаларының үлесі – 41 пайыз немесе 18 231 жоба.

Былтырғы эпидемиялық жағдайға байланысты «Бастау Бизнес» жобасы онлайн формат­қа ауыстырылғаны белгілі. Қазір онлайн оқыту арнайы әзір­ленген Atameken Academy плат­формасында жүргізілуде. Биыл 30 мың жұмыссызды оқыту жоспарланған. Олардың ішін­де NEET санатындағы жас­тар, жас отбасылар, аз қам­тыл­­ған және көпбалалы отба­сылар­дың мүшелері, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандар бар.

«Atameken Academy плат­фор­масындағы оқу 26 сәуірде басталды. Бүгінге дейін төрт оқу курсы тәмамдалды. Барлы­ғы 30 188 адам оқып шықты. Осы жылдың 16 тамызында соң­ғы – бесінші лектегі оқу бас­­­талды. Дегенмен біз қа­зір­­дің өзінде-ақ жоспарды то­лық орын­дадық. Бұған өңір­лер­­дегі оқу­ға деген нақты қажетті­­лік се­беп болды», дейді Н.Әбіл­шайықов.

«Бастау Бизнес» жобасының Павлодар өңіріндегі биз­нес-тренері Ақмарал Сайтқұлова­ның айтуынша, жобаға қатысу үшін алдымен Жұмыспен қам­ту орталығына барып тіркелу шарт.

«Оқу мерзімі – 21 күн. Осы уақыт аралығында қа­ты­су­шыларға 50 бейнежазба көр­сетіледі. Олар түрлі бағыт бо­­йынша 12 модульдік сабақ өте­ді. Әсіресе менеджмент, мар­кетинг, салық салалары­на ба­сымдық беріледі. Элект­рон­ды коммуникациялар туралы да айтылады. Ең бастысы, қатысушылар бизнес-жоспар жасауды үйренеді», дейді А.Сайтқұлова.

«Атамекен» ұлттық кә­сіпкер­лер палатасының өкіл­­дері ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл оқуды аяқтаған­дар­дың 19 261-і немесе 64 па­­йызы – жұмыссыз, 8 733-і не­­месе 29 пайызы – өзін өзі жұ­­мыс­­­пен қамтығандар, 2 194-і не­месе 7 пайызы – ісін жа­ңа бас­­та­ған және нақты кәсі­бі бар кәсіпкерлер.

Қатысушылардың 14 756-сы әлеуметтік осал топтарға жатады. NEET санатындағы жас­тардың үлесі – 8 630 адам. Кәсіпкерлік негіздерін меңгергендердің 3 446-сы – көп­балалы отбасылардың өкілдері, 1 902-сі – аз қамтылған отбасыдан шыққандар, 778-і – еңбекке қабі­летті мүгедектер.

Биыл оқу курстарынан соң 8 469 жоба жүзеге асырылды. Бұл осы жылға арналған жос­пар­дың 94 пайызын құрайды.