Бұл туралы Telegram-дағы Risk Takers каналында қозғалып, Алматыда баспана шаршы метрінің орташа бағасы жыл басынан бері 459,9 мыңнан 518,1 мың теңгеге дейін өскені сөз болды.
«Индекс 12,65 пайызға қымбаттап отыр. Елордада да сондай динамика байқалады. Сондай-ақ шаршы метр құнының өсуі облыс орталықтары мен өзге де ірі қалаларда тіркелді. Индекс трендінің оң жағдайда қала беруі баға тұрақталуының әлі де кешеуілдейтінін аңғартатындай. Алайда сату-сатып алу келісімдері санының азаюы арқасында баға өсімі баяулауы мүмкін. Мемлекет құрылысшыларды қолдайтын жаңа механизм ойлап шығармайды деп үміттенеміз. Баға өсімі мен оның тұрақталуы қандай да бір шаралар есебінен емес, таза нарықтық тенденциялар әсерімен реттелуі керек», деп жазады аталған канал сарапшысы.
Ал Tengenomika каналының жазуынша, шілде айында жаңа үйлер бағасы 0,4, екінші нарық үйлері 1,1, ал аренда 0,6 пайызға қымбаттаған. Жылдық мөлшерде есептейтін болсақ, нарықтың аталған сегменттері 12 ай ішінде 12,9%, 24,9% және 11,9%-ға өскен. Бұл ретте канал сарапшысы 2021-дің жеті айының қорытындысын ескергенде баспана бағасының ұзақ мерзімді үрдісі мен елдегі жалпы инфляция (2012 жылдың қаңтарынан бастап) арасында айырмашылық ұлғайып бара жатқанын айтады.
«Екінші нарық үй бағасының ұзақ мерзім бойғы өсімі 2012 жылдан бері жинақталған инфляциядан 37 пайыздық пунктке алда тұр. Ал жаңа үйлердің ұзақ мерзім бойғы қымбаттау жылдамдығы жинақталған инфляциямен арадағы айырманы 2 пайыздық пунктке дейін қысқартқан. Салыстырар болсақ, былтыр желтоқсанда жаңа үйлер бағасының ұзақ мерзімді өсуі жинақталған инфляциядан 10 пайызға төмен болған. Соңғы рет мұндай жағдай 2013-2016 жылдары байқалып еді. Ол кезде теңге бағанының құлдырап кетуінен нарық қызып кеткен болатын. Біздің бағалауымыз бойынша, дәл қазіргі сәтте нарықтың қызып кетуіне БЖЗҚ салымшыларына қордағы артық қаражатын пайдалану мүмкіндігінің берілуі себеп болды», деп жазады Tengenomika.
Құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев баспана бағасының шырқап кетуіне БЖЗҚ әсері тиді деген көзқараспен келіспейді.
«Қазір қоғамның және кейбір мемлекеттік орган басшыларының жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалды дұрыс түсінбей отырғанын көрудеміз. Президент Қ.Тоқаевтың бұл бастамасы шын мәнінде өте тиімді және біраздан бері пәтерге қол жеткізе алмай жүрген қазақстандықтар үшін тамаша мүмкіндік болды. Қазақстандықтар қор қаржысының 40 пайызға жуығын ипотекалық займдарын өтеуге және емдеуге жұмсады. Шамамен 60 пайызы бірінші және екінші баспана нарығына келіп түсті. Қазір Қазақстанда 162 мың пәтер сатуға қойылған. Бұл – шамамен 11 млн шаршы метрден астам үй. Егер ұсыныс көп, ал халықтың төлем қабілеті төмен болса баға өспейді. Демек ұсынысқа қарап елімізде баспана тапшылығы жоқ екенін аңғарамыз. Сондықтан баспана бағасы зейнетақы қаржысының келуімен аспандады деуге де негіз жоқ. Мойындау керек, азаматтардың зейнетақы қаржысы сату-сатып алу келісімдерін көбейткен шығар, алайда бағаға әсер еткен жоқ. Баға өсіміне барлық құрылыс материалдарының қымбаттауы әсерін тигізді. Құрылыс материалдарының қымбаттауы БЖЗҚ қаржысының шығуымен тұспа-тұс келіп қалды», дейді Т.Ерғалиев.