Экология • 18 Тамыз, 2021

Балқаш суы қалпына келетін күн жақын ба?

1068 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Балқаш көлінің экологиясы туралы мәселеге «Egemen Qazaqstan» газеті үнемі үн қосып келеді. Бұған дейін біз бірнеше мақала әзірлеп, көл суының азаюы мен оған әсер етіп отырған жағдайларға тоқталған едік. Өйткені көлдің экологиялық ахуалы еліміздің ғана емес, дүние жүзінің назарын аударып отырған үлкен қатер екені анық.

Балқаш суы қалпына келетін күн жақын ба?

Осы орайда Балқаш суының көлемін қалпына келтіруге қатысты атқарылған істің маңыздылығына тағы да мән бере отырып, кезек күттірмей істелуі тиіс жұмыстарды да ұмытпауымыз керек. Өйткені біз бұған дейін Балқаш суының азаюына бірден-бір мысал ретінде бастауын Қытай елінен алатын Іле өзеніндегі су қорының кемуін айтып келдік. Алайда онсыз да тапшы болып отырған суды тиімді пайдалану үшін ел ішінде қолға алынуы тиіс шаралардың барына тоқталмай кетіп жатамыз. Негізінен, көл суының уақыт өткен сайын азайып отырғанын Іле өзені бойы мен Балқашты жағалай қонған жұрт жақсы біледі. Реті келгенде Алматы облысының бірқатар ауданында, облыс әкімдігінде ұзақ жыл жауапты қызмет атқарған, қазір де осы аумақтағы экология мәселесін көтеріп жүрген қоғам қайреткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбековпен аз-кем тілдескен едік.

«Балқаш проблемасына қанығу үшін өткен шаққа оралуымыз керек. Кезінде, яғни, 1963 жылдан бастап Алматы облысындағы Ақдала массиві игеріліп, 31 мың гектар суармалы алқап пайда болды. Бұл ғалымдардың тұжырымдамасына сүйеніп жасалған ғаламат жоба еді, соның нәтижесінде 13,5 мың гектарға күріш, арпа, бидай, сүрлемдік дақылдар, көпжылдық шөп егіліп, өңір күрішті, ырысты алқапқа айналды», дейді ғалым әңгіме барысында.

Анығында, осы кезеңде Қазақстан картасында Қапшағай су қоймасы пайда болып, өзен аңғарында теңдессіз Қапшағай су электр стансасы салынған еді. Жалпы, Қапшағайдан ГЭС салу сол кездерде қарқынды дамып келе жатқан Алматы қаласын үздіксіз электр энергиясымен қамтуды басты мақсат еткен болатын. Оның артында ел астанасына жақын маңнан көпшілікке қолжетімді жағажай демалысын дамыту да тұрғаны анық.

«Қапшағай су қоймасы туралы айтқанда, ол өзі бастапқыда биіктігі теңіз деңгейінен 485 метр болатын, сыйымдылығы 28 млрд текше метр болады деп жобаланғанымен, іс жүзінде сол көлемде су жинау мүмкіншілігі жүзеге аспады. Ал 1992 жылы Үкімет қаулысымен су қоймасына теңіз деңгейінен биіктігі 479 метр, ең жоғары су сыйымдылығы 18 450 млн текше метр деген анықтама беріліп, жағажайға демалыс орындарын салуға толық рұқсат етілді. Қазір мұндағы су көлемі 15 млрд текше метрден 5 млрд текше метрге дейін азайды. Егер қоймадағы су көлемі 13,5 млрд текше метрден төмендесе, онда ГЭС жұмысын тоқтатады. Демек жасанды теңіздің суы стансаның бөгенінен асып, ақпай қалады. Бұл – Іленің бастауынан келетін су мөлшерінің азаюынан туындайтын тағы бір үлкен қауіп», дейді Т.Досымбеков.

Өйткені су электр стансасы Алматы қаласын қуат көзімен қамту үшін тоқтаусыз жұмыс істеуі тиіс екен. Бұл проблеманың қыс маусымында тіптен қиындайтын түрі бар. Мысалы, ГЭС қыс айларында Алматы қаласына бөлінетін қуат мөлшерін азайтпау үшін таңғы сағат 6.00-9.00 аралығы мен кешкі сағат 18.00-21.00 шамасында бөгендегі ағын судың күшін 1000 секундына 1000 текше метр­ге дейін арттырады екен. Осы жерде жарық көзінің артуынан келетін пайда болғанымен, қоршаған ортаға тиетін зиянға аса мән беріп жатпайды екен.

«Себебі дәл осы кездерде Іле өзенінің арнасы толық қатып қалады да, өте көп мөлшерде жіберілген қызыл су, жолдағы көлдерді толтырып, асып-ағып мал, аң, құс жайылымдарын басып, ондатра ұялары су астында қалып тұншықса, жайылымдардағы аң, құс құмды бұй­раттарға қашып шығып, аштықтан шы­ғынға ұшырайды. Сондай-ақ көлдерде көп қабатты мұздың пайда болуына байланысты, су астында балықтарға оттегі жетпей көктем кезінде, мұз ерігенде өлген балықтар су бетіне қалқып шығады. Жоспар бойынша Қапшағай су электр стансасын серігі ретінде ол жерден 22 шақырым төменде, Малайсары жазығына шыға берістен Кербұлақ контррегуляторы салынуы тиіс еді. Ондай жағдайда Қапшағайға жиналатын су мөлшері 220 млн текше метрді құрап, 45 мегаВТ электр энергиясын өндірудің еш қиындығы болмайтын еді. Ол жобада суды арнамен қыс айларында бірқалыпты көлемде жіберу ойластырылған. Алайда белгісіз себептермен бұл шара іс жүзіне аспай қалды. Бірақ қазір бұл контррегулятордың қажеті де шамалы. Өйткені Алматыға шығыстан жаңа жоғары кернеулі электр желісі тартылды, сондай-ақ Кербұлақ алқабынан күн энергиясы арқылы электр қуатын өндіретін үлкен құрылыс салынып, іске қосылуда. Осылайша Алматы қаласын жыл он екі ай электр энергиясымен толық қамтамасыз ету мәселесі шешілген сияқты. Енді Қапшағай су қоймасынан алынатын суды реттеп, Іле бойымен Балқаш көліне баратын су қорының азайып кетуін қадағалау керек», дейді тағы ауыл шаруашылығының маманы.

Осы жерде Қапшағайдағы су көле­мінің реттелуі Балқаштың арнасынан қайтуына тікелей әсер ете ме деген сауал туындайды. Біз мұны Т.Досымбековке қойдық.

«Іле өзені бойында Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандары арқылы отыз мың гектар суармалы алқапқа жаз айларында су беріледі. Бұрынғы кезде Тасмұрын тоғанына секундына 45-50 текше метр су берілуі керек болса, мұның 10 текше метрі Чех баржасын­да­ғы үлкен сусорғыш құрылымдары арқылы қамтамасыз етілетін. Ал күріш алқабының кейбір бөліктері қажетті суды екінші рет кәдеге асыратын арнайы орталық «СНП 500-10» сусорғыш қондырғылары арқылы алатын. Алайда қазір электр энергиясының, жанар-жағар майдың қымбаттауына байланыс­ты бұл қондырғылар жұмыс істемейді. Яғни шаруашылыққа қажетті су қоры тікелей өзеннен алынатындықтан, Ілеге қосымша салмақ түсіп отыр. Осыдан кейін Балқаштың арнасы қайтып толады?», деді бізге ғалым.

Осы жерде Қапшағай су қоймасы маңындағы көлдерге берілетін судың ­азаюынан қоршаған ортаның зиян ше­гетіні екі бастан белгілі. Мысалы, судың ерте қайтуы балықтың уылдырық шашатын мезгілімен тура келіп, қырылып қалады екен. Бұл балық қорының азаюына әкеп соқтырып отырған көрінеді. Бұл – бір. Екінші жағынан, ежелден Шеңгелді массивіндегі диқан қауымы Іле өзенінен 12 мың гектар алқапқа су алып, 150 мың тоннаға дейін өнім беретін дақылдар егеді. Ал теңіз деңгейінің төмендеп, жағадан алыстап кетуіне байланысты су тапшылығы сезіліп отыр. Мұндай жағдайда өнімнің сапасы төмендеп, түсімі азаятыны сөзсіз. Үшіншіден, Бал­қаш маңындағы Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандарының сағасын тазалау, су деңгейін көтеру үшін қосымша бөгеттер қойып, мелиоративтік жұмыстар жүргізу үшін облыс, аудан әкімшілігі қомақты қаржы бөліп, жыл сайын айна­лысқанмен алқапты тұрақты су көле­мі­мен қамтамасыз ету мәселесі де түбе­гейлі шешімін таппай келеді. Ауыл ша­руа­шылығы ғылымдарының докторы Т.До­сымбеков мұның зардабын тағы да та­биғат тартып отырғанын айтады.

«Іле арнасы бойындағы табиғи ша­бындықтарда жерасты суының бір кө­теріліп, бір түсуіне байланысты көп жыл­дық табиғи шөптер азайып, бұрынғы та­биғи шабындықтар сорланып, шоқ-шоқ бұталарға айналуда. Өзен арнасындағы су деңгейі жаз айларымен салыстырғанда күз, қыс айларында екі есеге азаяды. Ақдала егіс алқабындағы жерасты су деңгейі де жаз кезіндегіден екі есе тө­мен­дейді, соның салдарынан алғашқы су алу кезінде Іле арнасымен секундына 750 текше метр су жібермесе, уақытында күрішті суға бастыра алмайсың. Себебі төмен түскен су деңгейі қайта көтеріліп бір деңгейге келгенше, су шелекпен құй­ғандай жерге сіңіп жоқ болып кетеді. Сондай-ақ біздің есебіміз бойынша былтыр Балқаш көлінен ауланатын балық мөлшері 5 мың тоннадан сәл асса, ондатр аулау 150 мың данаға дейін азайған. Бұрындары ауланған құнды балықтың үлесі 70-80 пайызды құраса, қазір 25 пайыз ғана, онда да көксеркенің үлесінен ұстап тұр», дейді ғалым.

Осы тұста «не істеу керек?» деген заңды сұрақ туады. Ал ғалым не дейді?

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай тү­йінін тарқатар болсам, Тасмұрын, Ақ­дала магистральды тоғандарының саға­сына үрлемелі бөгет салу керек. Бұл то­ғандардың сағалары зерттеліп, Тас­мұрынға үрлемелі бөгет салуға 2014 жы­лы сметалық жоба жасалған, бұл бе­тонды плотина құрылысынан 8 есе арзан, әрі тиімді. Бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысы Жаңақорған, Шиелі аудандарында үрлемелі бөгеттер салынып, күріш алқабын сумен толық қамтамасыз ету мәселесі шешілгенін басылымдардан оқып, біліп отырмыз. Егер Тасмұрын, Ақдала магистралды тоғандарының Іле өзенімен қиылысқан сағасына үрлемелі бөгеттер салынған жағдайда, Іле өзенімен қанша текше метр су берілсе де, өзендегі су дең­гейін 3,5 метр биіктікке дейін кө­теріп, ке­ректі су мөлшерімен егіс ал­қабын то­лық қамтамасыз етуге болады. Ең тиім­дісі, Қапшағай су қоймасынан электр стансасына жіберілетін су көлемі өзгер­се де, тоғандарға келетін су деңгейі төмен­демейді. Бастысы, Іле арнасымен су жі­беру деңгейін қалыпты ұстап тұрған жағ­дайда жерасты суы көтерілмейді, жердің сорлануына, шабындықтардың жо­йылуына жол берілмес еді. Бұл шара бір Балқаш ауданының ғана емес, ұлт­тық байлығымыз болып саналатын 30 мың гектар суармалы жерден тұ­рақ­ты өнім алу мәселесін шешіп, алқап­ты тұзданудан сақтап, Балқаш көлі­нің су қорының көбеюіне де септігін тигі­зеді», дейді қо­ғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылым­дарының докторы Т.Досымбеков.