Дәл осы 1840 жылы қазақ даласында алғашқы сапалы фотосуреттердің бірі түсірілді. Ол – Бөкей Ордасының соңғы ханы, Жиһангер – Жәңгір ханның әйелі Фатимамен бірге түскен суреті. Жәңгір ханның үш әйелі болғаны тарихтан мәлім: Жүзім ханым, Фатима ханым, Салиха ханым. Осы үш ханымның арасында ханның көңілі Фатимаға ерекше құлаған деседі. Оның себебі, Ресейдің тұңғыш муфтиі Мұхамеджан Хұсайыновтың қызы – сұлу да зиялы, мұсылманша хатқа жүйрік, еуропаша білім алған, өз заманының озық тәрбие алған әйелдерінің бірі Фатиманың ерекше ақылында болуы да мүмкін. Ханға жеті бала тауып берген Фатиманы ел де Фатима тоташ деп бекерге әспеттеп, әлпештемесе керек. Фатима тоташ Жәңгірдің қай шаруасында да ақылын салған, кеңесін берген жар болғанын аңғарамыз.
1840 жылы Жәңгір Бөкейұлы үшін қат-қабат шаруаға толы, қауырт әрі ерекше жыл болғанға ұқсайды. Осы жылы жары Фатима сырқаттанып, емделу үшін екеуі Пятигорск қаласына барып, Пушкин мен Лермонтов түскен Александра Мерлиннің үйіне тоқтайды. Кейін Фатима мен Александра хат жазысып тұрғаны туралы деректер бар. Дәл сол жылы Жәңгір хан Орынбор әскери губернаторы Г.А.Перовскийдің нұсқауымен генерал-майор шенін алады.
1840 жылы түсірілген Жәңгір мен Фатиманың фотосуретіне зер салып қарасақ, Фатима ханымның аяғы ауыр екенін байқаймыз. Ананың алтын құрсағында – қазақтан шыққан тұңғыш кавалерия генералы, князь атағын алған Ғұбайдолла Жәңгірұлы жатыр. Ғұбайдолла 1840 жылы өмірге келді. Кей деректерде 6 мамыр, тағы бірінде 19 мамыр деп көрсетіліп жүр. Демек, бұл сурет осы жылдың көктемінде түсірілген болып шығады.