Коронавирус • 22 Тамыз, 2021

Науқастардың дені вакцина салдырмаған

1322 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Дельта» штамы әлемнің түкпір-түкпірінде жоғары қарқынмен тарап жатыр. Соның салдарынан бірқатар елде коронавирусқа шалдыққандардың саны бойынша антирекорд тіркелді.

Науқастардың дені вакцина салдырмаған

Мәселен, Филиппинде бір тәулікте 17 231 адамның науқастанғаны анық­тал­ған. Ал Вьетнамда 11 321 жағдай тіркел­ген. Аустралияда да ахуал мәз емес. Құрлықта індет жұқтырғандар саны артып, бүгінде мыңнан асып жығылды.

Сиднейде Covid-19 науқастары саны­ның өсуіне байланысты карантин тағы бір айға ұзартылды. Дүйсенбі, 23 та­мыз­дан бастап күшіне енетін жаңа шек­теулердің ішінде мегаполистің 12 ауда­нында 21.00-ден 05.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Сондай-ақ үйден тыс жерде маска тағу талап етіледі.

Осыған байланысты Аустралияда каран­тинге қарсы наразылық акция­лары өтті. Сиднейде 47 адам қамауға алынды, тағы 260 адамға айыппұл салынды. Штаттың полиция және тө­тенше жағдайлар министрінің айтуын­ша, наразылар саны көп емес екені­не қарамастан, олар инфекцияның тара­луына себеп болуы мүмкін. Сондықтан шеруге шыққандарға осындай жаза қолданылып отыр.

АҚШ-та жалған вакцина салдырумен күрес басталды. Кедендік және шека­ра­лық бақылау қызметкерлері 3 мың­нан астам жалған Covid-19 серти­фи­катын тәркіледі. Вакцина паспорттары Анкоридж портына келген. Жіберушінің мекенжайы – Қытай. Жалған құжаттар АҚШ-тың Ауруларды бақылау және ал­дын алу орталығының анықтамаларынан көшірілген. Бірақ оның сапасы төмен.

Жалпы, мұхиттың арғы бетінде де жалған паспорт жасататындар тыйылмай тұр. Бұған дейін Теннеси штатындағы кеденшілер осыған ұқсас 3 мың құжатты тәркілеген болатын.

Вакцина қабылдамаудың салдары денсаулыққа теріс әсерін береді. АҚШ-тың Оңтүстік Миссисипи штатында Covid-19  жұқтырғандар саны көбейіп кетті. Ауыр жағдайдағы науқастарға арналған ауруханалардағы орындар толып қалды. Қарқынды терапия палаталары пациенттерге лық толы. Ауруға шалдыққандар күту залдарына және медициналық мекемелердің дәліз­де­ріне орналастырылып жатыр.

Университеттің медициналық орта­лы­ғының гараждарына екі далалық аурухана орналастырылған. Өйткені штат билігі халықтан вакцина салдыруды талап етпейді. Сондықтан қазіргі таң­да Миссисипи штаты ұжымдық имму­нитетті қалыптастыруда ең соңғы орында тұр. Соның салдарынан «Дельта» штамы тез таралып, науқастар саны көбейіп барады.

Елде коронавирус жұқтырғандар саны артуына байланысты Федералды денсаулық сақтау органдары Pfizer немесе Moderna вакциналарының толық компонентін алғандарға үшінші мәрте екпе салдыруды ұсынды. Өйткені АҚШ-та індеттің кезекті толқыны бас­тал­ды. Қазіргі таңда науқастар саны күн санап артып барады.

Әйтсе де кей ғалымдар мұны қолда­май­ды. Олардың пайымдауынша, үшін­ші дозаның тиімділігі туралы мәлімет жет­кіліксіз. Сондықтан бар деректер нақтыланбайынша асықпауға шақырды.

АҚШ-тың бұл қадамын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қатаң сынға алды. Өйткені Африка секілді әлемнің келе­сі бір бөлігінде мүлдем вакцина салдырмағандар өте көп. Сондықтан ұйым АҚШ билігінен тек өздерін ғана ойламай, басқаларға да вакцина беруді сұрап отыр.

Айта кетерлігі, АҚШ-тағы індет­тің қазіргі жойқын толқыны «вакци­насыз пандемия» деп аталады. Өйт­кені науқастардың дені – вакцина сал­дыр­мағандар. Сондай-ақ екпе алған адам­дар­дың өлімі өте сирек кездеседі.

Ресейдің жоғары оқу орындары ше­телдік студенттерді де вакцинамен қам­тамасыз етпек. Университеттер мен институттардың шетелден келген студенттері екпе алуға ұсыныс білдіруі қажет. Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігінің басшысы Валерий Фальков барлық шетелдік сту­дент Ресейге оқуға келіп, вакцина салдыра алады деп мәлімдеді.

Таллинде оқушыларға коронавирусқа қарсы екпе салу басталды. Вакциналау 21 және 22 тамыз күндері Таллиннің алты мектебінде алдын ала тіркеусіз өтті. Екпеге бірінші кезекте 12-18 жас­та­ғы оқушылар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері шақырылды.

Черногория эпидемиялық жағдай­дың нашарлауына байланысты шетел­дік­тердің елге кіру шарттарын қатаңдатты. Сондай-ақ елде ашық аспан астында 50-ден астам ересек адамның жиналуына тыйым салынды. Бұдан бөлек, ПТР тесті және вакциналау сертификатынсыз туристерді демалыс орындарына кіргіз­бейді. Елге кіру ережелерін қатаңдату коро­навирустың «Дельта» штамының тара­луына байланысты. 10 қыркүйектен бастап күшіне енетін талапқа сәйкес турис­тер Covid-19 тестінің теріс нәти­жесі, вакцина алғанын немесе корона­ви­руспен ауырғанын растауға тиіс. Қазір­гі уақытта Ресейден және бірқатар бас­қа мемлекеттен келген туристер Чер­но­горияға ешқандай шектеусіз кіре алады.

Джакарта коронавирусқа қарсы вак­цинаның 7,5 млн дозасын алды. Нидерланд 450 мың доза AstraZeneca вакцинасын жіберсе, Pfizer компаниясы 1,5 млн доза бөлген. Индонезия сонымен қатар Sinovac және AstraZeneca ком­па­нияларынан коронавирусқа қарсы вакцина сатып алады. Sinovac 5 млн доза жіберсе, ал AstraZeneca – 567 мың доза жөнелткен. Тамыз айының басынан бері елге 22 792 480 доза вакцина келіп түсті. Ел билігі экономикалық өсудің кілті вакциналау және коронавирусты жұқтыру жағдайларын болдырмау екенін айтып отыр.

Косово жұқпалы ауруларға қарсы ауру­ха­налары енді науқастарды қабыл­дай алмайды. Күн сайын коронавирус тасымалдаушыларының саны жүздеген есеге көбейді. Өткен тәулікте облыста Covid-19 жұқтырған 2 236 жағдай тіркелді. Бұл – антирекорд. Бір айдың ішінде вирус  тасымалдаушылар саны бірнеше жүзден 10 мыңға дейін көтеріліп, өсу көрсеткіші ұлғайды. Ауруханаға түскен пациенттердің 90 пайызы оттегі баллонымен демалып жатыр. Олардың барлығы вакциналанбаған. Қазіргі уақытта 221 мың тұрғын екпенің толық компонентін алды. Осыған байланысты жағдайды бақылау үшін билік жаңа шектеулер енгізді.

Вьетнамда коронавирустың жаңа тол­қыны басталды. Бір күн бұрын елде Covid-19-дың жаңа тәуліктік ең жо­­ға­ры көрсеткіші тіркелді – 10 654 жағ­­дай. Алдыңғы рекордтық өсім 14 та­мызда тіркелген еді. Ол кезде 9 716 адам науқастанған-ды. Инфек­ция­­ның жаңа фактілерінің ішінде 15 жағ­дай сырттан тасымалданған. Бүгінгі таң­да коронавирус жұқтырған вьет­нам­дықтардың жалпы саны 312 611-ге жетті, олардың 7150-і қайтыс болды. Сонымен қатар осы уақытқа дейін елдің 94,5 млн-нан астам тұрғынының тек 15,9 млн вирусқа қарсы вакцина алған.

Әзербайжанда ковид-паспорты бол­маған жағдайда қоғамдық орындарға барған адамдарға айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл 235 дейін, заңды тұлғалар үшін 2 950 долларға дейін жетеді. Осылайша, 1 қыркүйектен бастап сауда орталықтарында, қо­нақ­үйлерде, дәмханалар мен мейрам­ха­наларда тек ковид-паспорты бар адам­дарға ғана қызмет көрсетіледі. Құ­жат 18 жастан асқан барлық адамнан, со­ның ішінде студенттерден де талап еті­леді. Вакциналануды растамай, тек қа­рапайым дүкендерге баруға болады.

Бельгияда вакциналау науқаны қар­қынды жүріп жатыр. Осылайша, коронавирусқа байланысты жарияланған карантин талаптарын жеңілдетуге мүмкіндік туды. Осы уақытта 7 млн 796 мың бельгиялық коронавирусқа қарсы вак­цина алды. Бұл – ел халқының жасы 18-ден асқан тұрғындарының 80 пайызы.

«Бүгінгі таңда ересек 10 адамның сегізі вакцина алған. Осылайша, біз «жазғы жоспарды» асыра орындадық және биылғы 1 қыркүйектен бастап бостандыққа маңызды қадам жасаймыз», деді Бельгияның премьер-министрі Александр Де Кроо.

Бразилияда соңғы 24 сағат ішінде 28 388 жаңа коронавирустың расталған жағдайы тіркелді, 698 адам қайтыс болды. Пандемия басталғаннан бері Бразилияда 20 млн астам адам қатерлі дерттің тырнағына ілікті. Өлім саны 574 209-ға жетті.

Францияның ішкі істер министрлігі сенбіде шамамен 175 500 адам демонстрацияға шыққанын хабарлады. Бірақ адамдар жазғы демалыстан оралған кезде олардың саны артуы мүмкін.