Құжатқа сәйкес, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және оның органдарының қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне қатысуы және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
2) халықтың пікірін ескеру;
3) жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сайланбалығы;
4) заңдылық;
5) жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті халық алдындағы бүкпесіздігі, ашықтығы және есептілігі;
6) жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ұйымдастырушылық, экономикалық және қаржылық дербестігі;
7) жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару органдарының функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажырату, елдің қалалық және ауылдық елді мекендерін дамыту үшін ынтымақтастығы мен өзара жауапкершілігі негізінде өзара іс-қимыл жасауы;
8) жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу кезінде жалпы мемлекеттік мүдделерді сақтау;
9) мемлекет тарапынан жергілікті өзін-өзі басқаруды қолдау.
Негізгі күтілетін нәтижелер:
1) 2023 жылы - жергілікті өзін-өзі басқару сапасындағы қоғамдық қатынастарды, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын құру және олардың қызметі мәселелерін реттейтін "Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау;
2) 2021 жылдың екінші жартыжылдығынан 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін - ауылдық округтердің 2,5 мың әкімін 2021
2025 жылдар ішінде жергілікті тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы қайта сайлау;
3) 2024 жылдан бастап - барлық ауылдық округтерде өкілді органның Кеңестің жұмыс істеуі;
4) 2022 жылы - барлық деңгейдегі мәслихаттарды отырыстардың онлайн-трансляциясымен қамту;
5) 2024 жылдан бастап - облыстарда аудан әкімдерін тікелей сайлауды енгізу;
6) 2025 жылға қарай жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарын құру;
7) 3,5 мың ауылдық елді мекенде (тірек және спутниктік) инфрақұрылымды өңірлік стандарттардың параметрлеріне дейін жеткізу.
Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру 2025 жылға қарай өңірлердің аумақтық, экономикалық, әлеуметтік жағдайларына сәйкес келетін, сондай-ақ тұрғындар мен тұтас мемлекеттің мүдделеріне жауап беретін жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.