Қазақстан • 25 Тамыз, 2021

Халықтық жобаға айналған бастама

351 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауында жүктелген тапсырмалар өз ретімен, кезеңімен һәм кезегімен орындала беретіні белгілі. Бұған көп жағдайда бұқараның бәрі бірдей аса қызғушылық танытпайтыны және рас. Тек оң өзгерістерді байқаған кезде ғана Жолдау жүктеген міндеттердің нәтиже бергенін түсінеді. 

Халықтық жобаға айналған бастама

Инфографиканы жасаған: Амангелді Қияс

Дегенмен отандастарымыз был­тырғы Жолдауда айтылған бір баста­маның ойдағыдай жүзеге асырылуын асыға күтті әрі оған қатысты өзге­ріс­тердің бәрін қалт жібермей қадаға­лады. Ол мыңдаған адамға баспана бақытын бұйырт­қан бағалы бастама – Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың салым­шыларға Бірың­ғай жинақтаушы зей­нетақы қорындағы жина­ғының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге, басқарушы компанияларға беріп, игілігін көруге мүмкіндік беретін тапсырмасы болатын.

Дәлірек айтсақ, Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында былай деді:

«Менің тапсырмам бойын­ша ел тұрғындарының зей­нетақы жинағының бір бөлігін пай­далану мәселесі пы­сық­тал­ды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше ма­ңызды.

2021 жылдың өзінде Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді.

Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қа­жет­ті нормативтік-құқықтық актілерді қа­был­дап, дайындық жұмыстарын жүргі­зуді тапсырамын».

Тапсырма мүлтіксіз орындалды. 2020 жылдың соңына дейін жаңа бастамаға тыңғылықты дайындық жүргізілді. Ал 2021 жылдың басында жоба іске қосылды. Осылайша, Президенттің тапсырмасы халықтық жобаға айналды.

Енді ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану жобасы қандай нәтиже бергеніне тоқталайық.

Осы жылдың 11 тамызындағы  дерекке сүйенсек, салымшылардың дені Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақ­сартуға пайдаланған. Бұл ретте, салымшылар тарапынан келіп түскен 386 375 өтініш ойдағыдай орындалған. Уәкілетті оператор атанған банктерден ашылған арнайы шоттарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1,7 трлн теңгеден астам қаржы аударылды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 4,4 млн теңге.

Орындалған өтініштердің көбі Ал­ма­ты қаласының (16,7 пайыз), Маңғыстау облысының (14,8 пайыз) және Нұр-Сұлтан қаласының (12,9 пайыз) тұрғындары тарапынан жолданған.

Осы орайда «Отбасы банкі», «Қа­зақ­стан Халық банкі», Altyn Bank, «Банк ЦентрКредит», «Банк Фридом Фи­нанс Қазақстан» зейнетақы жинақ­тарының бір бөлігін пайдалануға қатысты өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар екенін атап өткен жөн. Орындалған өтініштердің едәуір бөлігі «Отбасы банкі» арқылы берілген. Яғни өтініштердің жалпы санының 95,3 па­йызы аталған қаржы институтына тиесілі.

Одан кейінгі орында «Қазақстан Халық банкі» тұр – 3,8 пайыз. «Банк ЦентрКредит» арқылы берілген өтініш­тердің үлесі – 0,9% пайыз. Altyn Bank-тің еншісіне 0,03 пайыз, «Банк Фридом Финанс Қазақстанның» үлесіне 0,01 па­йыз тиіп отыр.

Әсіресе тұрғындар БЖЗҚ-дан алған қаржы арқылы банкпен толықтай есеп айырысуды жөн көреді. Орындалған өтінімдердің жартысынан астамы (51,2 пайыз) осы мақсатқа бағытталған. Бұл дегеніміз – 197 978 өтінім. Сонымен қатар ел халқы тұрғын үй ипотекасын ішінара өтеуге 54 804 өтінім берген. Бұл орындалған өтінімдердің 14,2 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, азаматтар тұрғын үй құрылысына жинақтау жүйесі бойынша алған ипотекасын ішінара өтеуге де басымдық берген – 45 213 өтінім немесе орындалған өтінімдердің 11,7 пайызы.

Естеріңізге сала кетейік, біржолғы зейнетақы төлемі банктен ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін салымшы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды 45 күннің ішінде ұсынуы керек. Тиісті құжаттар белгіленген мер­зім­де ұсынылмаса, қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кері қайта­рылады.

Сонымен қатар азаматтар зейнетақы жинақтарын пайдалану кезінде өтінімде көрсетілген мақсатты жылжымайтын мүлікті ресімдеу кезінде өзгерте алады. Бұдан бөлек, арнайы шотқа түскен ақшаны кері қайтаруға да мүмкіндік бар. Бұл ретте, өтініш берушінің өтініші
жә­­не өзге де себептер бойынша банктер­ден ашылған шотқа түскен 210,3 млрд теңге салымшылардың зейнетақы шоттары­на кері қайтарылған. Өйткені қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзім ішінде пайдаланбаған.        

Сондай-ақ салымшылардан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жинақтың бір бөлігін емделуге жұмсағысы келген тұрғындар тарапынан келіп түскен 29 487 өтінішті қанағаттандырған. Бұл дегеніміз – 27,5 млрд теңге. Алуға болатын орташа сома 0,9 млн теңгені құраған. Осы орайда, салымшылардың 4,4 млрд теңгесі салымшының өтініші және өзге де себептер бойынша қорға қайтарылған.

11 тамыздағы жағдай бойынша инвес­тициялық портфельді басқарушыларға шамамен 4,8 млрд теңге аударылған. Осылайша, БЖЗҚ-ға  келіп түскен 2 395 өтініш орындалды. Аударымның орташа сомасы – шамамен 2 млн теңге. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаратын төрт компаниямен шарт жасасты. Олар – «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ.

Деректерге сүйенсек, 4,8 млрд теңгенің 43,89 пайызы немесе 2,1 млрд теңгесі Jusan Invest компаниясына, 27,76 пайызы немесе 1,3 млрд теңгесі Halyk Global Markets компаниясына, 18,65 па­йызы немесе 0,9 млрд теңгесі BCC Invest компаниясына, 9,70 пайызы немесе 0,5 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» компаниясына аударылған.

БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін компаниялар оны Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген әрі инвестициялық порт­фельді басқарушылардың инвестициялық декларациясында рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды. «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес мұндай компаниялар инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. Сыйақының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан аспауға тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын компанияның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.

«БЖЗҚ» АҚ стратегиялық даму департа­ментінің директоры Камиля Фазылованың айтуынша, өткен жарты жыл ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері мен инвестициялық портфельді басқару­шы компанияларға аударым жасауға қол жеткізе алатын салымшылар саны 1,2 млн-нан 1,3 млн адамға дейін өскен. Бұл ретте қолжетімді сома 2,8 трлн теңгеден 1,9 трлн теңгеге дейін төмендеді. Сонымен қатар біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қарқыны жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда төмендеген.

Қорыта айтқанда, Президенттің халықтық жобаға айналған тапсырмасы оң нәтижесін берді. Көпшілік игі бастаманың әлі де жалғасқанын қалайды.