Әрине, оның көтеріп отырған арғы мәселесінен бастап шежірелесек, тым ұзап кететініміз анық. Біз бүгін аталған трилогияның түсірілуі барысындағы қызықты әрі қайталанбас объектив сыртындағы оқиғаларын баян еткенді жөн көрдік. Жалпы, ол дүниелерді көзіқарақты оқырманның көбі біледі. Дегенмен әр кез мұндай өнегелі дүниелер жаңғырып тұрғаны дұрыс. Отандық киногерлердің де бұл тарапта үйренерлері көп. Жалпы кино әлемі ұлтқа бөлінбейді ғой, дегенмен режиссерінің қолтаңбасы айқын сезіліп тұратын классикалар болады. «Өкіл әке» – сол тұрғыда ешқашан ескірмейтін шын мәніндегі классика.
Киноның біз біле бермейтін заңдары көп. Солардың ішінде киім, реквизит мәселесі тым нәзік нәрсе екенін көбі ескере бермейді. Бірде Қытайдың атақты императорының бірінің тарихын түсіріп жатқан жұмыс үстінде режиссердің көзіне кенет патшаның кең етек мауыты ішінен ақыры камераға түсе қоймас деп киген арзан кебісі түсе кетіпті. Айғай-шу. Бәріне кінәлі киімге жауапты топ екені анықталады. Былай қарасаң олардың да айтып тұрғандары дұрыс сияқты. Етегі кең жібек шапанның ішіндегі, өзі тақта отырған адамның аяқ киімінің қымбат болуы қаншалықты маңызды болуы мүмкін? Бірақ мәселенің бәрі сол кебістің арзандығынан шыққан. Режиссердің сонда айтқаны: «Арзан кебіс киіп отырған император ешқашан қымбат сөз айта алмайды, дереу аяғына алтын жіппен әдіптелген әдемі кебіс кигізіңдер!». Шынымен де алтынның буы деген арқаны қоздырмай ма? Әлгі атағының өзі жер-жаһанның зәресін алған Ескендір патшаның өмір бойы шашын алып жүрген момын шаштараздың оқиғасын барлығы білуі тиіс. Патшаның шашын бір күні аулада алып тұрған бейбақ кенет әдеттен тыс әкіреңдеп сөйлейтіні бар еді ғой. Бұған не көрінді деп таңданысқан уәзірлер патшаның нұсқауымен екеуі отырған жерді қазып кеп жіберсе, әлгі орыннан бір сандық алтын шықпай ма? Құлды құтыртып сөйлеттіріп тұрған сонда бойдағы мінезі емес, жер астында көмулі жатқан жарықтық сары алтыннан бұрқырай көтерілген бу екен. Әлгі императордың аяғындағы кебістің де қымбат болуы керектігінде осындай мән жатқаны анық.
«Өкіл әкені» түсіру алаңында да осыған ұқсас, басты рөлдердің бірінде ойнаған атақты актер Марлон Брано әріптестерімен азырақ әзілдескісі келген оқиға болса керек. Әулеттің ғана емес, үлкен мафияның көсемі Вито оққа ұшып, ауруханаға түседі де, кейін көсем Карлеоне үйге шыққанда өкіл әкені балалары, достары, оққағарлары бәрі шулап жүріп жоғарғы қабатқа төсегімен бірге мықшыңдай көтеретін эпизод бар. Менің фильмдегі де, өмірдегі де салмағымды сезінсін деді ме екен, Марлон Брано өзі зілдей әлгі төсектің үстінде сұлық жатқанымен қоймай, кереуеттің астына зілдей бірнеше кір тасын байлатып қойыпты. Қажып жүрген актерлер, режиссерлер оның әзілін басында қабылдай алмай қатты ашуланғанымен, кейін шынайы шыққан кадрдан көп нәрсе байқауға болатынын айтысыпты. Шынымен де алпауыт Американы аузына қаратқан италиялық мафия көсемін жеп-жеңіл көтеріп жүре берсе, оның қадірі қайда қалады? Сол кезеңдегі қылмыс әлемінің көкжалы – Дон Карлеоненің сөз салмағынан бөлек өз салмағы да көрерменге шынайы жетуі керек қой шынымен.
Браноға браво демегенде қайтесің?!
Айта берсек, бұл фильм бойынша көп дүниені қаузауға болады. Жалпы, аталған атақты бестселлер қоғамның да, адамның да біз кез келген уақытта оңайлықпен бара бермейтін сананың түпкі қалтарыстарын көбірек әшкерелейді. Адам саяси жануар дегеннен шығады, сол «Өкіл әкені» түсіру барысында, кейін жарыққа шыққаннан кейін де адамдардың қоймай талқылаған тақырыбы жан-жануарларды қорғау тұрғысында өрбіпті. Оған себеп, кинодағы режиссерді қорқытқан Карлеоненің жендеттері эпизод арасында жылқының кесілген басын қанын сорғалатып режиссердің төсегіне кесіп тастап кетеді. Сол кадрдағы жылқының басы кейін әжептәуір дауға айналады. Анығында ол реквизит-бас иттерді тамақтандыратын қасапханадан әкелінген екен.
Осы туралы «Өкіл әкенің» режиссері Фрэнсис Форд Коппола былай дейді: «Жалпы, фильм барысында өлгені бір ғана жылқы, ал кісі қолынан қырылған адамдардың санында есеп жоқ. Қызығы, қоғамды қырылып жатқан адамдар емес, жануардың жағдайы көбірек алаңдатқан. Жылқының сол басын қанын сорғалатып алып келгенде бәрінің төбе шаштары тік тұрды. Әсіресе, жан-жануарларды қорғаушылардың дауыстары қаттырақ естілді. Мен соларға мынаны айтқым келеді, жан-жануардың құқығын қорғаушылардың көбі қаңғыбас иттер мен мысықтарды қорғайтын болуларыңыз керек, ал мен сіздерге айтайын, сол мәпелеп отырған иттеріңіз бен мысықтарыңыз үшін мен алып келгендей бастың күніне 200-і кесіледі. Мен сол тек ит пен мысық үшін сойылатын 200 жылқының біреуінің ғана басын әкелдім, әрі оны ақшаға сатып алдым. Міне, сіздерге әділет керек болса, сол кішкентай кандендердің қарнын тойдыру үшін 200-дей жылқы күніге сойылады. Ал сіздер бір ғана басты айтасыздар!».
Еріксіз басыңды шайқайсың... Шынымен де режиссер Копполла қоғамның өтірік өксіген жалған келбетінің бетіндегі бес батпан бетпердені сыпайылап тұрып осылай сыпырғанына риза боласың.
Рас қой.