М.Тілеуберді Қазақстанның ядролық сынақтарға тыйым салу режимін нығайту саясатына, ядролық қарудан азат әлем құруға және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың тез арада күшіне енуіне берік ұстанымын растады.
Өз кезегінде Р.Флойд ұйым қызметіне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы ерекше рөлін атап өтті. Шартқа қатысушы елдермен бірге ядролық қарусыз әлем орнату жөніндегі мақсатқа қол жеткізу туралы үмітін білдірді.
Сонымен қатар тараптар ядролық сынақтар мен жергілікті инспекцияларға мониторинг жүргізетін халықаралық станция желісінің жұмысын нығайтуды талқылады.
Кездесу соңында Бірлескен мәлімдеме қабылданып, тараптар ядролық қарусыздану мен таратпауға бейілділігін растады. Онда сондай-ақ барлық мемлекетте ядролық сынақ жүргізуге мораторийді сақтауды жалғастыру, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қою және/немесе ратификациялауға шақыру қамтылған.
«Атқарушы хатшының алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастауының және жабылуының 30 жылдығы қарсаңында бұрынғы Семей ядролық полигонына баруының символдық мәні бар. Бұл сондай-ақ алдағы 29 тамызда Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнімен және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрылуының 15 жылдығымен тұспа-тұс келеді», деп жазады СІМ баспасөз қызметі.