Ешкім ата-әжелерімізді Холокост кезінде адамдарды құтқару үшін өз өмірін тәуекелге тігуге, құрбан етуге шақырған жоқ. Бірақ көптеген албан-мұсылмандар, христиандар мен атеистер дәл осылай жасады. Албанияның құрмет кодексі бәрімізге мұқтаж бейтаныс адамдарға баспана ұсынуды талап етеді. Албания –соғыстың басына қарағанда аяғында еврейлері көп болған Еуропадағы жалғыз мемлекет.
Осыдан кейін қудалауды өз көзімізбен көрдік. Сыртқы жауларымызды жеңгеннен соң, ел ішінде де сондай қатыгездікке тап болдық. Осылайша, өзіне жау санағандарды түрмеге қамаған, азаптаған және өлтірген қысымшыл тоталитарлық режімнің құрбанына айналдық.
Біздің басымыздан өткен тағдыр сынағына дәл қазір Ауғанстан халқы түсіп тұр. «Талибан» елдегі билікті жаулап алды. Біздің елде билік шекарасын жауып тастап, диссидент деп санағандар мен олардың отбасыларын қудалағандарға куә болдық. Дәл сол секілді «Талибан» да өз қарсыластарына осындай әдіс қолданады. Елу жылға жуық азаттықтың тәтті дәмін таттық. Ауғанстан да 20 жылға жуық осындай жақсылықты көрді. Енді содан айырылып қалмақ.
Бүгінде Албания – НАТО мүшесі, оның артықшылықтарын пайдаланады және ынтымақтастықтың ауыртпалығын бөліседі. Тарихымызды ескере отырып, біз «Талибаннан» қашқан мыңдаған босқынға баспана ұсынған әлемдегі бірінші ел атанғанымыз өте дұрыс. НАТО-ның барлық мүшесі өз жауапкершілігін мойындауға тиіс.
Иә, Ауғанстанда не болып жатыр, қазіргі оқиғалар Солтүстік Атлантикалық альянстың болашағын қалай қалыптастырады, неліктен ахуал осылай өрбімек деген маңызды сұрақ туындайтыны сөзсіз. Бірақ мұндай талқылауды жүргізу маңызды болғанымен, қазір бір ғана нәрсе өзекті. Мүмкіндігінше көп адамның өмірін құтқару үшін бірлесіп әрекет ету. Біз барлық демократиялық елдердің, Солтүстік Атлантикалық альянстың ортақ құндылықтарын сақтауымыз керек. Бұл бізге сенгендіктен, қазір өміріне қауіп төніп тұрған адамдардан бас тартпауды білдіреді.
Бірнеше күн бұрын НАТО мүшелері Ауғанстан халқының негізгі қолдаушысы еді. Біз жиырма жыл бойы талпынған бостандық пен демократияның уәдесін, принциптерін және келешегін ұмытып, көлеңке секілді шегіне алмаймыз.
Осындай мақсаттарды мұрат етіп, күш пен мысалдың күшімен қорқыту үшін құрылған әлемдегі ең қуатты әскери одақ ауған халқының, сондай-ақ еркін, әділ өмір сүргісі келетін басқа да миллиондаған адам мен демократиялық қоғам алдында қуыршаққа айнала алмайды.
Бәріміз – халықаралық қоғамдастық бізге сенген, біз үшін жұмыс істеген және біз ұсынған болашақтың уәдесі үшін күрескендердің барлығына үміт, баспана және жаңа өмір сыйлауымыз керек.
Біз ауған босқындарын паналатуға келіскенде, мұны одақтастар алдындағы міндеттемелерімізге байыппен қарағандықтан жасадық. Бірақ ең бастысы, біз мұны халықтың болмысының арқасында жасадық. Небәрі 30 жыл бұрын біз Адриатика жағалауындағы ауғандықтар едік.
Тиранадағы «Қызыл Талибаннан» қашып құтылуға тырыстық. Косово соғысы кезінде Сербия басшысы Слободан Милошевичтің этностық қырғынынан қашқан жарты миллион босқынға пана ұсынып, есігімізді аштық.
Біз қатыгез режімнің қолында қалған кезде де, басқа елдерде босқын ретінде жаңа өмірге ұмтылған кезде де тирандардың бүкіл қырын жақсы меңгердік. Мұндай бастан өткен тәжірибелер бізге қорқынышты тудыратын қауіп емес, қауіпті тудыратын қорқыныш екенін үйретті.
Албания үлкен де, бай да емес. Еліміз Еуропадағы күрделі шындықтан, соның ішінде иммиграция салдарынан туындайтын ауыртпалықтан қашпайды. Біз бөтен адамдардың сауалдамаға, сайлауға және билікке жетуге ұмтылған партиялар мен саясаткерлердің міндеттемелеріне әсер ететінін білеміз. Сондай-ақ барлық басқа елдің қиын таңдауын құрметтейміз. Бірақ көмек көрсетуге міндетті адамдарға қатысты мәселеде, өмір мен өлімнің бірін таңдау керек болғанда, біздің жолымыз айқын.
Дәл қазір әрекет етпеу – өз тарихымыздан жеріну, өткен ғасырдағы қайғылы оқиғалардан үйренгенімізді ұмыту. Қаза тапқан көптеген жауынгердің есімдерін елемеу және ұрыс даласында ұзақ жылдар бойы жасалған сансыз құрбандықты өшіру. «Талибан» мен олардың қатыгездіктері адамзатқа зұлымдықтың ешқашан өлмейтінін тағы бір мәрте еске салады.
Албания НАТО-ның барлық елі бірге көтеруге тиіс жүктің өз үлесін мойнына алуға дайын. Бірақ мені мына сұрақ мазалайды. Егер Альянстың ең кедей мүшесі Албания өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындай алса, НАТО-ға мүше басқа мемлекеттердің қайсысы оған қол жеткізе алмайды? Ендеше, адамзат алдындағы негізгі міндетімізді орындамауға себеп болатын қандай саяси ақталу бар?
Саусақпен көрсететіндер көп, қол көтеру де жеткіліксіз. НАТО құрылғандағы басты принцип мынау: бір адамға жасалған шабуыл – адамзатқа шабуыл. Сонымен қатар НАТО Ауғанстанда қалдырып бара жатқан гуманитарлық қиындықты барлығы қабылдауы керек.
Эди РАМА,
Албанияның премьер-министрі
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org