Президент • 06 Қыркүйек, 2021

Мәдениетті қолдау – мемлекеттілікті нығайту

1124 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауын жариялады. Дәстүрлі әр Жолдау мемлекетіміздің болашақ дамуы мен алдағы бағыт-бағдарын айқындайтыны белгілі. Сәйкесінше Президент тапсырмасы бекітілген әр сала бойынша толық жүзеге асуы тиіс.

Мәдениетті қолдау – мемлекеттілікті нығайту

Әрине, планеталық панде­мияның ызғары кез келген ел­дің әлеуметтік саласын әуре-сар­саңға салып отыр. Дауасыз дертпен бетпе-бет келген мем­лекеттердің қай-қайсы болмасын экономикалық тұрғыдан шат­қаяқтады. Туризм тұралап, кей бизнес көздері біржола бітел­ді. Бұл жоғарыда айтып кеткені­міздей, қоғамның әлеуеті әлсіз топ­тарына тіпті ауыр соққы болып тиюде.

Дей тұрғанмен мұндай алма­ғайып кезеңде адамзатты әлеу­меттік тұрғыдан әлдендірумен қатар рухани жағынан да қолдау үлкен маңызға ие. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Айталық, Екінші дүниежүзілік соғыстың жалыны бет қаратпай тұрған қиян-кескі майдан кезінде де қазақ даласының әр түкпірінде ақындардың аламан айтысын өткізіп, елдің рухын ояту керек болғандығы тарихтан белгілі. Халық арасынан шыққан отты жыр Доскей, шашасына шаң жұқпаған Шашубай сынды ақындар, халықтың пәс көңілін әнмен көтеріп майдан даласында өлең айтқан қаршадай қайраткер Роза Бағлановалар сол кезеңде елге рухани тірек бола білді.

Президент кешегі Жол­дау­ында елдің әлеуметтік-эконо­микалық қуатын арттырумен қатар мәдени, рухани келбеті­мізге де аса мән беруіміз керек­ті­гін ерекше атап өтті. Бұл жоға­рыда айтып кеткеніміздей, ха­лық­тың рухани көңіл күйін құлды­ратып алмау жолындағы ме­м­лекетіміз ұстанып отырған оң саясат.

«Қоғамды ұйыстыру, ұлт­тық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын жә­не мәдени әлеуетін тиімді пай­далануға баса мән беріледі.    Бұл орайда Қазақстанның мүм­кіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты саясатымызды қайта қарау қажет. Қазір мемлекет бюджет қаржысын оңды-солды иелене беретін белгілі бір қайраткерлердің ғана жобаларын қаржыландырып отыр», деді Президент Қ.Тоқаев.

«Бұл, әрине, түсініксіз жағдай, – деп жалғаған болатын сөзін Мемлекет басшысы. – Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қалам­герлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүре­ді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Шын мәнінде, Қазақ­стан мәдениеті сол жас дарын­­дардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?!».

Яғни Мемлекет басшысы айтып отыр­ғандай, алдағы уақытта ұлты­­мыз­­дың әдебиет, мәдениет, өнер сала­сында еңбек етіп жүрген қаламгер, өнерпаз тұлғалар барынша жан-жақты қолдауға ие болуы керек. Мәселе, ол қандай қолдау және алдағы уақытта бұл үркер­дей топ шығармашылықтарын шыңы­рау­­дан шыңға шығаратындай нендей тың жобалар күтеді? Бұл тұрғыда еліміз­дегі Мәдениет және спорт министр­лігі жедел жоспар құруы қажет.

Жолдаудан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдағаны белгілі. Сәйкесінше Премьер-Министр Жолдаудағы барлық бағытты жүзеге асыру үшін 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, Мемлекет басшысына бекітуге енгізілетінін жеткіз­ді. Бұл қысқа ғана мерзім аталған министрлікке жұмысты тіпті жылдамдатуын талап етеді.

Жалпы өнер адамдарын қол­дау­да бұрынғы ескі әдістерден мемлекетіміз барынша арылғаны дұрыс. Себебі, жаңа заман әлеу­мет­ке де, әдебиетке де бірдей келеді. Бұрынғы көне сүрлеумен мәдениетіміздің отын енді маздата қою қиын. Жас дарындарды жарыстыру арқылы ынталандыруды азайту керек. Себебі көп жағ­дайда әдебиет аламан бәйге не бол­маса көкпар, балуандар күресі емес. Ол оңаша күйді, алаңсыз атмо­с­фера­ны қалайтын кірпияз өнер. Сон­дықтан мемлекет алдағы уақыт­та жас дарындарды мүшәйра, түрлі конкурстарға қатыстырып емес, арнайы тағайындалатын гранттармен ынталандырғаны жөн. Шын таланттарды тәуелсіз комиссия іріктеп, тағайындалған грант иегерлерінен жоспарланған уақыт ішінде көлемді, сүбелі шығармалар күтуі керек.

Жалпы, қазіргі таңда жиі айтылып жүрген әдеби агент мәселесіне бұл жоба қарсы келуі мүмкін. Алайда біз сияқты дамушы мемлекеттерге, кітап оқитын оқырманын сонау тоқсаныншы жылдардың тоқы­рауымен, кейін ғаламтормен бірге жет­кен жаһанданудың жойқын селін­де жоғалтып алған елдерде автордың бір өзі жеке-дара танымал тұлғаға айналуы екіталай.  Сол себептен де бүгін­гі таңда жиі көтеріліп жүрген тіл мәсе­лесіне болсын, тарихымыз­ды тануда болсын, елімізді әлемге паш ету үшін де нағыз талант­ты ақын-жазушылардың шығарма­шылығына мемлекеттік тұрғыдан жоспарлы әрі жүйелі қолдау қажет.

Айталық, түркі тілінің атағын аспандатуда Науаидың хамсалары, көне парсы тілін сақтап қалуда Фирдоусидің «Шаһнамасы» қандай маңызды рөл атқарса, сондайлық кесек туындыны әлем түпнұсқадан қазақ тілінде оқитын шығармалар әлі де дүниеге келетініне біз сенуіміз керек. Бір ғана қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Димаш Құдайбергеннің ана тілінде айтқан әндерін түсіну үшін қазақ тілінің курсын оқыған шетелдіктер көп.

Президент жас өнерпаздарды осы тұрғыдан қолдауға шақырады. Жас қаламгерлерді, мүсіншілерді, сазгерлерді ынталандыруда мемлекет ірі меценаттарды да ұлттық жобаға көптеп тартқаны жөн.

Заманында Алаш қайраткерлерін қаржылай қолдаған атақты атымтай жомарттар елдің есінде әлі жаттаулы. Сол үрдісті қайыра жаңғыртуымыз керек.

Тағы бір ескеретін мәселе, қалам­герлерді, өнерпаздарды, киногер­лерді айтқанда біз журналис­тер қауымын үнемі ұмыт қалдырамыз. Елімізде әскерилердің баспаналы болуы үшін арнайы даярланған бағдарламалар бар. Алайда еліміздің руханияты мен ақпаратын қорғауда оқ пен отқа қаймықпай қарсы баратын жауынгер журналистердің мәр­те­бесі әлі күнге дейін анықтал­маған. Олардың мехнатты жұмыстары пандемия кезінде тіпті ашық көрінді. Осы тұрғыдан алғанда  Президент атап кеткен мәдениет, өнер саласының дарынды ұл-қыздарын қолдауда қаламын қару еткен журналистерді де елеп-ескерген жөн.

Жалпы, биылғы Жолдау­да ай­тыл­ған мәдениет қызметкер­лері­нің, мұрағатшылардың, кітап­хана­шылардың, техникалық қыз­мет­керлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің 2022 жылдан 2025 жылға дейін жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретіні көңілге жылылық ұялатады. Біз жалпы бірліктен, бейбітшіліктен рухани күш алып, өнерімізді өрістете жүріп өрлейтін парасатты ұлтпыз.

Біздің рухани жетістіктеріміз – тәуелсіздіктің шын мәніндегі тірегі.