Әрине, планеталық пандемияның ызғары кез келген елдің әлеуметтік саласын әуре-сарсаңға салып отыр. Дауасыз дертпен бетпе-бет келген мемлекеттердің қай-қайсы болмасын экономикалық тұрғыдан шатқаяқтады. Туризм тұралап, кей бизнес көздері біржола бітелді. Бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей, қоғамның әлеуеті әлсіз топтарына тіпті ауыр соққы болып тиюде.
Дей тұрғанмен мұндай алмағайып кезеңде адамзатты әлеуметтік тұрғыдан әлдендірумен қатар рухани жағынан да қолдау үлкен маңызға ие. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Айталық, Екінші дүниежүзілік соғыстың жалыны бет қаратпай тұрған қиян-кескі майдан кезінде де қазақ даласының әр түкпірінде ақындардың аламан айтысын өткізіп, елдің рухын ояту керек болғандығы тарихтан белгілі. Халық арасынан шыққан отты жыр Доскей, шашасына шаң жұқпаған Шашубай сынды ақындар, халықтың пәс көңілін әнмен көтеріп майдан даласында өлең айтқан қаршадай қайраткер Роза Бағлановалар сол кезеңде елге рухани тірек бола білді.
Президент кешегі Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық қуатын арттырумен қатар мәдени, рухани келбетімізге де аса мән беруіміз керектігін ерекше атап өтті. Бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей, халықтың рухани көңіл күйін құлдыратып алмау жолындағы мемлекетіміз ұстанып отырған оң саясат.
«Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі. Бұл орайда Қазақстанның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты саясатымызды қайта қарау қажет. Қазір мемлекет бюджет қаржысын оңды-солды иелене беретін белгілі бір қайраткерлердің ғана жобаларын қаржыландырып отыр», деді Президент Қ.Тоқаев.
«Бұл, әрине, түсініксіз жағдай, – деп жалғаған болатын сөзін Мемлекет басшысы. – Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Шын мәнінде, Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?!».
Яғни Мемлекет басшысы айтып отырғандай, алдағы уақытта ұлтымыздың әдебиет, мәдениет, өнер саласында еңбек етіп жүрген қаламгер, өнерпаз тұлғалар барынша жан-жақты қолдауға ие болуы керек. Мәселе, ол қандай қолдау және алдағы уақытта бұл үркердей топ шығармашылықтарын шыңыраудан шыңға шығаратындай нендей тың жобалар күтеді? Бұл тұрғыда еліміздегі Мәдениет және спорт министрлігі жедел жоспар құруы қажет.
Жолдаудан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдағаны белгілі. Сәйкесінше Премьер-Министр Жолдаудағы барлық бағытты жүзеге асыру үшін 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, Мемлекет басшысына бекітуге енгізілетінін жеткізді. Бұл қысқа ғана мерзім аталған министрлікке жұмысты тіпті жылдамдатуын талап етеді.
Жалпы өнер адамдарын қолдауда бұрынғы ескі әдістерден мемлекетіміз барынша арылғаны дұрыс. Себебі, жаңа заман әлеуметке де, әдебиетке де бірдей келеді. Бұрынғы көне сүрлеумен мәдениетіміздің отын енді маздата қою қиын. Жас дарындарды жарыстыру арқылы ынталандыруды азайту керек. Себебі көп жағдайда әдебиет аламан бәйге не болмаса көкпар, балуандар күресі емес. Ол оңаша күйді, алаңсыз атмосфераны қалайтын кірпияз өнер. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта жас дарындарды мүшәйра, түрлі конкурстарға қатыстырып емес, арнайы тағайындалатын гранттармен ынталандырғаны жөн. Шын таланттарды тәуелсіз комиссия іріктеп, тағайындалған грант иегерлерінен жоспарланған уақыт ішінде көлемді, сүбелі шығармалар күтуі керек.
Жалпы, қазіргі таңда жиі айтылып жүрген әдеби агент мәселесіне бұл жоба қарсы келуі мүмкін. Алайда біз сияқты дамушы мемлекеттерге, кітап оқитын оқырманын сонау тоқсаныншы жылдардың тоқырауымен, кейін ғаламтормен бірге жеткен жаһанданудың жойқын селінде жоғалтып алған елдерде автордың бір өзі жеке-дара танымал тұлғаға айналуы екіталай. Сол себептен де бүгінгі таңда жиі көтеріліп жүрген тіл мәселесіне болсын, тарихымызды тануда болсын, елімізді әлемге паш ету үшін де нағыз талантты ақын-жазушылардың шығармашылығына мемлекеттік тұрғыдан жоспарлы әрі жүйелі қолдау қажет.
Айталық, түркі тілінің атағын аспандатуда Науаидың хамсалары, көне парсы тілін сақтап қалуда Фирдоусидің «Шаһнамасы» қандай маңызды рөл атқарса, сондайлық кесек туындыны әлем түпнұсқадан қазақ тілінде оқитын шығармалар әлі де дүниеге келетініне біз сенуіміз керек. Бір ғана қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Димаш Құдайбергеннің ана тілінде айтқан әндерін түсіну үшін қазақ тілінің курсын оқыған шетелдіктер көп.
Президент жас өнерпаздарды осы тұрғыдан қолдауға шақырады. Жас қаламгерлерді, мүсіншілерді, сазгерлерді ынталандыруда мемлекет ірі меценаттарды да ұлттық жобаға көптеп тартқаны жөн.
Заманында Алаш қайраткерлерін қаржылай қолдаған атақты атымтай жомарттар елдің есінде әлі жаттаулы. Сол үрдісті қайыра жаңғыртуымыз керек.
Тағы бір ескеретін мәселе, қаламгерлерді, өнерпаздарды, киногерлерді айтқанда біз журналистер қауымын үнемі ұмыт қалдырамыз. Елімізде әскерилердің баспаналы болуы үшін арнайы даярланған бағдарламалар бар. Алайда еліміздің руханияты мен ақпаратын қорғауда оқ пен отқа қаймықпай қарсы баратын жауынгер журналистердің мәртебесі әлі күнге дейін анықталмаған. Олардың мехнатты жұмыстары пандемия кезінде тіпті ашық көрінді. Осы тұрғыдан алғанда Президент атап кеткен мәдениет, өнер саласының дарынды ұл-қыздарын қолдауда қаламын қару еткен журналистерді де елеп-ескерген жөн.
Жалпы, биылғы Жолдауда айтылған мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің 2022 жылдан 2025 жылға дейін жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретіні көңілге жылылық ұялатады. Біз жалпы бірліктен, бейбітшіліктен рухани күш алып, өнерімізді өрістете жүріп өрлейтін парасатты ұлтпыз.
Біздің рухани жетістіктеріміз – тәуелсіздіктің шын мәніндегі тірегі.