Елорда • 07 Қыркүйек, 2021

Елордаға 7 айда жарты триллион теңгеден астам инвестиция тартылды

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында екі жыл ішінде инвестиция тарту жөніндегі кеңестердің нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын, 150-ден астам жобаға қолдау көрсетілгенін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордаға 7 айда жарты триллион теңгеден астам инвестиция тартылды

«Инвесторлар үшін елордамыздың тартымдылығы жыл сайын артып келеді. Былтыр пандемияға қарамастан инвестиция көлемін арттыра алдық. Жеке инвестицияларды қала мен тұрғындарға қажет жобалардың құрылысына жұмсаймыз. Мәселен, өткен жылы қалаға рекордтық – 1 триллион теңгеден астам инвестиция тарттық. Ал биыл 7 айдағы инвестиция көлемі – 504 млрд теңгеден асады, былтырғы кезеңмен салыстырғанда өсім 9%-ды құрайды», деді Алтай Көлгінов

Нұр-Сұлтанда инвестиция тарту бойынша инвестициялық кеңестер өткізу жүйелік негізге ауысқан. Сонымен қатар, Astana Invest инвестиция тарту бойынша өңірлік фронт-офис жұмыс істейді, онда инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерінен өту кезінде толық сүйемелдеу жүзеге асырылады. Осы уақыт ішінде 18 мыңнан астам жұмыс орнын құраған 150-ден астам жоба қолдау тапты. Бұл – медицина, білім беру, логистика, сауда, өнеркәсіп, спорт, электр энергиясы және т.б. салалардағы жобалар.

Сондай-ақ, тартылған инвестициялар есебінен жылына жалпы қуаты 10 мың тонна болатын 3 көтерме-тарату орталығы мен екі жылыжай кешенінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Құрылысты аяқтау 2022-2023 жылдарға жоспарланған. Сонымен қатар, жылына 5 мың тонна нан-тоқаш шығаратын комбинат салу бойынша инвестициялық жоба іске асырылуда. Пайдалануға беру мерзімі осы жылдың соңына жоспарланған.

«6 мың тоннаға дейін көкөніс сақтайтын қойма салу үшін инвесторлар тартылды. Келесі жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Өңірлік инвестициялық кеңес аясында жалпы құны 2,6 млрд теңге болатын өндірістік-тамақ кешенінің құрылысын да қолдадық. Жобаның қуаттылығы: сүт өңдеу зауыты – тәулігіне 100 000 тонна; нан-тоқаш комбинаты – тәулігіне 25 тонна, көкөніс қоймасы – 6000 тонна», деп жазды Алтай Көлгінов.