Футбол • 07 Қыркүйек, 2021

УЕФА үкілеген өрен

326 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары еліміздің талантты һәм та­лап­ты жастары әлемнің алдыңғы қатарлы ком­панияларында, іргелі ұйымдарда қыз­мет ете бастады. Күн сайын болмаса да жиі-жиі осындай сүйінші хабарды естіп, қуанып қалатынымыз белгілі. Сон­дай шетелдік ұйымда еңбек етіп жүрген жас­тарымыздың бірі – Дәулет Ұранхаев. Елі­міздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­та­масымен қолға алынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2021 жылғы же­ңім­­пазы атанған кейіпкеріміз бүгінде Еуропалық футбол қа­уым­дас­тық­та­ры­ның одағында (УЕФА) жұмыс істейді.

УЕФА үкілеген өрен

УЕФА-да жұмыс істейтін тұңғыш  қазақ атанған Дәулет Ұранхаев 1998 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Қазақстанның футбол отаны саналатын өңірде туғандықтан болар, Дәулеттің ерте жастан ала допқа аңсары ауып, футболдың қыр-сырына қаныға бастайды. Өңірлік бірнеше клубтың жасөспірімдер және жастар құрамасында өнер көрсеткен кейіпкеріміздің футболға деген махаббаты оны алаң жиегіндегі ірі жетістіктерге жетеледі.

– Жас ұлғайған сайын ақыл тоқтатып, өмір­ге тура көзбен қарай бастайды екен­сің. Футболдағы карьерам көңілден шықпаған соң, өзімді басқа қы­рым­нан сынап көруге бел будым. Өмі­рім­­нің дәл осы кезеңінде мен үшін ба­ғы­тым­нан қателеспеу маңызды болды. Сөйтіп 2016 жылы спорт саласындағы әлемнің жетекші ұйымдары, атап айтқанда, УЕФА, ФИФА, ФИДЕ және Халықаралық Олимпиада комитеті орна­лас­қан елге барғым келіп, Швейцария уни­верситетіне оқуға түстім, – дейді Дәулет.

Төрт жыл бойы Еуропаның орталы­ғын­да орналасқан елде қонақүй индус­трия­сындағы басқарушы кадрларды даярлайтын әлемнің алдыңғы қатар­лы университеттердің бірінде білім алған Дәулет 2019 жылы оқуының соңғы курсында жүріп жұмыс іздеуге кі­рі­се­­ді. Сөйтіп ол УЕФА бас кеңсесіне қыз­­меткерлер іріктеп жатыр деген жа­ңа­­лықты ести салысымен бірден құ­жат­тарын жинап өткізді. Ал бас кең­се­нің жас қазақ жігітін әңгімелесуге шақыруы да тосын болған еді. Жұмысқа қабылдану кезеңі қыркүйектің ортасында басталып, Дәулет қарашаның ор­тасында ғана жұмысқа қабылданды. Бүгінде ол УЕФА аясында өткізілетін негізгі іс-шараларды ұйымдастыруға жа­уапты департаменттердің бірінде ең­бек етеді.

– Сол жылы (2019 жыл – Ә.Б.) жұ­мыс істеу маған өте қолайлы уа­қыт болды. Себебі жұмысқа деген құл­шынысым ерекше еді және мен шілде мен тамыз аралығында Мәс­кеу­­дің «Спартак» футбол клубында тә­­жірибеден өтіп, Швейцарияға кел­ген сәтім болатын. «Спартак» – Шы­ғыс Еуропа мен ТМД елдері ара­сын­дағы ең үлкен, тәжірибелі команда сана­лады. Футбол индустриясындағы ал­ғаш­қы кәсіби тәжірибені практикант ретінде «Спартактың» коммерциялық департаментінде жинақтадым. Сол жерде менеджерлер, қызметкерлер, өз ісінің нағыз мамандарынан құралған үлкен командамен таныстым. Олардан күн сайын жаңа нәрсені үйреніп жүргеніме қуандым. Сондай-ақ Ресейдің ең мықты командалары саналатын «Спартак» пен ЦСКА арасындағы ойынды ұйымдастыру жұмыстарына да қатысуға мүмкіндік алдым. Сонымен қатар Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі Швейцарияның «Тун» мен Португалияның «Брага» ко­ман­даларының ойынын ұйым­дас­ты­ру­ға қа­тыстым. Бұл – мен үшін ең үлкен тәжі­ри­белердің бірі болды, – дейді ол.

Осындай матчтардың басы-қасында жүріп, ұйымдастыру жағынан тәжірибе жинақтаған Дәулет Ұранхаев былтыр пандемияға байланысты бір локация­да, яғни Португалияның Лиссабон қала­сын­да ұйымдастырылған Чем­пиондар лигасының ширек және жартылай финал матчтарының өтуіне де өзіндік үлесін қосты.

– Лиссабондағы матчтар туралы айтар болсам, бұл – жанкүйерлік тұрғысынан алып қарағанда ерекше форматтағы турнир болды. Әсіресе пандемиядан кейін бірнеше айға футболдан көз жазып қалған футбол жанкүйерлеріне тамаша тарту болды деп ойлаймын. Мен бұл жерде де өзіме қажетті дүниені, ертеңіме қажет болар мол тәжірибе жинақтадым, – дейді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.

Сондай-ақ ол былтыр УЕФА Супер­ку­богы өткен Мажарстанның бас ша­һа­ры – Будапештке УЕФА-ның ресми өкілі ретінде алғаш рет іссапарға шығып, бір аптаға жуық Чемпиондар лигасы турнирінің жеңімпазы «Бавария» мен Еуропа лигасында топ жарған «Севилья» клубтарының арасындағы кездесудің жоғары дәрежеде өтуіне атсалысты.

Қазіргі таңда Дәулет бала күнінде суретке түсуді, олардың ойынын жасыл алаңнан көруді армандаған жұлдыз футболшылармен әріптес. Олармен кез келген уақытта кездесіп, еркін әңгімелесе алады.

– Мен де басқа достарым сияқты мектеп кезінде танымал футболшылар­мен суретке түсуді армандайтынмын. Ал қазір Еуропа футболының ортасында жүргендіктен қазіргі немесе бұ­рын­ғы футбол жұлдызының кез келгенін кездестіруге мүмкіндік бар. Осыдан біраз уақыт бұрын Кот-д’Ивуар құрамасы мен «Челси» клубының аңыз футболшысы болған Дидье Дрогбамен жолым түйісті. Мен үшін Дрогба – аңыз адам. Сондай-ақ аргентиналық талантты футболшы Лионель Месси мен бразилиялық Рикардо Какамен де кездесудің сәті түсті. Еке­уі де өте қарапайым, жақсы азаматтар екен, – дейді ол.

Дәулет уақыты келгенде Қазақстанға оралып, отандық спорт ин­дустриясын дамытуға үлес қосқысы ке­леді.

– Төрт жасар кезімде достарыммен аула­да доп тебумен басталған жолым мені УЕФА-да қызмет етуге дейін алып келді. Ол кезде топырақ, тас үстіндегі алаң­қайда доп тебетін едік. Қақпа қатты темірден жасалған, ал алаң жиегі ре­тін­де тақтайлар қойылған еді. Сол кезде бұл қаланың ортасындағы ең жақ­сы деген алаңдардың бірі болатын. Осылайша, аула футболы бізге футболдан ләззат алуды үйретті. Мен бұл туралы неге айтып жатырмын? Себебі 14 жыл ішінде мен футболға тек хобби ретінде қарадым. Университетке келіп, спорттың, футболдың не екенін біліп, оның не­гіз­дерін үйренгенге дейін ешқашан кә­сіби тұрғыда қараған емеспін. Мен бұқаралық спортты дамытудың концепциясын оқығанда, өзімнің өткеніммен салыстырып отыратынмын. Исландия бұқаралық спортты қа­лай дамытқанын, оның қандай нәтиже бер­генін, яғни алкогольдік ішімдік ішіп, табак өнімдерін пайдаланған балалар қалай спортпен айналысуға көшкенін, бұқаралық спортқа көңіл бөлмесе не болатыны туралы мақалаларды оқыдым, теориялық тұрғыдағы түсініктемелерімен таныстым. Осы арқылы бір күні отаныма оралу керек екенін, Семейдегі әлгі стадионды жақсарту керек екенін түсіндім. Қазір мен футбол адамдарға қаншалықты үміт сыйлап, жақсы жаққа өзгеруіне ықпал ететінін білемін. Индустрияны ішінен өзгерткім келеді, оған алғашқы қадамдарды да жасадым. Болашақта үйіме оралып, еліме, осы елде тұрып жатқан адамдарға пайдамды тигізгім келеді. Жарқын болашаққа сенемін және бәрі жақсы болады деп үміттенемін, – дейді Дәулет.

Жерлесіміз қазіргі таңда УЕФА-дағы қызметімен қатар, Еуропадағы ше­­тел­дік достарына қазақ халқының мә­де­ниеті, салт-дәстүрлері туралы айта оты­­рып, еліміздің имиджін шетелде ілге­рі­летуге тырысып жүр. Достарымен бірге ол Glion университеті жыл сайын ұйым­дас­тыратын дәстүрлі көрмеге қа­ты­сып, шетелдіктерге қазақтың ас мә­зірі мен дәстүрін таныстырады.

Мұнан бөлек, Дәулет Ұранхаев түрлі ел­дерде білім алып жатқан студенттер ара­сында Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған поэзиялық эстафетаны да ұйымдастырған талапты жастың бірі.