Қазақстан • 08 Қыркүйек, 2021

Көлеңкелі экономикаға қарсы шаралар талқыланды

523 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары өзектендірілетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көлеңкелі экономикаға қарсы шаралар талқыланды

«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында бюджет кірісін ұлғайту бойынша берген тапсырмасын орындау үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестің жосықсыз субъектілерін көлеңкеден шығару, қолма-қол ақшасыз айналымдарды әкімшілендіру және фискалдық заңнаманы сақтау бағыттары күшейтіледі. Бұл ретте процестерді цифрландыруға басты назар аударылуда», деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, көлеңкелі экономиканың үлесін 2025 жылға дейін 40 пайызға төмендету үшін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, экономиканың барлық салалары мен бағыттар бойынша Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын өзектендіру жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

«Ұлт жоспарының 42-қадамын орындау үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялауға көшу көлеңкелі айналымды, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетеді және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етеді. Халықаралық мәліметтерді электронды түрде алмасу аясында біз көпжақты конвенцияға қол қойдық. ҚР азаматтарының қаржылық шоттары бойынша 100-ден астам юрисдикцияда ақпарат алмасуды бастауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні декларацияны 476 мың адам немесе жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің 99 пайызы ұсынды. Өтініш берудің ең танымал тәсілі e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы болып отыр. Оның көмегімен декларацияның 52 пайызы ұсынылды», деп толықтырды Жайдар Іңкәрбаев.