Экология • 08 Қыркүйек, 2021

Cуды үнемдеу құрғақшылықтан сақтайды

339 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Ордабасы ауданы аумағындағы Боралдай өзенінің бойынан сыйымдылығы 50-60 млн текше метр болатын су қоймасы салынады. Жаңа нысанның ені 2 шақырым, ұзындығы 5 шақырым болады. Нәтижесінде, Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан қаласынан жалпы 45 мың гектардан астам жер қосымша ағын сумен қамтамасыз етіледі.

Cуды үнемдеу құрғақшылықтан сақтайды

Облыс әкімдігінің хабар­лауын­ша, құрылыс нысаны Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр.

«Су нысандарының экожүйе­сін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 ка­налды қайта жаң­ғыртуға кірі­семіз. Ақмола, Ал­маты, Батыс Қазақ­стан, Жамбыл, Қы­зылорда, Түр­кістан облыстарын­да жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқым­ды жоба. Бірақ біз­дің қолы­мызда қажетті ресурстың бәрі бар», деді Президент «Халық бір­лігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында.

Су қоймасын салу жоспарланып отырған Ордабасы ауданын­да ка­нал­дарға күрделі жөндеу жұмыс­та­рын жүргізу нәтижесінде суару мау­сымында су шығыны 25-35 пайызға дейін кеміп, егістік алқаптар толықтай мерзімінде ағын сумен қамтамасыз еті­леді және өндірілетін ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің сапасы мен көлемі артады. Аудан әкімі Бағлан Батыршаев, сондай-ақ тік дренаждарды іске асыру нә­тижесінде ауыл шаруашылы­ғы мақсатындағы жерлердің мелио­ративтік жағдай­лары жақсарып, жер асты суларының дең­гейі төмендейтінін айтады. Қо­сым­ша егістік алқаптар ағын сумен қам­тамасыз етіледі.

Биылғы қуаңшылыққа қара­мас­тан өңірдегі агросектордың жұмы­сы жемісті. Облыстағы мал басына қажетті 3,9 млн тонна жемшөп қоры 100% жиналды. Егістікті әр­та­рап­тандыру нә­ти­жесінде оның кө­лемін едәуір арттырып, 4 млн тоннадан асыру көзделген. Мысалы, Орда­ба­сы ауданы Бөген ауылдық окру­гіндегі «Мұрат» шаруа қожа­лы­ғы жоңышқаның әр орымынан және гектарынан 200 мың теңгеден астам пайда табуды болжап отыр. Аудан шаруалары­ның жеміс-жидек, бау-бақша өнім­­дерін қыстан аман алып шы­ғу мәселесі де шешімін табуда. Өңірдегі ауылшаруашылық саласындағы көшбасшы мекеме – «Александровский сад» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасы іске қо­сылады. Жалпы құны 0,8 млрд тең­гелік жоба аудан тұрғындары ғана емес облыс шаруалары­ның да қа­жеттілігін қамтамасыз ете алады. Жобаға «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 624 млн теңге, ал кә­сіпкер есебінен 200 млн теңге жұмсалған. Ресей және Қытай технологиясымен жабдықталған қоймада 1 500 тоннаға дейін да­йын өнім сақтауға болады. Біре­гей жоба үшінші тоқсанда іске қосылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған жұмыс сапары барысында елімізде алғаш рет қолға алынған химиялық тал­шық­­тар мен маталардың алуан тү­рін өндіруде қолданылатын түр­­лі жіптер шығаратын Green Techno­logy Industries зауыты­ның өнді­ріс алаңында болды. Мұн­да халық­ара­лық стандарттарға сай сапалы өнім шы­ғарылады. Полиэтилен қалдық­тарын қайта өңдеуге және өндірістік цикл­ге қайтаруға мүм­кіндік беретін қайта өңдеу жүйесі нарықтың по­лиэфир талшықтарына деген сұранысын орындау барысында 200 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ал құрылысы қызу жүргізіліп жат­қан Standard Petroleum & CO мұнай-химия комбинатында сала­дағы ең соңғы технологиялар өн­діріске тиімді пайдаланбақ. Зауыт мамандары көмірден бензин өнді­ру технологиясын ойлап тапқан. Бү­гінде кәсіпорынның өнімде­рін ел аумағында өндіріп, ТМД нарығына экспорттау көзделуде. Аталған өнер­кәсіп орыны жылына 2 млн тонна шикізат өндеуді көздеп отыр. Жоба­ның жалпы құны – 240 млн доллар (95,0 млрд теңге). Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарлама­сы аясында 961 млн теңгеге 14,2 шақырым темір жол және 298 млн теңгеге су құбыры тартылуда.

Өндіріс орындарымен қатар ауданда әлеуметтік нысандар да көп­теп салынуда. Демография­лық өсімі жо­ғары өңірде Президент тапсырма­сын орындау бағытында мектептер санын көбейту бас­ты назарда. Күні кеше Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолд­ауында 2025 жылға дейін салынатын мектептер санын 1 мыңға жеткізуді міндеттеді. Мектептерді бюджет қаржысына салу­­мен қа­тар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартуды тап­сырды. Осы орайда жуырда Түр­кістан облысында 15 жаңа мек­теп пайдалануға берілгенін айта кетелік. Облыс аумағында жаңадан салын­ған тағы 29 мек­тепті жыл соңына дейін пай­далануға беру жоспарланған. Облыс бойынша жалпы 78 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде облыстық бюджеттен – 70, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 8 мектеп салынып жатыр. Бұ­дан бөлек Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев зият­керлік мектебі салынды. Биылға құрылысы жоспарланған 47 мек­тептің 44-і бюд­жеттік, 3-уі жеке инвестиция есебі­нен бой көтере­ді. Мектептердің дені бала саны көп, тұрғындары тығыз орналасқан елді мекендерде бой кө­теруде. Мысалы, Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округінде 200 орындық мектеп салынуда. Келер жылы ауданда тағы 6 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Жаңа мектептер заманауи робо­техника, ІТ-технологиялар кабинеттері­мен жабдықталған. Айта кетелік, жаңа оқу жылында өңірде 50 мың­нан астам бүлдіршін мектеп табыл­дырығын аттады. Бір ғана Сары­ағаш ауданында 60 мыңдай оқушы білім алады, оның ішінде биыл 3 мың бала бірінші сыныпқа қабылданған.