Өнер • 09 Қыркүйек, 2021

Гүлжан Әспетова: «Атқа арпа, адамға арқа керек»

936 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Биыл көрнекті актриса, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова жетпіс бес жасқа толды.

Гүлжан Әспетова: «Атқа арпа, адамға арқа керек»

Соған орай мамыр айында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында талантты тұлғаның мерейтойы мен шығармашылығының 55 жыл толуына байланыс­ты осыдан бес жыл бұрын алғашқы премьерасы өткен «Зере» спектаклін қойды. Бұл туындыдағы басты кейіпкерді атақты актрисаның өзі сомдап, Ұлы Абайды тәрбиелеген Зере әженің даналығы мен даралығын көрерменімен қайта қауыштырды. Жақында біз ұлттық театр өнерінде қаншама көркем бейнелер галереясын жасаған өнер майталманымен жүздесіп, әңгімелескен едік.

−Апай, көрермен көңілінен шық­қан Зере әжеміз туралы дра­ма­лық шы­ғарма сізге арнап жазылған дейді, шы­нымен солай ма?

−Иә, солай десек болады. Жалпы, қазіргі заман мен өткен дәуірді ұштас­ты­рып, содан жастарға ой салатын тарихымызда бар дана ананың бейнесін ойнасам деп көптен бері ойлап жүрдім. Осыны театр басшылығына айтып едім, оны Асхат Маемиров құп алып, әдебиетімізде Зере әжеміздің образы толық ашылмаған, соның болмысы сізге келеді, драматургтерге жазуға ұсынып көрсек қайтеді деді. Мұны Қаллеки театрының сол кездегі көркемдік жетекшісі Талғат Те­менов те қолдады. Драманы белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет жазды. Ұлықбек алып ақынның әжесі туралы біраз ізденіп, ел аузындағы әңгімелер мен архивтік деректерді сәтті пайдаланған. Ақ өлең үлгісінде жазылған шығарманың астары өте терең, сөздері де кесек-кесек. Бір мысал келтірейін. Зере бірде Құнанбайға:
« Арқаңды тіресең өзі май асап, халыққа қан асататын бай-шонжарларға емес, өзіңмен тең түсетін, кесек турайтын, халқына қалқан болып, ел басқаратын Кенесары сұлтан, Шыңғыс төре, Тәттімбет, шұбыртпалы Ағыбай секілді арыстарға тіре, солармен бірге болып, солардан үйрен» деп айтады. Осы сөйлемде көркемдік қана емес, қаншама қуат бар. Туындыны танымал режиссер Нұрқанат Жақыпбай қойды. Ол сахнада қазақтың көркем, бейнелі сөзін жеткізуге күш салды. Ақылы кемел ананың образын сомдау маған да оңай тиген жоқ. Шамам жеткенше кейіпкерімнің болмысын ашуға бар күшімді жұмсадым. 2017 жылы қойылымның премьерасы өтіп, көрермен өте жақсы қабылдады. Зиялы қауым өкілдері де жылы пікірлерін білдірді. Алайда осы драманың бағы жанбады.

− Неге?

− Ешқандай театр фестиваліне бар­ған жоқ. Театрда екі-үш айда бір рет қо­йыл­ды. Соған ептеп ішім ауырады, әйтпесе данышпан тұлғаны тәрбиелеген Зере апамыз жайында жазылған көлемді шығарманың бірі осы.

− Бала күніңізде актриса болсам деп армандадыңыз ба?

− Мен Жамбыл облысы Меркі ауда­нында өмірге келдім, біздің ауыл тау­дың аңғарында орналасқан шағын ғана елді мекен еді. Енді ол жердің та­би­ғатын тілмен бейнелі жеткізе алмаймын. Бала күнімізде ну тоғайдың ара­сында еліктер жүретін. Әкем «то­ғай­дың ішінде қабандар бар» деп оны жақын­нан көруге жібермейді. Бір жа­ғы­нан, әкем аңшы еді. Осындай табиғаты ғажайып өңірде туған жаны нәзік, сезімтал қыз баланың өнер адам болуы заңды деп ойлаймын. Мектепті орыс­ша оқысам да, ата-анам қазақы, қарапайым адамдар болды. Жоғары сыныпты ауданда лауазымды қызмет атқаратын үлкен ағамның қолында оқыдым. Кітапты жақсы көретін, көшелі кісі еді. Үйінде әлем классиктерінен бас­тап, қазақ ақын-жазушыларының кітап­та­ры толып тұратын. Соған менің де қызығушылығым оянып, күндіз-түні кітаптан бас алмаймын. Сол кітаптар менің өмірге деген көзқарасымды ғана қалыптастырған жоқ, қиялымды ба­йы­­тып, шығармашылық қабілетімді шыңдады. Мектепте жүргенде түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, шағын қойылымдар әзірлеп, сондағы басты рөлдерді ойнадым. Ұстаздарым соған риза болып: «Сенің актерлік қабілетің бар, саған актриса болған жарасады» деп шабыттандырып қоятын. Сөйтіп, бала күнімнен актриса болуды армандадым.

− Оған ата-анаңыз қалай қарады?

−Анам әртіс болғанымды онша қа­ла­мады. Ағам дәрігер болғанымды жөн көрді. Әкем ғана мені қолдап, ті­лек­тес болды. Ақыры, Алматыға ке­ліп, кон­серваторияның актерлік бө­ліміне түстім.

−Алғаш сахнада «Қарагөзді» сом­да­­дыңыз, сол кезде қандай сезімде бол­дыңыз...

− Бұл менің өнердегі жолымды ашқан бейнем, сондықтан оны өте жақсы көремін. Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіргендегі дипломдық жұмысымда Қарагөзді ойнадым. Қатты толқыдым. Сонда комиссия төрағасы болып, Әзірбайжан Мәмбетов отырды. Ол кісінің жасы сол кезде 32-де екен, маған үлкен адам секілді көрінді. Әзекең менің ойыныма тәнті болып, Мұхтар Әуезов атындағы драма театры­на жұмысқа шақырды. Шынымды айт­сам, жиырмадағы жас кезім ғой, әкем­теат­рына баруға қорықтым. Әзекең кейін театрда «Қарагөзді» қойып, осы рөлді маған берді. Маған дейін де бұл бейнені біраз актрисалар ойнаған. Олар да оны өзінше сомдап, көрермен көңілінен жол тапқан. Сондықтан Қарагөзді мен басқаша ойнағым келді, әсіресе, кейіпкердің жынданған кездегі сәті арқылы оның еркін болмысын көр­сетуге тырыстым. Әзекең осы ше­шіміме дән риза болды. Жалпы әкем­театрға келгенде мені алдыңғы буын аға-апа­ларым жылы қарсы алды. Сәбира Май­қанова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова секілді өнер майталмандарымен жақын араласып, сыйластым.

− Сіз олардың көзін көріп, сахнада бірге жүрдіңіз, сол тарлан тұлғаларға тоқталасыз ба?

−Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрын­да менің жалындаған жастық шағым мен өмірімнің ұмытылмас жар­қын кездері өтті. Алдыңғы толқын аға-апа­ларымның адами қасиеті, бекзат болмысы, сыйластығы өзгеше бо­ла­тын. Бір қарағанда, жастарға қа­тал көрінгенімен, арғы жағынан жан-дүниесі елжіреп тұратын. Әсіре­се, Сәбира Майқанованың бәрін ба­уыр, туыс көретін кең жүрегі мен шыншыл қасиетін ұмыта алмаймын. Хадиша Бөкеева Санкт-Петербургтің театр өнері институтын бітірген. Ақсүйек актриса еді, адамға тік қарайтын. Апайдың осы қарасы менің есімнен кетпейді. Фарида Шәріпованың алғырлығы мен сөз саптауы бөлек еді. Шолпан Жан­дарбекованың әдемілігі мен киімі бір-бірімен үйлесіп тұратын. Зәмзәгүл Шәріпованың әрбір сөзді орнымен қол­данатыны, дауысының әуезділігі ғажап-тұғын.

Атақты Нұрмұхан Жантөрин ағамен де араластым, бірқатар қойылымдарда бірге ойнадық. Өте сырбаз, байыпты кісі еді. Әрбір кейіпкерінің бейнесін кітаптан оқып, іздеп жүретін. Кейде маған да: «Басқаларды қайталамау үшін образыңды кітаптан ізде, поэзия мен прозаны оқы, бір жерден кейіпкеріңді тауып аласың» деп айтатын. Ыдырыс Ноғайбаев қандай актер еді, ол секілді сахнада паузаны ұстай алатын өнер адамы кемде-кем. Ыдырыс ағаның тұрқы да биік, оның бойындағы алып күш өзі секілді ұлыларда ғана болады. Әнуар Молдабеков те жанып тұрған талант-тұғын. Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаевтармен де қатар жүрдім. Өнер бәсекемен дамиды, мен есімдерін айт­қан аға-апаларыммен сахнада жарысып ойнадым, бірақ ешбірінің алдынан кесіп өткен жоқпын.

− Екі ғасыр тоғысында астанаға қоныс аударып, Қаллеки театрына жұ­мысқа орналастыңыз. Сол кезде келген кейбір өнер адамдары елор­да менің екінші тынысымды ашты деп айтады, жаңа ортаның шығар­ма­шы­лы­ғыңызға әсері тиді ме?

– Өмірімнің қызықты кезеңі өткен Алматыны қиып кету маған оңай болған жоқ. Отыз жыл ғұмырымды арнаған әкемтеатр менің төркінімдей еді. Сол жылдары аталған театрда көңілімнен шығатын рөлдерді ойнауға мүмкіндік болмай, көңілім жабырқап жүрді. Менің бағыма орай, сол кезде көрнекті режиссер, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов елордадағы Қаллеки театры­ның бас режиссері болып тағайындалды. Сосын ол кісі: «Гүлжан, менімен бір­ге жүр, барлығын жаңадан бас­тай­­мыз, сен менің мектебімді көріп, тәжірибе жинақтаған өнер адамысың, жаңа жерге бара жатырмын, сен ма­ған көмек бер, мен саған қолдау көр­сетем, бастысы, шығармашылық орта қалыптастырайық» деп осында жетектеп алып келді. Алғашында Әзе­кең сахналаған спектакльдерге режиссердің көмекшісі болып жүрдім. Одан кейін ол кісінің өзі сахналаған біраз қойылымдарға қатыстым. Мәсе­лен, «Ғасырдан да ұзақ күнде» – Найман-Ананы, Ә.Сарайдың «Балуан Шолағындағы» – Балуанның анасын, Ф.Буляковтың «Күйеуге шыққан кемпір­леріндегі» – Фатиманы, В.Дель­мардың «Баянсыз бағындағы» – Люси Куперді, Дж.Патриктің «Қым­батты Памеласында» Памеланы ой­нап, аста­налық көрермендердің риза­шы­лы­ғына бөлендім. Бұйырған рөлімді ойнадым. Арасында жоғары оқу орнының театр бөлімінде оқитын студенттерге сабақ бердім.

−Бүгінге дейін театр сахнасында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебе­гін­де» – Еңлік, «Қара қыпшақ Қобылан­ды­сында» – Құртқа, Қ.Мұхамед­жановтың «Бөлтірік бөрік астындасында» – Жәмила, Қ.Мұқашевтың «Дала дастанында» – Мақпал, О.Бөкеев­тің «Құлыным меніңде» – Анар, Т.Ахтановтың «Антында» – Бәтима ханым, Н.Хикметтің «Фархад-Шы­рынында» – Мехменебану және т.б. біраз образды сомдадыңыз, со­лар­дың ішінде қай кейіпкер жа­ныңызға жақын?

−Мен анау кейіпкер жаныма жақын немесе мынау бейне менің табиғатыма келмеді айта алмаймын. Өйткені кез келген рөлімді жүрегімді ауыртып, жанымды салып ойнадым. Сондықтан ешқайысын бөлмеймін, барлығын жақсы көремін. Әрбір кейіпкерімнің тарихы бар. Жас күнімнен Қарагөз, Құртқа, Еңлік секілді қазақтың сұлу қыздары мен жүрекке салмақ түсіретін трагедиялық кейіпкерлерді сомдадым. Менің табиғатыма әлеуметтік типтегі характерлер жақын болды. Мәселен, Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Анасындағы» Толғанайды ойнау үшін қиналғанымды әлі ұмыта алмаймын. Бұл – өте күрделі образ. Трагедиялық кейіпкерді ойнағанда актердің жан-дүниесінде түрлі қайшылықтар болады. Сол арқылы көрермен одан рухани ләззат алады. Егер біздің кейіпкеріміздің болмысынан бір адам ой түйіп, өмірін өзгерте алса, мақсатымыздың орындалғаны деп бі­ле­мін.

− Барлық саналы өміріңіз театрда өтіп келеді. Сондықтан кешегі мен бү­гінгі режиссура, актерлар ойыны тура­лы не айтасыз?

− Жалпы, өткен мен бүгінгіні салыс­тыр­ғанды ұнатпаймын. Тіпті оны салыстыруға да болмайды. Әрбір актер – жеке тұлға. Мәселен, актерлардың болмысы, табиғаты бір-біріне ұқсамайды. Біреуі трагедиялық бейнені керемет ойнаса, екіншісі – зиялы адамның болмысын терең ашады. Енді бірі комедияға жақын. Бүгінде сахналанып жүрген қойылымдардың бәрі «керемет» дей алмасам да, театр өнеріндегі жаңаша ізденістерге көңілім толады. Режиссерлердің бұрынғыдай өмірдің шынайы бейнесін айқай-шумен, жылап-сықтаумен емес, адамның жан әлеміне үңіліп, психологиялық иірімдермен көрсетуге ұмтылған талпыныстары қуантады.

Бір жағынан, спектакльдің табыс­ты болуы драматургияға байланысты. Қандай мықты актер болсаңыз да, драматургия әлсіз болса, одан өрелі өнер тумайды. Ал сахнаның шаңын шығарып, әртістердің ұйықтап жатқан таланттарын оятып, жарқыратып жіберетін режиссердің бәрі – Әзірбайжан Мәм­бетов емес. Мен үшін ол – ұлы режиссер. Қазір де дарынды режиссерлер бар­шылық. Айталық, өзіміздің театрда, көрермендердің ықыласынан бөленген талай спектакльдері сахналаған Нұрлан Жұманиязовтың фантазиясы кемерінен асып-тасып жатады. Ал Болат Ұзақов актерлармен адами қарым-қатынаста жұмыс істейді.

−Театр сыны туралы не айтасыз?

−Бүгінде бұрынғыдай азулы
театр сыны жоқ. Марқұм Әшірбек Сығай елімізде қанша театр бар, ондағы әртістердің деңгейі қандай, қайда бара жатырмыз, соның бәрін қолмей қойғандай айтып, жазып жү­руші еді. Театр сыны саласында ең­бек­теніп жүрген қыз-жігіттер бар. Бірақ солардың дені орысша жазады. Содан ба, қазақ театрлары сахналаған қойылымдарға тереңдеп бара алмайды. Оны түсінбегеннен кейін білікті сын айту мүмкін емес. Елімізде жыл сайын түрлі театр фестивалдері өтеді, бірақ сонда тазалық жоқ. Соның бәрі театр сынының кемшілдігінен болып отыр.

− Сізді көпшілік «Несібелді» филь­мі арқылы жақсы біледі. Бірақ сіз киноға сирек түсіпсіз, оның себебі бар ма?

– «Несібелді» фильмінің материалы мазмұнды болғанымен, режиссерлік, операторлық жұмыстары әлсіздеу болды. Әлде де тақырыпқа тереңдеп баруға болушы еді. Фильм жарыққа шыққаннан кейін біраз жалғызбасты әйелдер кинодан өздерінің бейнесін танығандарын айтып, көздеріне жас алды. Туынды бар-жоғы он бес күнде түсірілді. Кинода анам болып Бикен Римова ойнады. Жолдасы белгілі драматург Шахмет Құсайынов мені жақсы көріп, «Моя порода» деп әзілдейтін. Сөйтсем, ол мені бойым ұзын, аққұба болғандықтан, «Көкшетаудың қызы» деп ойлапты.

Алайда менің кинода жарқырап жұлдызым жанды дей алмаймын. «Зере» қойылымында бас кейіпкердің: «Атқа арпа, адамға арқа керек» дейтін бір сөзі бар. Киноға көп түсуге онша қолдау болмады. Көбінесе кинодағы мен сомдағым келген бейнелерді Наталья Арынбасарова ойнады. Кейін де телесериалдарға түсуге ұсыныс болды, бірақ одан өзім бас тарттым. Өйткені қазіргі кейбір режиссерлер қойған телесериалдар деңгейі тым төмен, бұл көрермендер талғамын түсірді. Ол сериалда ешқандай образ жоқ, жансыз бейне көресіз. Соның әсерімен теледидар қарауға да зауқым жоқ.

−Белгілі режиссер, өмірлік жолда­сы­ңыз Виктор Пұсырманов туралы айтып өтесіз бе?

– Онымен консерваторияда оқып жүргенде таныстым. Бізден жоғары курс­та оқыды. Мен оған 2-курста тұр­мыс­қа шықтым. Ресей жерінде туған, өмірі қиындыққа толы азамат еді. Әке-ше­шесінен жастай айырылып, балалар үйінде өсіп, жас күнінен қиындықты көп көрген. Өмірде төрт құбыласы түгел пенде жоқ қой. Ол өте еңбекқор, көп оқитын, ізденімпаз адам. Алматыдағы консерваторияны аяқтағаннан кейін, Мәскеудегі Кіші театр мен «Мосфильм» киностудиясында тәжірибе жинақтады. Әуезов театрында З.Шашкиннің «Ақын жүрегі», Ә.Тәжібаевтың «Халқы туралы аңыз» және Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» спектакльдерін қой­ды. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­ле­кеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері қызметін атқара жүріп, Ә.Тәжібаевтың «Қыз бен солдат», Т.Ахтановтың «Махаб­бат мұңы» және С.Жүнісовтің «Жа­ралы гүлдер» секілді қойылымдарын сахналады. Кейін Олжас Сүлейменовпен танысып, киностудияға барып, көркем фильм түсірді.

−Қазіргі қоғам­да­ғы құнды­лық­тар­дың өзгеруіне алан­дайсыз ба?

– Өзім өнерді мәңгілік деп қабыл­дай­мын. Шеберліктің шегі жоқ, өнер адамына «толдым, болдым» деген сөз жараспайды. Сондықтан әлі де жанымды салып жұмыс істегім келеді. Өнер адамының табиғаты сезімтал, жаны жараланғыш. Дүниеге тереңдеп үңілген сайын, өмірге көз­қа­ра­сыңыз өзгереді. Ұзақ жылдардан бері ұстаздық жолды өнермен қатар алып, шәкірт тәрбиеледім. Содан ба кейбір жастарға көңілім толмайды. Өйткені кітап оқымайды, ізденбейді.

Бүгінде материалдық құндылық алға шықты. Адам баласы да өзге­ріп, техникаға құл болып барады. Барлық нәрсені компьютермен істей­міз. Алайда қолмен жазып, сызба­ған­нан кейін жүректің дүрсілі де естіл­мей­ді. Бір байқағаным, техникаға құл болғандардың бойындағы жақсы қа­сиеті жоғалады. 

− Атаққа қалай қарайсыз?

− Мен бір кісідей марапаттан кенде емеспін. Атақ − өнер адамына шабыт береді, қанат бітіреді. Қаншама талантты тұлғалар көзі тірісінде бір марапатқа ие болмай өмірден өтті. Соларды есіме алсам, жаным жабырқайды. Сондықтан өнер адамдарының еңбегін дер кезінде бағалаған жөн.

− Әңгімеңізге рахмет.