Қоғам • 10 Қыркүйек, 2021

Аманат арқалаған «Аманат»

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда даму ерекшелігі бар балаларға арналған түзету орталығы ашылды. «Аманат» деп аталатын жаңа коррекциялық орталық қазірше ақылы түрде жұмыс істеп жатыр. Бірақ ата-аналар түптің түбінде балаларымыз бұл жерде тегін тәрбиеленетін болады деген үмітте.

Аманат арқалаған «Аманат»

Ерекше балаларды күнде­лік­ті тұрмысқа қажет қалыпты дағдыға үйрететін орталық ашу туралы бастама алғаш 2018 жылы үкіметтік емес ұйым­дардың облыстық ре­сурс­­тық орталығы өткізген әлеу­меттік идея­лар мен жобалар жәр­меңкесінде көтеріліпті. Осы шарадан кейін тумысынан аутизм дертіне шалдыққан балғын­дардың ата-аналары Stop autism қоғамдық қорын құрып, жеке жұмыс бөлмесін жалға алып, әлгі бастаманы іске асыруға кіріскен. Көп бо­лып күш біріктіріп, үш жыл бойы үзілмеген табанды жұмыстың нәтижесінде үлкен дербес ғимараты бар түзету орталығы пайда болды.

Коррекциялық орталық ор­на­ласқан үш қабатты жаңа ғимаратты Stop autism қоғам­дық бірлестігінің жанашыры, қостанайлық кәсіпкер Жанат Бертебаев тұрғызыпты. 20-дан астам тәрбиеші маман еңбек ететін орталықта жеке жат­тығулар өткізуге арналған 13 кабинет бар. Мұнда түрлі бағытта дамытуға арналған 9 топ жұмыс істейді. Бұл топ­тар­дың бірі Даун синдромы бар балалармен жұмыс істеуге арналған.

«Қазір бұл топта 70 бала бар. Алайда біз бала саны бұ­дан екі есе көп болса да үлгеріп жұмыс жүргізе аламыз. Қазір ар­найы құрылғылар санын кө­бейтіп, қосымша сатып алып жатырмыз. Жақында об­лыстық кәсіпкерлік бас­қар­ма­сы арқылы 5 млн теңгенің грантын ұтып алдық. Бұл қар­жыны сенсорлық бөлмеге дидак­тикалық материалдар сатып алуға және дина­ми­калық дамыту залына қажет дүние­лер­ді алуға жұмсамақпыз», деді ор­­та­лық құрылтайшысы, Stop autism қо­ғамд­ық бірлес­ті­гі­нің басшысы Шынар Жалмұха­медова.

Орталық қазір ерекше балалар мен олардың ата-аналарына арналған «Ыстық нан» әлеуметтік бизнес-жо­басын қолға алып отыр. Жоба ая­сында жұмыссыз үйде отырған ата-аналарды кәсіпке қайта даяр­лап, наубайханаларға жұ­мыс­қа орналастыру көзделген.

 

ҚОСТАНАЙ