«Бүгін менің туған күнім, ой, пәле-ай. Мына халқым неге жатыр тойламай?!» – Мұқағалидың осы өлеңіне ән шығарып, домбырамен айтатын атақты актеріміз, Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев дәл бүгін 78 жасқа толып отыр. Шүкір, қазақтың талай жақсысы мен жайсаңы тиісінше қадірленбей келген кешегі кеңестік кездегідей емес, тәуелсіздік тұсында актердің алпысы да, жетпісі де лайықты аталып өтті. Сонау «Беу, қыздар-айдағы» Сұлтаннан, «Бөлтірік бөрік астындағы» Арыстаннан «Қан мен тердегі» Сүйеу қартқа, «Анттағы» Әбілқайырға, «Абылайдың ақырғы күндеріндегі» Бұқар жырауға дейінгі өнегелі өнер жолына биік баға берілді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. «Парасат» орденімен марапатталды. Сексеннің сеңгіріне тақаған тұсында тамаша талант иесі тағы бір тың қырынан танылып отыр. Ол – жап-жақсы қаламгерлігі. Мұның өзі сахна сардарының көңіл көкжиегінің кеңдігін көрсететін жай. Актердің эсселері, естеліктері, ой-толғамдары «Алматы ақшамының» кітапханасы сериясынан «Өмірдің өзі – театр» деген атпен «ARNA» баспасынан жарық көрді. Негізінде, Сәбеңнің бұл қырын тың деуге де бола қоймас.
«Бүгін менің туған күнім, ой, пәле-ай. Мына халқым неге жатыр тойламай?!» – Мұқағалидың осы өлеңіне ән шығарып, домбырамен айтатын атақты актеріміз, Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев дәл бүгін 78 жасқа толып отыр. Шүкір, қазақтың талай жақсысы мен жайсаңы тиісінше қадірленбей келген кешегі кеңестік кездегідей емес, тәуелсіздік тұсында актердің алпысы да, жетпісі де лайықты аталып өтті. Сонау «Беу, қыздар-айдағы» Сұлтаннан, «Бөлтірік бөрік астындағы» Арыстаннан «Қан мен тердегі» Сүйеу қартқа, «Анттағы» Әбілқайырға, «Абылайдың ақырғы күндеріндегі» Бұқар жырауға дейінгі өнегелі өнер жолына биік баға берілді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. «Парасат» орденімен марапатталды. Сексеннің сеңгіріне тақаған тұсында тамаша талант иесі тағы бір тың қырынан танылып отыр. Ол – жап-жақсы қаламгерлігі. Мұның өзі сахна сардарының көңіл көкжиегінің кеңдігін көрсететін жай. Актердің эсселері, естеліктері, ой-толғамдары «Алматы ақшамының» кітапханасы сериясынан «Өмірдің өзі – театр» деген атпен «ARNA» баспасынан жарық көрді. Негізінде, Сәбеңнің бұл қырын тың деуге де бола қоймас. Өйткені, ол кісінің ауызша әңгіменің айтулы шебері екенін зиялы қауымның талайы біледі. Кітабында сол әңгімелерді актер қарапайым ауызекі сөйлеу мәнерімен, қазақтың қара тілімен қағазға әсерлі түсіріп шыққан. Кейбірі ойлантады, кейбірі күлдіреді, кейбірі таңдандырады. Қай-қайсысында да автордың қазақтың асыл перзенттеріне деген құрметі тәнті етеді. Олардың біразы әр кезде «Егемен Қазақстанда» да жарияланғаны бар. Жақында ғана, өткен жылдың 29 қарашасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты шағын-шағын ой-толғамдары «Өнер қамқоры» деген атпен газетімізге шыққан тұста разылық пікір білдірген, актер жазбаларымен кеңірек таныстыруды өтініш еткен көптеген оқырмандарымыздың тілегін ескере отырып, Сәбит Оразбаевтың негізінен Әуезов атындағы академиялық драма театрындағы ұстаздары мен тұстастары туралы әңгімелейтін қысқа қайырым естеліктерін назарларыңызға ұсынамыз.
Ал енді бұл жазбаларды не үшін мұндайлық үлкен көлеммен жариялап отырғанымызды айтайық. Қазақтың көптеген қайраткерлерінде өмірден оқыған-тоқығанын, көкейге түйгенін қағазға түсіре жүру дәстүрі қалыптаспай-ақ келеді. Алысқа бармай-ақ өзімізге етене орыс жұртын алсақ та, ел таныған тұлғалардың талайының қолынан шыққан тамаша кітаптарды атауға болады. Демек, Сәбит Оразбаевтың бұған дейін небәрі 500 данамен тараған кітаптағы естеліктерінің біразын 200 мыңдық басылым бетінде насихаттау арқылы өмірден көргені көп замандастарымызға өнегелі немесе қызғылықты жайларды қағазға түсіре жүрген актердің игілікті ісін «етжеңді» нөмірде үлгі етпекпіз.
Иманжүсіптің толғауын төгілдірді
Таныстығымыз былайша басталды.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары (ұмытпасам, 1974 жыл ғой деймін) болатын. Араласып жүретін Шаншар Манкеев деген азамат қонақ болып, шай ішуге үйіне шақырды. Үйіне кіріп келгенімде маңдайы жарқыраған, қою қара шашты, нұрлы жүзді жігіт қарсы ұшырасты. Бұрыннан көріп-біліп жүрген адамдардай емен-жарқын амандастық. Шаншар мені таныстыруға ыңғайлана бергенде: «Бұл кісіні танимын, телеарнадан «Халық қазынасын» жүргізеді. «Қымызханада» әнші жігіт Шөңгебайды ойнайды», – деп өнерден хабардар екенін аңғартты.
Нұрекеңмен танысқан кезде мен аз да болса атақ-абыройға ие болып, театрдың белді әртісі бола бастағам. Айтса айтқандай, телеарнадан үзбей беріліп тұратын «Қымызхана» атты сатиралық қойылым халыққа танымал еткен еді.
Ұзақ отырдық. Өнер жайында әңгімелестік. Төле бидің толғауын орындадым. Мұқият тыңдап отырған Нұрекең қайталап айтуымды сұрады.
Қатаған мен Сүйінбайдың айтысынан үзінді айттым. Нұрсұлтан Әбішұлы тағылымды толғауды соншалықты мән беріп тыңдады.
Нұрекеңе домбыра ұсындық, керемет даусы да бар екен. Ол кезде айтуға рұқсат етілмейтін, әлі ақталмаған Иманжүсіптің толғауын орындады.
Мен қалайша бұл елде тұрақтаймын,
Көлге біткен майысып құрақтайын.
Зорлық еткен кәпірдің талайларын
Бақыртып сабаушы едім лақтайын,
– деген шумақтарды екпіндетіп, ерекше жігермен орындады. Бірнеше халық әндерін қоса шырқады. Осылайша елжандылығын, қайсарлығын танытты. Бабалар аманатын сол кездің өзінде-ақ көкірегіне сақтап, соларды жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қойған азамат екенін аңғартты.
«Мүмкіндік болса, Қарағанды қаласына келіңіз», деді маған кетерінде. Бір-бірімізге ризашылық білдіріп тараcтық.
Қалт-құлт етіп қайық тұр...
Жаз айларының бірінде Қарағанды қаласына жолым түсіп, барған соң уәде бойынша хабарластым. Қуана қарсы алды. Арнайы жеңіл көлік жіберіп, қонақүйден Теміртауға алдырды.
Қарапайым екі қабатты үйдің жоғарғы қабатында тұрады екен. Жоғары көтеріліп келе жатқанымда алдымнан өзі шығып, үйіне бастап барды. Зайыбы Сараға таныстырды. Үй жиһаздары өте қарапайым, таза, рет-ретімен жиналған. Сапалы дыбыс жазатын магнитофон мен радио аппараттары үстел үстінде тұр. Арнайы дайындап қойса керек. Үстел мен орындықтардың санына қарағанда, біраз қонақ болатын сияқты. Нұрекең: «Бүгін жақсы отырыс болғалы тұр, Сәке. Кешке Теміртаудың зауытында істейтін азаматтар келеді. Оған дейін көлдің арғы жағына өтіп, саяжайда демалып, суға шомылып қайтайық», – деді. «Қонақ қойдан жуас» деген емес пе?
Көл өте үлкен екен. О шеті мен бұ шеті көрінбейді. Жағада шағын моторлы қайық тұр. Жүргізуші орта жастағы орыс жігіті. Ол бізбен амандасты да, қайыққа отырғасын бірден жүріп кетті. Әне-міне дегенше, үлкен көлдің ортасына жақындап қалдық. Көңіліміз көтеріліп, ыңылдап іштей ән салып келеміз.
Аяқ астынан жел тұрды. Үлкенді-кішілі толқындар пайда бола бастады. Оған да мән бермей ілгері жылжи бердік. Ой, тоба! Бір кезде жел күшейіп, соңы алай-дүлей дауыл болып кетті. Жан-жағымызға қарасақ, жаға көрінбейді. Су шашырап, қайықтың ішіне құйылып жатыр. Қатты желдің қай жақтан соққанын да білмейсің. Дауыл қайықтың бағытын өзгерткен сияқты. Ой, Жасаған Ием, бәле қайда, бассаң аяғыңның астында, деген осы. Әп-сәтте дүние төңкеріліп, алай-дүлей болды. Мотор баяғыда өшкен. Қайықшы орыс жігіті: «Боже мой! Я дурак, я пропал, извините, Нурсултан Абишевич!» – деп еңіреп қоя берді. Нұрсұлтан маған қарап:
– Сәке, суға жүзе аласыз ба? – деді.
– Жүземін! – дедім.
Менің батыл жауабыма риза болды білем:
– Онда әрекет жасайық, жылағаннан ештеңе өнбейді, – деді. Осы сөзден кейін іске кірістік. Үстімдегі киімді жылдам шеше бастадым. Нұрекең де киімдерін шешіп, жүзуге ыңғайланды. Қайық қалт-құлт етіп тұр. Орыс шелекпен іштегі суды сыртқа төге бастады. Дауыл тағы бір соққанда қарасам, қайықшы жоқ. Суға құлап кетіпті, қылтиып басы ғана көрінеді. Үсті малмандай. Айқайлап, жан даусы шығып, қайыққа жармасты. Нұрекең көмектесіп жүріп қайыққа мінгізді. Өстіп, арпалысып жүргенімізде көк жүзін торлаған қара бұлт сейіліп, аяқ астынан тыныштық пайда болды. Ескекпен есіп отырып, кері қайттық. Жаңағы кісі түрткілеп жүріп моторды от алдырды. Жүзіне қан жүгіріп, құдайына құлшылық айтып жатыр. Сонымен бір апаттан аман қалған біз үйге де жеттік-ау.
«Сізде де арман бар ма, ағасы?»
Машинамнан түсе бергенім сол еді, алдымнан кездескен жасы елулердегі бейтаныс жігіт:
– Па, шіркін, сізде де арман бар ма, ағасы? – деді.
– Бар, – дедім. – Неге болмасын, армансыз адам бола ма?
– Әсем қала Алматыда тұрасыз, астыңызда – джип көлігі, қалаған жағыңызға барасыз, сонда сіздегі не арман? – деді таңырқағанын жасыра алмай.
– Ей, шырағым, менің арманым – өзің айтқан әсем қаланы жаяу жүріп аралап, қызығын тамашалау, – дедім. Ол менің белімді еркін жаза алмай бүкшейіңкіреп бара жатқанымды аңғарды ма, өзін кінәлі санағандай, бұрылып алды да, жөніне кете барды.
«Футбол емес, Жұмабайдың баласыніздеп келдім...»
Менің Топаш деген нағашым болған. Бірде Алматыға келді. Келе сала «Қайратқа» билет алуды тапсырды. Ол кезде (1960 жылдары) «Қайраттың» ойынын көру үшін Орталық стадионға кіру мүмкін емес болатын. «Қайраттың» дүркіреп тұрған уақыты. Өліп-талып стадион директорына біреулерге айтқызып жүріп екі билет алдық. Стадионға кіріп, алаңға жақын жерге орналастық. Көріп отырмыз. Нағашым футболды жақсы көреді екен десем, ойынға тіпті қарамайды. Жан-жағына алақтап, төңірегін шолып отыр. Бір кезде орнынан тұрып, қолын шекесіне қойып стадионның алыс түкпірлеріне көз жүгіртті. Артымыздағы жанкүйерлер:
– «Оу, аға, футбол алаңда болып жатыр, бізге неге қарайсың?» – деп бірнеше мәрте ескертті. Олардың сөзін нағашым елең қылмады. Сосын мен нағашымды бүйірінен түртіп: «Аға, ол жақта неңіз бар, футбол қарамайсыз ба?» – дедім. Сөйтсем нағашым:
– «Әй, футболыңның әкесінің аузы... Баяғыда Жұмабайдың баласы жоғалып кетіп еді. Көпшілік болғасын осында сол жүр ме, бәлкім, кездесіп қала ма деп елеңдеп отырмын. Мен соны іздеп жүрмін», – демесі бар ма...
Орыс жеңгейдің арқасында
Батыс Қазақстанға гастрольге бардық. Біраз жерінде болып, спектакльдер қойдық. Сөйтіп, Тайпақ ауданына келдік. Бізді мұнда дұрыс қарсы алмады. Ауданның бірінші хатшысы қабылдамай қойды. «Бізде қазір тығыз шаруа болып жатыр. Көңіл бөлетін уақытымыз болмай тұр. Мүмкін жақын маңайдағы совхоздардың біріне барарсыздар» дегендей әңгіме айтыпты. Жақын деген совхоздың өзі ауданнан 500 шақырым жерде екен. Нұрбеков деген администраторымыз осылай деп келді. Сөйтті де, Сейфоллаға (Қазақстанның халық артисі Сейфолла Телғараев – Ред.) қарап:
– Аға, сіз жеңгеймен хабарласып, жағдайды айтып көрсеңіз қалай болады? Мыналардан түк шығатын емес, – деді.
Біз жеңгейдің қайда жұмыс істейтінін білмейміз. Секең қабылдау бөлмесіне барып хатшы қызға:
– Әй, шырағым, мен Қазақстанның халық әртісімін, Жоғарғы Кеңестің мына телефонын маған алып бер, – деп керек сандарды айтты. Қыз жаны қалмай жалғады. Содан сөйлесті. Жеңгей орыс болатын.
– Валентина, біз Тайпақ ауданындамыз, – деп еді, аржағынан:
– Халің қалай? – деп сұрады.
– Халіміз жаман емес, бірақ, мұнда ептеген түсініспеушілік болып жатыр. Бірақ жөнделетін шығар. Ребята нормально, – деп арасында әзілді де қосып қойды. Сөйлесіп болғасын сыртқа беттедік. Енді не істейміз деп отыр едік, бір кезде хатшы қыз жүгіріп келіп:
– Сіздерді шақырып жатыр, – деді. Біз кеткесін хатшы қыз бастығына: «Мына кісілер Жоғарғы Кеңеспен сөйлесті», – деген көрінеді. Бастығы: «Не деді?» – дейді. «Түсініспеушілік болып жатыр. Бәлкім, соңы дұрыс болар деді», – депті қыз. Бастығы: «Қайсысы сөйлескен?» – дейді. Қыз алыстан қолымен нұсқап: «Анау шетте тұрған тәпелтек, арық кісі», депті. «Ойбай, онда оларды шақыр», – дейді бірінші хатшы.
Бәріміз бірінші хатшының кеңсесіне бардық. Бірінші хатшы: «Бізде бір жағдай болып жатыр еді» деп неше түрлі сылтауларды айтып, бізден кешірім сұрады. Бірақ, барынша дұрыстап қарсы алды. Сөйтіп, орыс жеңгейдің арқасында Тайпақ ауданындағы күндеріміз керемет болып өтті.
«Мұқағалидың мықты ақын екенінкезінде білмедім...»
Димекеңмен екінші мәрте Қаратай Тұрысовтың үйінде кездестім. Асанбай Асқарұлы, тағы да басқа кісілер болды. Кешкі сағат алтыларда келіп, түнгі он бірлерге дейін отырды. Әрі-сәрі болып жатқан кез. Димекең зейнетке шыққан. Сонда менің өз құлағыммен естігенім, «Мұқағалидың мықты ақын екенін ел билеп тұрғанда білмедім» деді Димекең. Асанбай Асқарұлы: «Ол – кеңестік дәуір, ішкен, қызып жүрген ақын-жазушыны ешкім ұнатпайтын» деп үлкен кісінің өкінішін жеңілдеткендей болды.
«Ал енді Шәмші Қалдаяқовты Нұрғиса алып келді», – деді үлкен кісі әңгімесін жалғап. «Бірақ бұрындары радиодан әндерін естігенімде, жақсы композитор екенін сезгенмін. Шәмшіге мүмкіндігі болғанынша қолдан келген көмекті жасадық», – деді. Өнер жайында, өмір жайында көптеген әңгімелер айтылды. «Шіркін, осы егемендігіміз кемелденіп кетсе, қазақтың бағы ғой. Соның тілеуін тілеп отырмыз» дегені де әлі есімде.
«Мұндай өмірдің атасына нәлет!»
Мен «Майрада» Дүрбітті ойнадым. Спектакльдің соңында мені біреу арт жағымнан келіп ату керек болатын, оқ атылмады. Уақыт өтіп барады. Көрермен жым-жырт. Бәрі бірдеңені күтіп отырғандай. Сосын мен пистолетімді қолыма алдым да: «Арманым Майра еді. Құдай оны бұйыртпады. Мұндай өмірдің атасына нәлет!» – дедім де, өзімді өзім тарс еткізіп аттым да жібердім.
Сосын барып шымылдық жабылды. Режиссері Бәйтен Омаров болатын. «Ой, Сәке, тауып кеттің, тауып кеттің», – деді менің әрекетіме тәнті болып. Арнайы мені ататын адам бір әңгімеге айналып қалып, мені ұмытып кетсе керек.
Қалжыңның қарымтасы
Менің достарымның арасында әзіл-қалжыңы молдары өте көп. Жалпы, әзіл-қалжың құрдастарға жарасып та тұрады ғой. Достарымның бірі – Зауытбек Тұрысбеков. Екіншісі – Тито Сыздықов Парламент Мәжілісінің депутаты еді. Екеуі мықты дос. Әзілдері де керемет. Бірін-бірі іліп-шалып, күлкіге кенеледі де жүреді. Үнемі шипажайға бірге барып демалады.
Бірде Тито Зауытбекті қатты алдап түсіріпті. Қалай алдағанын маған айтқан жоқ. Екінші бір жолы екеуі шипажайға барғанда Зауытбек сол қылығын алдына келтірмекші болады. Ары ойлап, бері ойлап, анализ алатын кезде Титоның дайындап қойған кіші дәретіне екі түйір қант салып жіберіпті. Арада шамалы уақыт өткесін қызық басталады. Дәрігер бұлардың бөлмесіне жүгіріп келіп:
– Сыздықов деген сіз бе? – дейді.
– Иә, менмін, – дейді Тито.
– Бекер келгенсіз...
– Е, неге?
– Қаныңызда қант өте көп екен, сізді мұнда қалай жіберген? Алдымен ауруханада жатып ем алыңыз, қантыңыз түскесін келіңіз. Ойланыңыз, ойланыңыз... – дейді де, дәрігер шығып кетеді.
«Менің жаным кіріп отыр, – дейді Зауытбек. – Өтірік білмегенсіп: «Ой, не болды, Тито, мына дәрігер не деп жүр?» – деп сұрап қоямын. Тито: «Жағдайым нашар, Зауытбек. Қантым көбейіп кетіпті. Үйіңе қайт деп жатыр», – деді бір түрлі мұңайып. Мен: «Қой, қайт десе қайта бересің бе? Сөйлесейік дәрігермен», – деп қоямын.
Ертесіне Титодан қайтадан анализ алады. Зауытбек кешегі әрекетін тағы да қайталайды. Дәрігер енді қайтпаса болмайтынын, мына күйінде ем жасамайтынын айтады. Тито жиналып, заттарын буып-түйіп, билет алатын болып тұрғанда Зауытбек:
– Әй, Тито, сенің өткенде мені оңдырмай алдағаның есіңде ме? – дейді.
– Не деп алдаппын? – дейді Тито есіне түсіре алмай.
– Ойлан, досым, ойлан, – дейді Зауытбек.
– Ә-ә, анау ма? – дейді Тито есіне түсіріп.
– Енді есіңе түсті ме? Міне, бұл – соның қайтарымы. Осымен «кегім» бітті, – дейді Зауытбек.
Мұның бәрі ұйымдасқан ойын екенін, өз өтірігінің қарымтасы екенін енді түсінген Тито: «Түу, оңбаған екенсің ғой, бәсе-ау, осында келерде бәрі дұрыс еді», – деп сылқ ете қалыпты. Екеуінің күні бүгінге дейін осындай қалжыңдары бітпей келеді.
«Өзің көп ішетін шығарсың…»
Актер қанша талантты болғанымен, сахнаға шыққанда қобалжымай тұра алмайды.
«Ант» деген спектакль жүріп жатқан. Авторы – көрнекті драматург-жазушы Тахауи Ахтанов. Мен Әбілқайыр ханды ойнаймын. Алғашқы көріністе үш жүздің барлық би-шешендері, атқа мінер көсемдері жиналып, қалмаққа қалай тойтарыс беруді, қазақты қалай сақтап қалуды, елді қайтіп біріктіруді ақылдасады. Мына жақтан төбе би – Төле, Арқадан – Қаз дауысты Қазыбек би, Батыстан – әйгілі Әйтеке би сардар, сарбаздарымен лек-лек болып келе жатады. Фатиманың рөлінде театрдың жас актрисасы ойнады. Бұл үшінші қойылымы еді. Кілең жастар ойнады. Халық лық толы. Автордың өзі де келген. Алғашқы екі қойылымда бұл рөлді Жандарбекова ойнаған.
Әлгі жас актриса: «Алғашқы сөзді төбе би – Төле биге береміз» деудің орнына жаңылысып: «Алғашқы тосты…» дегені. Көрермендер ду етіп күліп жіберді. Тахаң шыдамады, орнынан атып тұрды да: «Ой, құдай атқан, құдай атқан, не қыл дейді мынау? Адамның ойына келмейтін сөзді қайдан тапқан? Тостысы несі тағы?!» – деді.
Мұндай нәрселер театрда анда-санда болса да болып тұрады. Халық кешірімді ғой, күлкіге айналдырады да жібереді. Сол актриса көпке дейін осы рөлді ойнай алмай жүрді. Сол бірауыз сөз үшін. «Үйде қаншама дайындаламын. Бірақ, сахнаға шыққанда бәрібір «тост» болып кете береді»,– дейді. Ондайда біздің Асекең – Асанәлі Әшімов қарап қала ма, «Өзің көп ішетін шығарсың? Содан кейін тост есіңнен шықпайтын шығар» деп әзілге бұрады.
«…айналайын, торсығыңды берсеңші балаңа, жылатпасаңшы»
Менің досым – Райымбек Сейітметовтың Нұрағаңмен қарым-қатынасы, сыйластығы мықты еді. Жантөрин Қодарды ойнағанда, Райымбек Қозыны ойнайтын. Сол жылдары ол Әуезов атындағы әкемтеатрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болды. Мәмбетов «Қазақфильмге» ауысқан-ды.
Көбінесе ауылдық жерлерге барып, спектакль қойып тұрамыз. Ауылдық жердегілер қызуқанды келеді. Беріліп көріп, шулап отырады. Бірде сол Нұрмұхан Қодарды ойнап жатқан. Ел еліріп, шу-шу етеді. Бір әйел емізулі баласын ұмытып, екі көзі Қодарда (Нұрмұханда) отырған ғой. Баласының жылағанын да естімейді. Содан Нұрмұхан: «Әй, келіншек, айналайын, торсығыңды берсеңші балаңа, жылатпасаңшы», – депті. Келіншек «ойбой» деп, сонда ғана өзінің әбес әрекетін түсініп, кеудесін жауып, баласын бауырына басып емізіпті.
«Әй, ақсақал, не сен ойна,не мен ойнайын…»
Сахнаға Қодар шыққан кезде жұртшылық та шулап кетеді. Халықтың ұғымында ол өте жауыз адам ғой. Әсіресе, Қозы мен Қодардың қылыштасатын жері бар. Енді кездеспеуге серттесіп, екеуі екі жаққа кетеді. Сөйтсе залда отырған бір көрермен шал: «Әй, атаңа нәлет, Қодар, атаңа нәлет, ақыры осының түбіне жетесің-ау», деп, қайта-қайта айқайлап отыратын көрінеді. Бір кезде шыдамы таусылған Жантөрин сұсты көзін шалға қадап: «Әй, ақсақал, не сен ойна, не мен ойнайын. Неменеге менімен жағаласа бересің?» дейді. Шал: «Ойнай бер, ойнай бер, бірақ, бәрібір түбіне жетесің ғой» деп қоймайтын көрінеді.
Ақырында Қозыға пышақ салып, өлтіріп жатқанда Қозының: «Баян, Баян. Арманда кеттім-ау, Баян» деп шалқасынан құлайтын жері бар ғой, соған келгенде әлгі шал орнынан атып тұрып: «Атаңа нәлет, Қодар, ақыры өлтіріп тындың ба?» дейді бар даусымен. Жұрт қой десе қоймайды. Содан Нұрмұхан қолында пышағы бар, тура әлгі шалға қатулы қабағымен қараған ғой. Әлгі шал: «Айттым ғой. Бұл енді мені өлтіреді», – деп сыртқа қарай тұра қашыпты.
«Мемлекет меншігіне қол сұққым келмейді
Өмір бойы соны қорғап қызмет еттім»
1971 жылы Сафи Өтебайұлы зейнетке шықты. Гурьевке көшеміз деп қомданып отыр екен. Мен:
– Ұзақ жыл шөл далада, сахарада жұмыс жасадыңыз. Ең болмаса жасыңыз ұлғайған шақта қалада тұрмайсыз ба? Алматыға келіңіз, осы өмірдің жәннаты ғой бұл шаһар, – деп едім, ол кісі менің «шөл дала» деген сөзімді ұнатпай қалды.
– Сәбитжан-ау, сен шөл дала дейсің, ол шөл даланың асты тұнған байлық қой. Осы байлықты қорғап, бабаларымыз өмір-бақи түркімендермен соғысып өтті. Бұл даланың ғажап қасиеті бар. Орманды, өзен мен көлді, асқар тауды көргің келсе көзіңді алысқа тігіп, далаға қара. Көгілдір сағым әлгі қалағандарыңның бәрін көз алдыңнан киноның лентасындай тізбектеп өткізеді. Төсінде төлі өрген, түйесі керуен түзеген дала, үйлері көк тіреген қала, даланың тағы аңдары ойнақ салған тау шатқалы, бәрі-бәрі алдыңда тұрады. Көзіңді сағымнан ажыратсаң ойдым-ойдым ойпаты көп бәз-баяғы құмды аймақты көресің», – деді. Бірақ біздің кеңесімізге құлақ асып, Алматыға көшіп келді. Менің таңғалғаным, соңдарынан мәшинамен немесе контейнермен зат келген жоқ. Бар дүниеміз осы деп, 3-4 бума төсекті өздерімен ала келді. Сөйтсем, бұл кісілер дүние жинамапты, тапқандарын қонағының аузына тосып, дос жинапты. Қызметінен кетерде өзі мініп жүрген қара «Волга» мәшинасын берген екен, бұл кісі «Мемлекеттің меншігіне қол сұққым келмейді, өйткені, мен өмір бойы сол меншікті қорғап қызмет еттім» деп алмапты. Келгесін қаладан 4-қабаттан пәтер алды. «Төртінші қабат қиындық туғызбай ма?», десем, «Жоқ, қайта жақсы. Үйіңе амалсыз кіресің, амалсыз шығасың» деп әзілмен жауап беретін.
«Камал ағамыз нан жемейді»
Есіме Камал Қармысов ағамның бір әңгімесі түсіп отырғаны. Ол кісінің 100 жылдығын өзі бүкіл саналы ғұмырын арнаған әкемтеатры атап өтті. Соңғы оншақты жылдың бедерінде қалыптасып, жыл сайын өткізіліп жүрген «Театр көктемі» фестивалі қазақтың біртуар актері, сахна саңлағы Камал Қармысовқа арналды. Көзін көргендер, серіктес болғандар ол туралы білгендерін, ойларына түйгендерін ортаға салды. Мен Қармысовпен серіктес болған актермін, үйренгенім де көп.
Камал ағаның 60 жылдығында туған жері – Қарақастекке барғанбыз. Дастарқан басында отырғанымызда Кәмкеңнің түр-тұлғасы, дене бітімі сөз болып қалды. «Кәмке, осы сізді қай кезде көрсек те, бір қалыпта боласыз. Не азбайсыз, не тозбайсыз дегендей. Мұның сыры неде?» деп сұрап қалды бір замандасы. Осы кезде сол жерде отырған актер Есболған Жайсаңбаев:
– Біздің Камал ағамыз нан жемейді, – деп қалды. «Рас па?» деген пішінмен отырғандардың бәрі Кәмкеңе қарап еді, ол:
– Рас, мен мүлде нан жемеймін, нан семіртіп жібереді ғой. Көрмейсіңдер ме, мыналарды, жап-жас болып шетінен қарындары салбырап кеткен, – деді шімірікпестен. Кәмкеңнің бір мінезі кім не айтса да, соған көне салатын.
Ертесіне тағы бір жерде қонақта отырмыз. Ып-ыстық таба нанның үстіне сары майды салып әкеп алдымызға қойып жатыр. Өзіміз ашпыз. Әлгі ыстық нан тәбетімізді одан әрмен ашып жіберді. Қолымызға нан тигенде құлшына кірісіп кеттік. Бір кезде нан мен ыстық май салынған ыдыс Кәмкеңнің алдына келе беріп еді, тағы да Есболған:
– Ой, бұл жерге қоймай-ақ қойыңыз, ол кісі нан жемейді, – деді. Аузынан суы шұбырып отырған Кәмкең үн-түнсіз отырып қалды да, үй иесі шығып кетісімен:
– Әкеңнің... мені нан жемейді деп жүрген кім осы?! Неге мен нан жемейді екенмін? Өздерің нанды жейсіңдер, тіпті, майға араластырып... Әкел алдыңдағыны, – деп Есболғанның алдындағы нанды тартып алып соқты-ай келіп. Біздің қыран-топан күлкіден ішегіміз түйілді... Бұл енді Кәмкеңнің аңқау, баламінезділігінен. Кім не десе де соған мақұлдығынан. Әйтпесе, о баста «Кәмкең нан жемейді» дегенде, «иә, мен нан жемеймін» демегенде мұндай болмас еді-ау. Бұл ақкөңілділікті қойсаңшы...
Бейбарыс бабамыздың атақ-даңқы кеденнен кідіртпей өткізді
Египетке сапарымыз аяқталып, театр фестивалінен жүлделі орынды иеленіп, елге бет алдық. Каир қаласының кеденіне келдік. Тексеру басталды. Айша деген немереме өнер дүкенінен кіші скрипка сатып алғанмын. Құны төленгендігі жөнінде қағазы да бар. Құданың құдіреті, сол аспап жолымызға кедергі болғаны. Скрипканы ары қарады, бері қарады. Айқайлап, дабырлап сөйлеп жатыр. Тілдеріне түсінбейміз. Дарияны шақырдым. Ол Тұңғышбайдың зайыбы. Ағылшынша білетін-ді. Сөйлесті. «Бұл халықтың қазынасы. Арнайы рұқсат керек, түсінікті ме?» дегенді айтады деді. Сатып алған жерден тәптіштеп сұрағанымызда, «осы квитанцияның өзі жеткілікті» деп сендірген. Мен «Бұл Италияның шеберлері жасаған Страдивари емес» деп едім, құдай сақтасын, одан сайын өршеленіп кетті. Мен де ашуландым:
– Бастан құлақ садаға, алып қалыңдар! – дедім.
– Бұл – ұрлық. Ол жөнінде арнайы заң бар. Сіз әлі жауап бересіз, – деп қорқытты.
Істің насырға шабатын түрі бар. Жігіттердің бәрі состиып қарап тұр. Дәл осы кезде елшіліктен Бағдат деген жігіт келе қалды.
– Ерте өтіп кетіпсіздер, бәрі дұрыс па? – деді ол аңтарылып тұрған бізді көріп. Біздер қиындап тұған жағдайды айттық. «Мен қазір бастығымен сөйлесейін» деп бір бөлмеге кіріп кетті. Не деп сөйлескенін білмеймін, жаңағы қара дауылдай қаптаған араб су сепкендей басылды да қалды. Бастығы болып жатқан айқай-шуды телеэкраннан көріп отырған екен. Еңгезердей, қастары қап-қара, қабақтары түйіліп, ата жауын көргендей шүйіліп айқайға басқан дүлей күш аяқ астынан мамыражай бола қалды. «Мүсілім, мүсілім!» деп қолдарын кеудесіне қойып, кешірім сұрағандай болды.
Сонымен, аман-есен кеденнен өттік. Аяқ-асты өзгерген жайды елші қызметкерінен сұрап едім:
– Бұл кісіні бұрыннан аздап танитынмын. Тарихтан хабары бар сауатты араб. Сіздерді «Қазақстаннан келген мұсылмандар, театр жарысынан бәйге алған жүлдегерлер, ең бастысы – сұлтан Бейбарыстың ұрпақтары» деп едім, орнынан атып тұрып: «Иншалла! Жолдары болсын!» деп қолын жайып, рұқсат берді, – деді.
Сөйтіп, жаның жәннатта болғыр Бейбарыс бабамыздың шарапаты тиді. «Жақсыдан шарапат» деген осы емес пе?
Шылдыр шүмекке салынбай қалған сақина
Сонымен, фестиваль біткенше бос уақытта Каир шаһарындағы музейлерді аралап, перғауындар жайлы көптеген қызық мағлұматтар естідік. Әртіс қауымының шет ел сапарына шыққанда күнкөрісіне беретін қаржысы шамалы. Сонда да болса жоқтан бар жасап, үйіне, бала-шағасына ескерткішке зат алу дәстүрін ұмытпай, базарға барады.
Мысыр елінде әйелдерге арналған әсем заттар: сырға, сақина, білезіктің неше түрі көздің жауын алады. Мойынға тағатын алқалардың әсемдігі тіпті ерекше. Осындай бір сәтте театрымыздың жас актрисасы, директорымыз Тұңғышбай Жаманқұловтың сүйікті жары – Дария сонша дүниенің бел ортасынан алтын сақинаны бармағына кигізіп көріп, жарқ-жұрқ еткізді. Қасында тұрған Тұңғышбайдың қабағы салбырап кетті. Қастарына келдім. Дария: «Кеше келіп, көріп кеткенбіз», деді маған қарап. Мен де тыныш тұрмай: «Тамаша екен» деп мақтадым да, жандарынан өтіп кеттім. Тұңғышбай менің айтқанымды жақтырмай, ала көзімен қарады.
Шамалы уақыттан кейін бөлмеме Тұңғышбай келіп:
– Көке, манағыңыз не? Отқа май құйып кеттіңіз ғой... Сақинаны айтам да. Өте қымбат... Өзіме де обал жоқ, аузым жеңіл... «Қалағаныңды әперем» деп мақтанып едім... Енді, міне, өзің айтқансың деп болар емес. Сіз де қосымша болдыңыз... – деді.
– Әй, директор мырза! Не боп қалды соншама тарылып? Театрдың білдей директорысың, көркемдік жағын да өзің басқарасың. Екі бірдей қызметтің жалақысы аз ба? Оның үстіне «Тамашаның» дүлдүлі емессің бе? – дедім.
– Көке, қайдағы... Ондай жалақыны Әзекеңе – Мәмбетовке төлеген, – деп шыр-пыр болды.
– Ұят екен, ер-азамат айтқан сөзінде тұруы керек, – дедім мен де үстемелеп, қалжың-шыны аралас.
– Көке, дегенмен сөйлесіңізші... Байқаймын, сізді тыңдайды, – деді де бөлмеден шығып кетті.
Дарияны іздесем, сақинаның маңайында жүр екен. Мені көрді де, сатушының қасына барып, сақинаны алып шылдыр шүмекке (саусақтың атауы) кигізді. Мен қасына келдім.
– Сәбит аға, мына сатушы құдай деген адам екен, арзанға беріп тұр, – деді.
Мен оның сөзіне мән бермегендей болып:
– Келін-ау, бұл алтын сақинаны өзіңе ме, әлде шешеңе аласың ба? – дедім.
– Жо-жоқ, өзіме аламын, – деді.
– Олай болса, мұның дұрыс емес. Сақина жақсы, сақинада мін жоқ. Бірақ, саған оның түкке де қажеті жоқ, – дедім.
– Неге? Не деп тұрсыз, аға? – деп шошып кетті.
– Айналайын-ау, сен жап-жассың әрі сұлусың, тал шыбықтай мың бұралған көркемсің. Сақинасыз да әсем көрінесің. Ақылға салып ойланшы. Сақинаны саусағына сары қарын тартып, әрі тоза, әрі тола бастаған бәйбішелер, ақсиған алтын тісін жарқыратып, кеңкілдеп күлетін апа-әжелер салады... Саған не керегі бар? Өмірің алда, аянбай еңбек етіп, тамаша образдар жасап, халқыңның сүйіктісі болсаң, содан асқан бақыт жоқ. Тірі болсаң, Құдай қаласа, көз тартатын дүниелер өзі-ақ келеді. «Алтын күміс – тас екен, арпа-бидай ас екен» дегенді білесің бе? – дедім.
– Солай ма?..
Ол аз-кем ойланып тұрып қалды. Сосын:
– Жарайды онда, әпер деп оны мазаламай-ақ қояйын, – деді.
Сонымен ол әңгіме тәмәм. Бірақ осы еңбегімді бағалап, қаржысы қалтасында қалған Тұңғышбай шіркін, рахмет те айтпады ғой.
Шет елден келген қандасқа саяжайынтегін берген
Шет елден көшіп келген бір қандасымыз баспана іздеп жүріп Дулат Исабековке кездеспей ме. Мұң-мұқтажын тыңдап, көп балалы отбасы екенін біліп, Алатаудың баурайындағы өз саяжайын уақытша тұруға береді. Ертеңіне қалай орналасқанын көруге баласы екеуі барса, шиеттей жеті баласы бар отбасы екен. Дулат ойланып қалады. Ондағысы үбірлі-шүбірлі отбасыдан ай сайынғы саяжай ақысын алудың өзі ыңғайсыз боп көрінеді. Түпкі мақсаты – шиеттей бала-шағасы бар отбасына саяжайын басы бүтін бергісі келеді. Жолда келе жатып «Өзің көрдің ғой, жағдайлары тым нашар екен» деп баласын көндіреді.
Үйдегі сүйікті жары Нұрғайшаға жағдайды айтқанда Қожанасырдың тірлігіндей екен деп күлген ғой. Дегенмен, үш күндігін ойламаған әйелден без дегендей, Нұрғайша: «Сол саяжайдың өзін алу оңайға түскен жоқ. Ақ тер-көк тер боп қиналып жүріп басына 4 бөлмелі үй салдық, еккен өрік, алма жемісін енді бере бастағанда... үш балаң өсіп, енді жетіліп келе жатқанда... бұл қандай мырзалық сонда», – деп бір тоқтады.
– Оның 7 баласы бар ғой, – дейді Дулат.
– Сонда жәй-әшейін, тегін береміз бе? – дейді Нұрғайша.
– Азын-аулақ жинаған-терген бірдеңесі бар шығар, бірақ, ол жыртыққа жамау болмас...
Сонымен не керек, зайыбы Нұрғайша күйеуінің шет елден көшіп келген шермендеге жанының қатты ашып тұрғанын сезіп, келісімін береді. Бұны Дулат отбасының парасаттылығы, адамдық қасиеттерінің биік деңгейі десек, артық мақтағандық болмас. «Қиындықты көп көрген адам, басқаның жағдайын тез түсінеді» деген осы шығар.
«Абайды ұрғаны несі?..
Қолың сынғырлар аямады ғой, тіпті...»
Алматыдағы өміріміз жалғаса берді. Бізден кейін Асанәлінің, сосын Райымбектің аналары келіп, бір тайпа ел болдық. Аналарымыз бір-бірімен танысып, араласып-қатынасып тұрды. Театрға бірге барып, спектакльдерді бірге көріп, өздерінше шат-шадыман болып жүрді.
Райымбек, Асанәлі және мен бірге жүріп, бірге тұрамыз. Бір-бірімізді бір сәт көрмей қалсақ, іздейтінбіз. Сондайда апам: «Ой, шіркіндердің татуы-ай, қатын алған соң көремін сендерді», дейтін еді. Үйленгеннен кейін әрқайсымыз өз басымызбен кеттік қой. Әрқайсымыздың өз тіршілігіміз болды. Анамның айтқаны тұп-тура келді.
Бір жолы «Ленин 1918 жылы» деген қойылымды көріп, үйге қайтып келе жатқанбыз. Жолдас жігіттердің бірі:
– Қалай, апа, Ленин көсемді көрдіңіз бе? – деп сұрады.
– Мен ол кісіні өте сабырлы екен десем, қолын шошаңдатып қалған тынышсыздау адам екен ғой, – дегені. Троллейбустың ішіндегі жұрттың бәрі күлді. Апама қарап «ақырын-ақырын» дегеніме қарамастан:
– Шынында да, Ленин деген керемет салмақты да саңлақ кісі екен ғой деп ойлап едім. Мына көргеніме көңілім толмай отыр, – деп ойын айтып салды. Лениннің рөлін Аңғарбай атанып кеткен Мүлік Сүртібаев сомдаған болатын. Ол «Шабандоз қыз» фильміндегі Аңғарбайды ойнағандықтан өзі де солай аталып кетіп еді. Сол актердің орынсыз шошаңдағаны, жеңілтектігі ұнамаса керек.
Апам тағы бірде Әзірбайжан Мәмбетовтің сахналауында «Абай» спектаклін көрді. Осы қойылымда Райымбек – Әбдірахманды, Асанәлі – Айдарды, мен – Мағауияны ойнадым. Қойылым біткесін «Қалай болды, апа?» деп сұраймыз ғой.
– Бәрі де дұрыс қой, бірақ, Абайды ұрғаны несі? Абайды ұрып-сабағанда жаным түршікті. Жүрегім қатты езілді. Қолың сынғырлар аямады ғой, тіпті. Басынан аққан қан бетін жауып кетті, – деді күйзеле сөйлеп.
«Ойбай, мына суық қол қайда барады...»
Бір шешеміз 86 жасқа келіп, қоштаспақшы болып ағайын-туыстарын шақыртыпты. Бригадир Қансейіт деген қайнысы да келеді. Үй толы адам. Жеңгесі аппақ болып, ұзынынан сұлап төсекте жатыр екен. Төрде мүлгіп молда отыр дейді. Қансейіт көкем:
– Айналайын жеңешем-ай, айналайын Шәрбанкүл-ай, істеген тамағың қандай еді, қымызың балдай еді. Енді бізді тастап қайда кетіп барасың? Сенің амандығыңды тілеп жүруші едік, шынымен бізді тастап кетіп барасың ба? – деп аяғынан ұстапты. Аяғы жып-жылы екен. Қасындағы молданың құлағына:
– «Аяғы әлі жылы ғой» деп сыбырлапты. Молда жақтырмаған пішінмен «тарт қолыңды» деген ишарат білдіріпті. Ойында ештеңе жоқ көкем «Жоқ, жоқ, жылы, шынымен жылы екен» деп қоймапты. Сөйтсе хал үстінде жатқан жеңгесі: «Ойбай, мына суық қол сумаңдап қайда барады?!» деген екен.
Мүйізі қарағайдай, маңғаз даәсем бұғы көрдім
Орал қаласының маңында Шаған деген өзен бар. Маңайы қалың орман. Орманның ішінде облыстық партия комитетінің резиденциясы орналасқан. Гастрольге барғанымызда сонда жаттық. Оның алдында Гурьев қаласында болғанбыз. Жергілікті халықтың көбісі қазақтар, қала да қазақиланып қалған екен. Күнде бізді кезекпен қонаққа шақырып, әбден күтіп, баптады. Оның үстіне менің қайын жұртым да осында.
Оралда ондай қошеметті ешкім көрсетпеді. Қала тұрғындары орыстанып кеткен. Қазақтар аз, орыс, татар, тағы да басқа ұлт өкілдері аралас-құралас тұрады екен. Мінез-құлықтары да еуропалықтарға ұқсайды. Күнде күтім көріп, қошемет көріп үйреніп қалған соң ба, Оралдағы алғашқы күндер сүреңсіздеу болып өтті. Әзірбайжан Мәдиұлы мені шақырып алып: «Әй, бұл жердің адамдары қайда?» – деп сұрайды. Олар бізді алып келіп тастады да, өздері кетіп қалды. «Буфет, ресторан, бәрі жұмыс істеп тұр. Асханасы да бар. Қажеттеріңізді сол жерден аласыздар», – деді бар айтқандары. Аз уақыттан кейін бұл жағдайға да үйрендік. Өз күнімізді өзіміз көре бастадық. Кейіннен таныстар, бірлі-жарым басшылар да келіп жағдайымызды біліп тұратын болды.
Таңертең ерте тұрып жүгіру менің әдетіме айналған. Сол әдетім бойынша, резиденция ауласында жүгіріп жүргенмін, кенет алдымнан – орманның ішінен, өзі үлкен, мүйізі қарағайдай бір аң шыға келді. Аңғарып қарасам, бұғы екен. Ой, жарықтық-ай, жүріс-тұрысы маңғаз, өзі керемет, аңның падишасы сияқты. Ол да маған қарап аңтарылып тұрып қалды. Не аспаннан түскендей, не жерден шыққандай әсер етті маған. Тұрған бойы бір құдірет. Екеуміз бір-бірімізге қараған бойы 4-5 минут тұрып қалдық. Бір кезде ол өзенге секіріп түсіп, арғы бетіне өтті де, шапқылаған бойы орманға кірді де кетті.
Бөлмеме келген соң, «Осындай, осындай, бұғы көрдім. Керемет» деп бәріне айттым. Олар менің сөзіме сене қоймады. «Бұл жерде қаңғып жүрген қандай бұғы. Сен басқа аңмен шатастырған шығарсың», – деді бәрі. Мен анық бұғы көргенімді, мүйізінің үлкен екенін, өзінің маңғаздығын айтып сендіргендей болдым. Жұмабай Медетбаев жаныма келіп: «Сәбит, сен жаман болмайсың. Бұғы деген киелі аң ғой. Оның үстіне жалғыз бұғының келіп көрінуі тегін емес. Сенің болашағыңда жақсы да жарқын істер көп болады» – деді.
Ертесіне Жұмабай, Сәбира апам, Әзірбайжан Мәмбетов, тағы да басқалар бәрі маған еріп, т