Президент • 14 Қыркүйек, 2021

Есіл ақша және Есеп комитеті

476 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Тоқаев соңғы екі Жолдау қатарынан бюджет мәселесіне айырықша тоқталды. 2020 жылы Мемлекет басшысы керек жобаға ғана қаржы бөлейік, ақшаны суша сапыратын заман келмеске кетті десе, биыл бюджет кірісін арттыру үшін жедел түрде шара қабылдау қажет деп тапсырма берді. Бұл – сөздері әртүрлі болғанымен, түпкі мазмұны бір мәселе. Бүтін елдің қаржылық тұрақтылығын меңзейтін проблема.

Есіл ақша және Есеп комитеті

Былтыр Президенттің ақшаны үнемдеп жұмсайық дегені біздің шенділердің құлағына дұрыс жетпеген сияқты. Биыл маусымда, яғни, Президенттің былтырғы Жолдауы жарияланғаннан кейін 10 ай өткенде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова органдар нәтиже үшін емес, бюджетті кез келген жолмен игеру үшін жарысып жатыр деп мәселенің турасына көшіп еді.

– Дағдарысқа қарсы шаралардың тек 14 пайызы ғана ұзақмерзімді экономикалық активтер мен нысандар құруға бағытталған. Өзгесінің бәрі – жөндеу жұмыстары, жасылдандыру және басқалар. Яғни тиімділігі қысқа мерзімге жететін шаралар. Үкімет болса өз есептерінде барлық жоба аяқталғаннан кейін қол жетуге тиіс болжамды – дәл қазір қол жеткізген жетістік ретінде сипаттайды. Алайда аяқсыз қалған жобалардың үлесі 8 пайызға дейін жетеді. Тиісінше, қаржы да толық игерілмеген. Министр­лік­тердің қалайша барлығын 100 па­йызға игеріп жатырмыз дейтіні түсініксіз, – деп шағынды Н.Годунова.

Есеп комитетінің бізге ұсынған дерегі бойынша әлеуметтік-экономи­калық міндеттерді шешуге бөлініп, тиімсіз пайдаланылған бюджет қара­жатының сомасы 2019 жылмен салыс­тырғанда 33,2 пайызға, яғни 569,4 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Президенттің одан кейін қойған тағы бір талабы – Есеп комитетінің құзыретін кеңейту мәселесі. «Мүд­делер қайшылығына жол бермеу үшін Есеп комитетін қар­жыландырудың өзгеше тәртібін белгілеу керек. Оны Үкімет жа­нындағы республикалық бюд­жет­тік комиссия арқылы емес, Парламенттің салалық комитеттері арқылы жүзеге асырған жөн» деген еді. Бұл мәселе шешімін тапты ма? Комитет бізге былай жауап береді: «Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттік аудиттің жоғары органы қызметінің тиім­ділігі, ең алдымен, оның тәуелсіздік деңгейімен алдын ала анықталады. Мұндай талап Дүниежүзілік банк қалыптастыратын (D+ біріктірілген бағалау), яғни еліміздің рейтингтеріне әсер ететін ISSAI (Лима декларациясы) халықаралық стандартында бекітілген. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберін­де 2020 жылғы 26 желтоқсанда есеп комитетінің үкіметтен қаржы жағынан тәуелсіздігін қамтамасыз ететін құқықтық тетіктер көзделген «Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес есеп комитетінің бюджеттік өтінімі оған қорытынды дайындап, өзгерістер енгізбей республикалық бюджет жобасына қосатын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық мемлекеттік органға жіберіледі. Есеп комитетінің жоспарланған бюджетінің негізділігі – Парламент депутаттарының жұмыс топтарының тиісті отырыстарында және жалпы отырыстарда қарау және талқылау нысанасы болады».

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында да бюджет тақырыбын айналып өтпеді. Президент «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін тағы бір жылға ұзартатынын, соған байланысты кемінде бір триллион теңге бөлінетінін мәлімдеді. Әрине, бөлінген ақшаның әділ үлестірілуі аса өзекті.

«Соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбеюде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес.  Бюд­жеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабыл­дау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезек­те, мемлекеттік шығыстардың ауқы­мын және оның тиімді жұмсалуын бақы­лауда ұстау керек» деді.

Қаржы министрлігінің дерегінше, мемлекеттік бюджет кірістері құрылы­мындағы Ұлттық қор трансферт­терінің үлесі 2018 жылы – 2,6 трлн, 2019 жылы – 3,1 трлн, 2020 жылы 4,8 трлн тең­гені құраған. Яғни қордағы ақшаны жұлмалауды жыл санап үдетіп келеміз. Былтыр мемлекеттік бюджеттен 16,72 трлн теңге жұмсалыпты. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 23,6 пайызға жоғары екен.

Есеп комитетінің мүшесі Рашит Ах­метовтің айтуынша, мембюджеттің дұрыс жұмсалмауының бір себебі – ескірген заңнамада. Сондықтан Президент айтқан мемлекеттік қар­жыны басқару тұжырымдамасын енгізу – бюджет саясатын басқаруға тиімді құрал болмақ.

– Есеп комитеті нысандарда мемле­кеттік аудит жүргізе келе бюджеттік және заңнамалық қайшылықтар­­дың жүйелік сипатқа ие екенін бай­қа­ды. Сондықтан бюджет қаржы­сы, мемлекеттік актив, мемлекеттік займдар және жалпы мем­лекеттік қаржымен жұмыс істеуде ор­тақ тәсіл болуы тиіс. Бұл ретте Прези­дент айтқан мемлекеттік қар­жы­ны бас­қару тұжырымдамасы – бюд­жет­тік сая­сатты, мемлекеттік және ква­зи­­мем­­лекеттік қарыздарды бір фор­матта басқаруға, сондай-ақ Ұлттық қор қара­жатын қалыптастыру мен пай­дала­нуға мүмкіндік береді. Бюджетті жоспарлау кезінде қанша қаржы бар екенін біліп, шығындалу мүмкіндігімізді ескере отырып алдымен кіріс бөлігін қалыптастыру керек. Содан соң ғана түбінде жабуы қиынға түсетін несиелерге ұрын­бас үшін шығыс бөлігін қалыптау қ­ажет. Сонда ғана мемлекеттік ақшаның және азаматтардың әл-ауқатының өсу тұрақ­тылығы артады, – дейді Рашит Ахметов. 

Айтпақшы, Президент Жолдауда мемлекеттік органдарға бюджеттік дербестік беру мәселесін де көтерген. Бұл орайда әрине, оларға дербестік беру қандай тиімділік алып келе­ді деген сұрақ тудырады. Керісін­ше, меморгандардың бюджеттік дербестік алуы түрлі қитұрқылық пен жемқорлықты өрістетіп жібермей ме? Президент айтқандай бұл «міндеттерді шұғыл шешуге және ұжымдық жауапсыздық пен әуре-сарсаңнан құтылуға» қаншалықты мүмкіндік береді?

Есеп комитетінің хабарлауынша, Президенттің мемлекеттік ор­гандарға бюджеттік дербестік беруді ұйымдастыруға қатысты бөлігін орындау Үкіметке бекітіліп беріліп қойған және олар қазір бюджет заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуде. «Біздің құзіретімізге кірмегендіктен мемлекеттік органдарға бюджеттік дербестік беру тиімділігін бағалауды жүргізген жоқпыз» деп жауап береді комитет.

Енді тез арада үкімет Ұлттық қор­­дың босап қалған бөлігін толтыруы тиіс. Пре­зи­дент тапсырмасы бо­йын­ша бұған қажет­ті заңнамалық өзге­ріс­тер осы жыл­дың соңына дейін қа­был­дануы қажет. 7 қыркүйек күнгі үкімет отырысында Ұлт­тық экономика министрі Әсет Ерғалиев бұл шаруаға кіріскендерін мәлімдеді.

– Бюджет қаржысын басымдық­­қа сай жұмсауды қамтамасыз ету үшін «блок­тық» бюджетті және жаңа бюд­­­жеттік қағидаларды, сон­дай-ақ бюд­­жеттік лимиттерді бөлу­дің объек­­тивті әдістемесін енгізу көз­деле­ді. Жан басына қарай қаржы­лан­дыру тетігін қолдану кеңейтіледі, – деді министр.

Оның айтуынша, микро және шағын бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем ен­гізілмек. Бұл осы төлемдерді есептеу мен төлеу тәртібін оңайлатуға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорына түсетін жалпы жүктемені 2023 жылдан бастап 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек.