«Қазақстанда жасалған» брендінің үлесі артады
Солтүстіктегі көрші нарығына қазақстандық тауар өндірушілерді шығару бойынша жұмысты Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы сауда өкілдігі және QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы жүзеге асырып келеді. Салалық министрліктің ақпаратына сәйкес, осы бағытта «Пятерочка», «Перекресток» және «Карусель» сынды брендтердің желілік дүкендерінің портфеліне ие Ресейдегі ірі азық-түлік бөлшек сауда компаниясы – X5 Retail Group-пен белсенді жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ бұл компанияның қарамағына «Vprok.ru Перекрёсток», 5Post және «Около» секілді цифрлы платформалар мен логистикалық қызметі жолға қойылған 45 үйлестіруші орталық кіреді. X5 Group-тың сауда желілері мен үйлестіру орталықтары Ресейдегі 7 федералды округтің аумағында орналасқан.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, елімізде отандық өндірушілерді сыртқы нарықтарға ілгерілетуге байланысты ауқымды жұмыс қолға алынды. Атап айтқанда, кәсіпорындарды шетелдік ірі сауда желілеріне, оның ішінде ресейлік нарыққа шығаруға да үлкен мән берілуде.
Х5 Retail Group федералды желісінің өкілдері Қазақстаннан өнімдерді жеткізуге қатысты ұзақмерзімді жұмысқа мүдделі екенін, сондай-ақ осы бағытта сараптамалық ақпарат пен тауарды тасымалдауға байланысты тәжірибемен алмасуға дайын екенін жеткізді. Бұған қоса қазақстандық өндірушілерге жеткізілім кестесін жеңілдету мақсатында елімізде сапаны бақылауға арналған қабылдау жүйесін реттеу ұсынылды.
Жауапты ведомствоның мәліметіне сүйенсек, қазір Ресейдің жетекші ритейлімен Green Land Alatau, Ecoinvest, Agro Impex, Eurasian EcoProduct, Ecoculture Fileds, «НАК», «Алма Трейд», «Фрут Трейд», Greenhouse Kazakhstan, Greenhouse Qaztomat және MCC Trade сынды жеміс пен көкөніс өндіретін компаниялар, сол секілді шырын жасайтын Dala Fruit, тоқыма өндірісін жолға қойған AZALA және ет өнімдерін шығаратын Kazmyaso компаниясы байланыс орнатып, өнімді жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. Тұтастай алғанда, келер жылы теріскейдегі көршілес ел нарығына тауар тасымалы 500 млн рубльден асады деп болжанып отыр.
Сонымен қатар бірқатар кездесу ұйымдастырылып, онда сауда желілері мен қазақстандық экспорттаушылардың көкейкесті мәселелері қаралды. Айталық, X5 Retail Group еліміздің Сауда министрлігі және Қазақстанның Ресейдегі Сауда өкілдігімен бірлесіп, жеміс пен көкөніс, тоқыма өнімдері, балалар тағамы, бакалея тауарлары (бірінші қажеттіліктегі құрғақ азық-түлік тауарлары, жартылай фабрикаттар мен консервілер, сондай-ақ кейбір негізгі шаруашылық тауарлары) және сусындардың экспортына байланысты жұмысты пысықтауға ниетті екендерін білдірді.
Нарықты зерттеуге құлықсыз
Бұдан бөлек, отандық тауарларды Ресейдің басқа да ірі сауда желілерінде, нақты айтқанда «Магнит», «Лента», «Дикси», «Ашан», «Монетка», «Мария РА», «Бахетле», «Светофор», сондай-ақ маркетплейстер арқылы ілгерілетуге қатысты жұмыстар жалғасып жатыр. Осы орайда тауар өндірушілерге арналған конференциялар, вебинарлар мен оқыту семинарларының маңызы зор екенін айта кеткен орынды. Неге десеңіз, Ресей нарығының өз ережелері бар. Сондықтан да Қазақстанның экспорттаушылары одан тыс қалмау үшін белгіленген тәртіпті ұстануы тиіс. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, кейбір экспорттаушылар бұл ережелерді (сауда желілеріне кіру шарттары, бәсекеге қабілетті баға және тағы да басқа мәселелерді) бизнесті жүргізудегі кедергі ретінде қабылдайды. Мәселен, Қазақстандық экспорттаушылар өз тауарлары үшін 100% көлемде алдын ала төлем алғысы келеді. Жеткізу қызметін ұсынбай өнімді қоймадан алып кетуге талап қояды. Одан қалды, бәсекелестері қандай тауар сатып жатқанын зерттемей, өнімнің нарықтық құнына талдау жүргізбейді деді жауапты ведомстводағылар. Өнімнің қаптамасы сатып алушылардың талаптарына сай келмейтін немесе мүлдем қаптамасыз жөнелтілетін жағдайлар да тіркеліпті. Сол секілді ресейлік тұтынушылар арасында танымалдылықты арттыратын жарнамалық акцияларға қатысуға құлықсыздық танытып жатады.
Жылдық сұранысты өтей алмайды
Бірақ ең басты проблема – Ресей нарығына кіруге мүмкіндік алған қазақстандық өндірушілер федералды сауда желілерінің жылдық сұранысын өтеуге қауқарсыз.
«Қазақстанның тауар өндірушілері табысты жұмыс істеу үшін маркетингті қолға алып, ресейлік сауда желілері қандай санатта жұмыс істейтінін анықтау қажет. Бұл дискаунтер, орташа деңгей немесе премиум деңгей болуы мүмкін. Өйткені ресейлік сауда желілері өз тұтынушыларының қажеттіліктеріне қарай сүйенеді. Сондай-ақ өнімді жұмыстың кепілі бәсекеге қабілетті баға қоя білуде жатыр немесе өз брендіңнің танымалдылығын арттырып, ресейлік тұтынушының сұранысына сай өнім шығаруды жолға қою керек», деді Қазақстанның Ресей федерациясындағы сауда өкілдігінің мамандары.
Отандық экспорттаушылардың кейбірі ресейлік контрагенттердің қызметін тексермейді. Ал мұның салдары қаражаттың жоғалуына әкеліп соғады. Осыған байланысты салалық министрлік еліміздің Ресейдегі сауда өкілдігімен бірлесіп, қазақстандық компаниялар үшін оқыту семинарларын өткізіп келеді.
«Әлбетте, федералды ритейлмен жұмыс істеудегі қатаң талап қызмет көрсету деңгейін, сондай-ақ тауардың жеткізілу уақыты мен сапасын тәртіпке келтіріп, бизнес-процестерді қайта құру қажеттілігіне әкеледі. Бірден бүкіл желіге кірудің қажеті жоқ. Тауар нарығының географиясын біртіндеп, алдымен шекаралас өңірлерден бастап кейін орталық филиалдарға ауысқан тиімді», деді Сауда өкілдігінің мамандары.
Сауда министрлігінің ақпаратына сәйкес Ресейде жұмыс істейтін ірі ритейлермен (Х5 Retail Group, «Магнит», «Лента», «Дикси», «Мария РА» және тағы басқаларымен) қазақстандық тауарларды бөлшек сауда желілеріне жеткізуге қатысты тұрақты негізде келіссөздер жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде, бүгінде көршілес елдің сауда сөрелерінде «Аралтұз», «Раймбек Боттлерс», «Дәулет бекет», «Баян Сұлу», «Ақорда капитал», «ДЕП», «Сұлтан», AgroFood Kazakhstan, Trade Apple және Ecoculture Fields секілді өндірушілердің өнімін көруге болады.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігі сыртқы экономикалық қызметтің қатысушыларына қаржылай емес қолдауды көрсететін мемлекеттік орган саналады. Оның ұлттық компаниялар мен қоғамдық ұйымдардан айырмашылығы, қойылған міндеттерді Ресейдің мемлекеттік органдарының, сондай-ақ ең ірі қоғамдық және бизнес қауымдастықтарының деңгейінде ақысыз негізде шешуге қауқарлы.