01 Мамыр, 2010

ОРТАҚ ИГІЛІКТЕРДІ САҚТАУ — БАРШАМЫЗДЫҢ МІНДЕТІМІЗ

574 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
1 Мамыр мерекесін біз мемле­кеттік мерекелер қатарында қалды­рып отырмыз, өйткені, ол халық­тың төл мерекесіне айналды. Ары-беріден соң бұл Наурыз мереке­сінің заңды жалғасы іспеттес. Қазақстан халқының бірлігі күнінің ерекше аталып өтуінің өзі қоғамы­мыздың нығайып, қалыптасып болғанын көрсетеді. Қазақстан халқының бірлігі күнін ерекше әспеттеу еліміз үшін не береді дегенге келсек, әзірге Қазақстан халқын қазақтілділер мен орыстілділер деп санамаса, ешкім ешкімді ұлтына және басқа да ерекшеліктеріне қарап бөліп жатқан жоқ. “Мен ешқайда кетпей, Қазақстанда қалдым, сондықтан маған ерекше көзқарас керек”, дейтін уақыт та әлдеқашан өтіп кеткен. Елден кеткендер кетіп, қалғандары қазақстандық болып қалып, қоғам орныға бастады. Көп ұлтты халықтың тарихы да бір. Біз көптеген қиындықтардан бірге өттік. Әсіресе, қазақ халқы­ның басынан өткерген қиындық­тары жетерлік, соның ішінде жоң­ғарлармен соғыс ауыр тигені бар­шамызға аян. Қайсар халық елін, жерін аман алып қалды. Тәуелсіздік алуымыздың өзі кезекті тарихи кезең. Кеңестік кезеңнен қалған экономиканы жаңа сатыға көтеру­дің өзі оңай болған жоқ... Негізгі мақсатымыз – дамыған экономикасы бар, тұрақтылығы мығым Қазақстан құру. Тұрақты­лықты сақтай отырып, ұрпағы­мызға, бала-шағамызға артымызда дамыған, өркендеген ел қалдыруы­мыз керек. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев этносара­лық қарым-қатынастарды ары қарай дамытуға ерекше маңыз бер­ді. Бұл – қажет үдеріс еді. Қазақ тілі мен мәдениетін өркендетумен қатар, өзге этностардың төл тілі мен мәдениетін назардан тыс қал­дыр­мау мәселесі де сол кездерде қолдау тапты. Осы мақсатпен 1995 жылы Қазақстан халықтарының (кейін халқы деп аталатын болды) Ассамблеясы құрылғаны белгілі. 2007 жылы Конституцияға енгізіл­ген өзгерістерге сәйкес, еліміз жоғарғы заң шығарушы органына Ассамблеядан әр түрлі этностардың ішінен сайлануға 9 орын берілді. Соның ішінде өзімнің де бар екенімді айта кетуім керек. Осы ретте қай этностан сайлан­ған депутат солардың мүддесін күйт­теп кетеді, деген де жаңсақ пікір­лер туындады. Бұл орайда Мемлекет басшысы Ассамблеядан сайланған депутаттар ешқандай ұлттың мүддесін қорғамайды, біртұтас халықтың қамын қарастыратын болады дегенді ашып айтты. Қазір Ассамблея жанынан сарапшылар кеңесі құрылып отыр. Жалпы, мұнда соңғы жылдары сарапшылар мен ғалымдар тартылып, оның жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Менің пайымымша, Ассамблея өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қоюы керек. Жастар өз елінің патриоттары болуы тиіс. Әрине, отансүйгіштік отбасылық тәрбие­ден басталуы керектігі айтпаса да түсінікті. Сол секілді туған жерге деген құрмет те мемлекеттік тілді білуден басталады. Оны білу талап тұрғысынан қолға алынғаны жөн. Ересек жаста қалай үйренеміз дегендер де бар. Бірақ мен оларға үнемі айтып жүремін, егер тілді үйрене алмасаң да дәстүр мен салтты құрметтеуге міндеттісің деп. Міне, өзара сыйластық осындай игі дәстүрлердің қалыптасуына өзіндік жол салады. Қазақ мәдение­ті мен тілі жалпымыздың діңгегіміз болса, соны білу арқылы біз өзіміз­дің де төл мәдениетіміз бен тілі­мізді тани бастаймыз. Елді, жерді сүю халқымыздың ортақ игілігін сақтай білу басты мақсатымыз болуға тиіс. Егор КАППЕЛЬ, ҚХА-дан сайланған Мәжіліс депутаты.