Коронавирус • 15 Қыркүйек, 2021

Жұқпалы дертпен күрес: Жетісудағы жағдай қалай?

121 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісуда жұқпалы індетпен күрес шаралары қарқынды жүріп жатыр. Алайда дерт жұқтырған науқастар саны да азаяр емес. Ал аймақ коронавирус инфекциясының таралуы жөнінен «қызыл аймақ» санатында тұр. Дерек бойынша індеттің жұғу қарқыны өткен айларда 0,9 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 0,6 пайызға дейін төмендеген.

Жұқпалы дертпен күрес: Жетісудағы  жағдай қалай?

– Өкінішке қарай, індетпен күрес шара­сы­ның қарқынды жүргізілуіне қара­мас­тан, науқастар саны төмендемей отыр. Ай­мақ­та­ғы ауруханаларға күн сайын 200-250 ша­ма­сында адам коронавирус инфекция­сын жұқ­тырып, түсуде. Мысалы, соңғы тәу­лік­те 218 жағдай анықталды, оның ішін­де 35 баланың індет жұқтырғаны мәлім болды. Ауырған адамдардың жас ерек­ше­­лігіне қарасақ, науқастардың 43 пайы­зы 50 және одан жоғары жастағы адамдар екені анықталып отыр. Ал 30-49 жас ара­лы­ғындағы науқастар үлесі 30 пайыз және 20-29 жас аралығындар 17 пайызды көрсетті. Сондай-ақ, жалпы ауырғандардың 10 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр, – деді Президент жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында өткен арнайы баспасөз мәслихатына қатысқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

Бүгінде облыс аумағындағы инфек­ция­лық стационарлар 40 пайыз шамасындағы жүктемемен жұмыс істеп тұр екен. Яғни 6 080 науқасқа арналған төсектік орында 2 404 адам ем қабылдауда. Оның ішінде, реанимация бөлімдерінде 72 науқас жатыр. Ал амбулаториялық емдеуде 5 371 пациент бар болса, оларға 391 мобильді бригада қыз­­мет көрсетуде. Жалпы, 1 қыркүйектен бері аталған мобильді топтар 18 мың адамға кө­мек берген. Сонымен қатар облыс бойын­ша 206 жедел жәрдем бригадасы үздіксіз жұ­мыс іс­теп жатыр.

Індет таралуының алдын алу бойын­ша атқарылған жұмыстардың ішінде тұр­ғын­дардың вакцина алуы мен қызмет көр­се­ту саласындағы нысандардың Ashyq бағ­дар­ла­ма­сы­мен қамтылуы туралы айтуға болады. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, облыста 8 747 кәсіпкерлік нысаны Ashyq бағ­дарламасы бойынша QR-код алған. Ал «Ashyq көшбасшысы» мәртебесі 102 кәсіп­кер­лік нысанына берілген көрінеді.

– Бағдарламаның қолданысқа енуі сақ­тық шарасын қамтамасыз етуге мүмкіндік бе­ріп отыр. Мәселен, 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында облыс бойынша «қызыл» мәртебесі бар 2 115 адам және «сары» мәртебесі бар 785 тұрғын тіркелді. Сон­дай-ақ, Ashyq бағдарламасы бойынша анық­талған «қызыл» мәртебесі бар тұлғаларға қа­тысты 3 млн теңге сомасына 79 айыппұл са­лынды. «Сары» мәртебесі бар азаматтарға қа­тысты үй карантині шарттарын сақтау қажет­тілігі туралы талаптармен 284 қаулы қа­был­данды, – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары.

Айтпақшы, Алматы облысының мектеп­те­ріндегі 56,9 мың мұғалімнің 50,1 мыңы коро­навирусқа қарсы екпе алған көрінеді. Ал 6,4 мың мұғалімнің вакцинаға қарсы көрсетілімдері бар екен.

– Жаңа оқу жылында облыстың 763 жал­пы білім беретін мектептерінде 442 420 оқушы білім алуды бастады. Бүгінгі күні штаттық режімде 376 809 оқушы оқиды. Аралас форматта 64 995 оқушы оқытылуда. Бізді балалар арасындағы індеттің таралуы алаң­датып отыр. Атап айтқанда, сабақ бас­тал­­ғалы бері 18 балабақша тәрбиеленуші мен 422 оқушының індет жұқтырғаны анық­тал­ды. Бүгінде 31 бала стационарда ем қа­был­­дауда, – дейді Б.Байжұманов.

Жалпы, жетісулықтарды індетке қарсы вакцинамен қамту жоспары 65 пайызға орындалған. Оның ішінде екпені 100 па­йыз салдырған аудандар да бар. Мысалға, Бал­қаш ауданы бойынша 107 пайыз, Ақсу ауданы бойынша 103 пайыз тұрғын екпе алған екен. Ал өңірде вакцинаның бірінші ком­понентімен 711 мың адам егілсе, екінші компонентін 594 мың тұрғын салдырған.

 

Алматы облысы