Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, жалпы пандемия басталғалы өңірде коронавируспен ауырған 30 мыңнан астам адам тіркелген. Соның 2 мың 920-сы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Соңғы кездері балауса жастағы балғындардың індет жұқтыруы көбейіп бара жатқанын Қостанай облысы бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Юрий Севостьянов та айтып отыр.
«Кеше ғана Қостанайдағы 40-тан астам сынып карантинге жабылды. Егер бұған дейін COVID-19 анықталған барлық науқастың ішінде 5-10 баладан тіркеліп отыратын, өкінішке қарай, қазір 20-25-ке жетті. Індет жұқтырған балалардың жалпы тәуліктік өсімі бұрын 5-10% болатын, қазір – 11-ден 15%-ға дейін. Бір сөзбен айтқанда, балалар жиі ауырады. Сондықтан ата-аналардан сұрайтынымыз, сәл ғана болса да ауру белгісі байқалған баланы мектепке жібермеу керек», деді Ю.Севостьянов.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаеваның айтуынша, Қостанайда сабақ басталған бір жарым аптаның ішінде 19 мектептегі 57 сынып карантинге жабылған. Оның ішінде, мәселен, №7 және 16 орта мектептер бар. COVID-19-бен ауырған оқушы анықталған жағдайда, сыныпты екі апта мерзімге қашықтан оқуға жібереді. Қалған сыныптар қалыпты оқудан қол үзбейді. Бүгінде 1 081 оқушының науқаспен байланыста болғаны белгілі болып отыр.
«Егер сыныптағы бала қауіпті вирус жұқтырып алса, онда эпидемиолог науқас оқушымен байланыста болғандарды анықтап, ол тізімді емханаға жіберуі тиіс. Емхана дәрігерлері бұл балаларды тегін ПТР-тестілеуден өткізеді. Мұндай жағдайда, сынып немесе балабақшадағы топ карантинге жіберіледі. Егер оқушының ата-анасы коронавируспен ауырса, онда карантинге баланың өзі ғана жіберіліп, оның сыныбы қалыпша оқи береді», деді бас санитардың орынбасары.
Сондай-ақ, тұмау тиген немесе тамағын қарлықтырып алған балалар да сабақтан босатылады. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, егер сыныптағы балалардың 20-30%-ы суық тигізіп алған жағдайда, сабақ тоқтатылуы тиіс. Мұндай балалар бір апта бойы дәрігер бақылауында болады.
Қостанай облысы