Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2021

Есіркеевті еске түсірген көрме

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағандылық қылқалам шебері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Райымқұл Есіркеевтің 100 жылдығына арналған көрме кеншілер қаласындағы облыстық бейнелеу өнері мұражайында ұйымдастырылды.

Есіркеевті еске түсірген көрме

Өзінің шығармашылығына еңбек адамына деген ізет пен құрметті арқау еткен суретшінің 50-ге жуық туындысы келушілер назарына ұсынылды. Оның ішінде 20 картинаны шебердің ұлы Мейрам әкесінің шеберханасынан әкелген екен.

Өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан бұл көр­менің қылқалам шеберінің шығар­машылығын лайықты түрде бағалауға жа­салған қадам екенін айтады.

– Суретшінің таланты өлген жоқ, ол әкесінен ұлдары мен немерелеріне беріліп, олардың шығармаларында өмір сүріп жатыр. Есіркеевтер отбасы – шығармашылық әулет, – дейді ол.

Суретшінің немересі Әмен Есіркеев іс-шара барысында атасы туралы қызғылықты естеліктер айтты.

– Атам негізінен портрет жанрында және реализм стилінде сурет салған. Әдет­те, ол натураға қарап отырып, бейнені қағаз бетіне түсіреді екен. Ол үшін кейіп­керлеріне ұқсас адамдарды іздеген. Мы­салы, Әлия Молдағұлованың портретін сал­ғанда, оған ұқсас қызды тауып, ағаштан қару жасаған, ал әжеме кейіпкеріне арнап киім тіккізген. Осылайша батыр қыздың образы жасалған, – деп сыр ақтарады ол.

Ал суретшінің ұлы Мейрам Есіркеевтің шеберханасында әкесінің 50-ге тарта туын­дысы сақталыпты. Олардың ішінде аяқ­талмаған картиналар мен эскиздер де бар екен. Еске салсақ, Райымқұл Есіркеев – пей­заж және портрет жанрында еңбек ет­кен суретші-кескіндемеші, Қазақстан Сурет­шілер одағының Қарағанды облыстық бөлімшесін құрушылардың бірі.

 

ҚАРАҒАНДЫ